19:10
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.ТОРАЙҒЫРОВ / ҚАМАР СҰЛУ

“Қамар сұлу” романының идеясы махаббат тарихы трагедиясынан ғана туындамайды. Жазушы әйелдер тағдырын адамдық правосын ескермеген қоғамдығы түрлі әлеуметтік күштердің осы проблемаға қарым-қатынасын да бейнелеп көрсетеді. Түйінді мәселелерді болашақ өркениет проблемаларымен көтереді. Романдағы салт-сана дегенді де шартты түрде ұққан жөн.

Роман қаһарманы – қалыңы төленген біреудің жесірі, болмаса жоқ-жітік кедейдің қызы емес, оқыған, текті атаның тұқымы. Әкесі Омар, Хасен – көзі ашық, оқыған, ойлы, дәулетті жандар. Роман басындағы Қамар портреті ретінде берілген өлең соңындағы қыстырма шумақта Омардың Қамарды бетін қақпай тәрбиелегені айтылса, теңіме бармаймын деген ой Қамардың басында мүлде жоқ. Ендеше, осы жарасты тірлікті астан-кестен қылатын қандай әрекет, оның өзегінде қандай мотив бар. Мотив – қадімгі қазақы күндестік. Балаларын оқытып жатқан Омар тірлігіне ағалары Оспан би мен Қалтан қажы, надан көпшілік қарсы. Қамарды бұлаңдатып өсіргеніне, ел мақтауына ілінгеніне қарсы. Оқыған баласы Ахмет арқасында “жаман Жәукенің” халық қатарына қосылғанына қарсы, Ахметтің өнерлігіне, сауаттылығына қарсы. Өздерін көзге ілмеген Қамардың Ахметті таңдағанына қарсы. Қолдарына әлдеқалай хат түскенде “өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып, шуылдасып қалатыны” сондықтан. Романда осы уақиғаға қатысы бар әр әлеуметтік топ өкілінің мүддесі көрінеді.

Қолы жетпеген замандастары Қамардың сорлағанына қуанса, себебі-күндестік. Оспан биге Нұрымның атақ, абырой, билігі керек, Қалтан қажыға орысшыл інісін тоқтау қажет, басқа атқамінерлерге Оспан мен Қалтан қажының, Жорға Нұрымның ықыласы, құрметі, дастарқаны, көпшілікке-тамақ, той кәделері, әңгіме т.б. қызық.

С.Торайғыров шығармашылығында астарлап сөйлеудің, символдық сипаты, семиотекикалық мазмұны бар образдың, типтердің орны өте мол. Мысалы, “Адасқан өмір”, “Кедей” т.б. шығармаларда қаламгер өмірдегі нақты уақиғаларды бейнелеуден, солар арқылы ой-дидактикаға барудан алыс. Ол шығармалардың көркем жүйесі астарында үлкен әлеуметтік проблемалар ғана емес, философиялық та мәні бар мәселелер көрінеді. Қаламгер нақты өмір уақиғаларына сүйенетін тәрізді образдар арқылы үлкен  жинақтауларға, реалистік шарттылықтарға барады. “Қамар сұлу” романында да, кейінгі шығармаларында да нақты әдіске айналатын осы бағыттағы бейнелеу байқалады.

Замана бағытын ұққан Омар мен оқыған ұлы Қасенде, Ахмсетте бұл әлеуметтік күштерге қарсы тұрарлық қайрат аз. Қазақ аулындағы дәстүрлі қарым-қатынастар мықты, жаңа күштер әлсіз. Роман соңындағы бақсыны өлтіріп, Жорға Нұрымды жаралаған Ахмет әрекеті шарасы қалмаған, не істерін білмеген адам тірлігі.

“Қамар сұлу” романының көркем мазмұнында бадырайып көрініп тұрған дидактика, тәрбиелік мән жоқ. Сюжетті пайдалану тәсілдерінде де ерекшелік мол. Суреттеуге, әңгімеге, суретті диалогтерге барып отырғанмен мақсат фабуланы жеткізуде. Уақиға мен уақытты да мейлінше тығыздай баяндайды. Суреттеуден гөрі уақиға желісін, оның себеп салдарын көрсету басым.

С.Торайғыров өз романдарының арқауы ретінде ақылды, сезімтал жандардың трагедиялық тағдырын алады. Оның бас қаһармандары тұлғалық деңгейге дейін даралана көрсетіледі. Ертеңін ойлаудан гөрі өткенді сақтауды тәуір көрген әлеуметтік топтардың бүр жара бастаған жаңалықтарымен қарым-қатынасы, қақтығысы, күрес жан-жақты суреттеледі. Мақсат мүдделері, ой, сезімдері көрсетіледі. Бірде жаңалықтарды жеңіп, жастарды трагедияға душар қылса, екіншісінде, өздерінің қаусаған сипаттарын сезеді, рухани жеңіліс табады.

Әлеуметтік тұрмыс пен қоғамдық өмірге, салт-санаға ене бастаған жаңалық, күрес идеяларын талдау – С.Торайғыров үшін басты мақсат. Оның ұлттық ерекшеліктері де осы күрес үстінде ашылады. Мысалы, сүймеген адамына ұзатылып, зар жылаған қыздың тойындағы сый-сияпат пен ет аңдыған адамдар  бейнесі – қаламгер шығармашылығында өзіндік бояуға ие. Олар үшін нақты жағдайда адам қайғысынан гөрі той сияпаты, қызығы қажеттірек. Жылау мен адам трагедиясы – олар  үшін  күнделікті уақиға. Оны көп көрген, тойған, көнеген. Солай болған, бола бекрмек деп ойлайды. Оны өзгерту керек-ау деп ойланып жатқан да олар жоқ, жолсыздық, заңсыздық-өмір заңы. С.Торайғыров осы пәлсапаға қарсы қадала жазады. Трагедияның содан екенін айтады, енжарлық пен көнбістіктің, надандықтың сұрықсыз сипатын бейнелейді.

Қыз бала малды, дәулетті шалға тиюге, байға баруға тиісті. Ол жылайды да көнеді. Ата-бабамыз сөйткен. Одан өзге жол жоқ. Көпшілік психологиясы, пікірі осы. “Қамар сұлу” романында ата баба жолына көнбей күреске көтерілген қыз характері, тағдыры бейнелейді. Қамар көптің бірі, надан, кедей қызы емес. Текті атаның бетінен қақпай өсірген ерке қызы, есті, әдепті қыз.  Ата-ана алдына шығып, елдің салтын бұзсам деген ойында да жоқ. Осы жолда сүйгені Ахметке де тоқтау айтады. Қосылуға мүмкіндік болмаса - әуре болу, сөзге қалу, түсу мүлде қажет емес дейді.

Алайда, тағдырына Жорға Нұрымның араласуы есті қыз жан дүниесіне, санасына төңкеріс әкеледі. Қамар өзінің  хұқының жоқтығын көреді. Салт-сана, әдеп туралы сенімі шайқалады. Ашынады,  қарсылық білдіреді, күреске  шығады.  Бұл күрес бірте-бірте ұлғайып, өз басынан асып қазақ қыздары проблемасын қозғайды. Қаламгер осы көркем мазмұнға әкелетін сюжет, фабула таңдайды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қайшылықтарын дөп басу, танып білу, тереңдей талдау, жан-жақты көркем бейнелеу оңай шаруа емес. Бұл тез өсіп, қанаттанып келе жатқан талантты тұлға С.Торайғыров үшін ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де жаңа  әдеби үлгі, икемді форманың қажеттігін көрсетеді. Қаламгер романдарына, әсіресе “Кім жазықтыда”, оның қаншалықты романдық  ойлау деңгейінде көтеріле алғаны айқын көрінеді.  Оның таланттылығы прозамен жазылған романнан кейін, өлеңмен жазылған романға тәуекел етуінде, күрделі жанрдың түрлі үлгілерін де байқап көруінде.

С.Торайғыров прозалық роман тәжірибесін белгілі деңгейде игере тұра,  екінші романында өлеңге баруының нақты бір себептерінің барлығы анық. Ол қаламгердің ақындық талантында ғана емес күрделі мазмұнды көлемді дастанға, поэмаға айналдыруда  көркем мазмұнда өрнектеуде қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрдің барлығын да ескеруде. Тез жазуды талап еткен төтенше шақта (бәйгеге арнап) дәстүрлі үлгіні пайдалануға ұмтылу таңданатын іс емес. Прозалық роман поэтикасының әбден кемелденбей тұрғанында өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі ғажап емес. Қоғамдық сана үшін де өлеңмен жазылған романның әдемі көрінуі мүмкін.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 140 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: