19:13 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
С.КӨБЕЕВ / ҚАЛЫҢ МАЛ Ел ішінде олардың жүгенсіздігі мен әділетсіздігіне, жастарды бақытсыздыққа ұшыратушы көне салтқа деген қарсылық пісіп, жетіліп келеді. Ал Қожаштың Тұрлығұлға теңдік бермей кетуі, осы әлеуметтік жағдайдың да жемісі. Бұған қосымша романдағы кейбір әлеуметтік жағдайды да есепке алу керек. Романның, әсіресе, 1913 жылғы нұсқасында Тұрлығұл елге-зорлық жасап, қаталдық көрсететін ызғарлы байдан гөрі, бәйбішесінің өліміне қатты қайғырған дәрменсіз шал. Сондықтан да Ғайшаға жаны ашып, көмектесуші жастар Әлкен, Бірке, Жүніс, Серғазылар оның әрекетсіздігін біліп, Қожашқа Ғайшаны Көкшетауға алып қаш деп кеңес береді. “Сонау Көкшетауға артынан іздеп кім барар дейсің. Еліңе бір жеткесін заңмен, болмаса қолмен бұл (Ғайша. –З.Б.) елінде қалады. Тұрлығұл болса шал, Итбай болса, мынау”. “Итбай болса мынау” дегеннің өзінен автордың оған деген ирониясы, юморы байқалады. Сонымен қатар, Қожаштың ағайындары да Тұрлығұлдан қорқып отырған жоқ. “Жарайды, талабың қайырлы болсын, мұнда аман-есен бір жетсең, Есіл елі біздің Қыр елінен зорлағанда ғана мал алады, болмаса олда жоқ қой”. Қарап отырсақ, Тұрлығұлдан ешкім де қорқып отырған жоқ. Атқамінер, ақсақалдар мен би-болыстардан да үрейленіп отырған кісі көрінбейді. Бұл сол дәуірдегі халық көңілі мен санасындағы өзгерістердің бірін көрсететін факті ғана. ХХ ғасыр басында қазақ жастарының, әсіресе, қыздарының бостандық үшін күресінің соншалықты күшеюі де ғасырлар бойы тырп еткізбей келген салт-сананың, би-болыс, ауылнай, атқамінерлер тобының билігінің бұрыңғыдай шексіз болмай солқылдауында, олардың қаулап көтеріліп келе жатқан ел наразылығынан үрейленуінде, жоғары-төмен жалтақтауында. “Қалың мал” романының қай басылымен алсақ та, Тұрлығұл жастарға қарсы тегеурінді қимыл көрсететін басты бейне емес. Кейінгі жөндеулерінде автор қосымша детальдар мен эпизодтар арқылы оны алдыңғы лекке шығармақ болса да, мақсатына жете алмаған. Кейінгі басылымдарда Тұрлығұлға қосылған мінездемеге қараңыз: “Тұрлығұл ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай елге зәбірлі, көршілеріне мазақ, қатты адам еді”. Ендеше осындай мінезді адамның жалшыларының еркін жүруін немен түсіндіруге болады. Көркем шындықтың өзі бірімен бірі байланысып, үндесіп жатқан бөлек әлем. Сондықтан да ондағы басты кейіпкерлердің кейбір әрекетін өзгерту, мысалы, күшейту арқылы оны жаңартуға болмайтыны белгілі. Ол үшін сол характер сомдалатын басқа да компонеттерге, әсіресе әлеуметтік мазмұнға қажетті түзеулер енгізу керек. С.Көбеев әлгіндей жаңа мінездеме жасаған Тұрлығұлдың әрекеттерін өзгертпей, сол алғашқы қалпында (1913 ж. романдағы) қалдырған. Роман басындағы шаруасын істейтін жалшылардың мал мен үйге қарауды біржола қойып “қонақ үйге су-су шұлғау, байпақтарын” жайып, байдың аса қадірлі аты, үлкен торыны (1913 ж. Рисак торы) мініп алып қақпан құрып, тышқан аулап, шілделікте жүруі қалай болар екен? Сол тәрізді, романда Тұрлығұл үнемі Әбіштен сұрайды. Ағайындарының оның малына қол сала бастауы қалай? Әлгіндей мінезді, әрекет адамына бұл тән емес. Тұрлығұл сонша қатал-әрекет адамы болса, күйеу баласы Шалқанға қамшы жегізіп, үйінен Ғайшаны алып кеткен Қожашқа қарсы қалай болғанда да бір әрекет жасар еді. Тіпті солай болғанда да Тұрлығұлдың кейінгі әрекеттері тым жеңілдеу, автордың мінездеуіне сай емес. С.Көбеев романының кейінгі басылымына енгізген осындай түзетулер көптеген уақиғаларға да көлеңке түсіріп тұр. Роман жазудағы негізгі мақсатының бірін автор былай баяндайды: “Романды жазудағы тағы да бір ең басты себеп болған нәрсе қазақ әйелінің қас жауы, қазақ әйелдерін теңсіздікте, қорлық зорлықта тұтып, малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес жүргізу мақсаты еді”. “Қалың мал” романының алғашқы нұсқасында да автор осы мақсатын айқын жүзеге асырған. Романда түрлі әлеуметтік топ психологиясы жақсы бейнеледі. Роман басында Байғазы мен Құрымбай билер өз пайдалары үшін Есмұраттың келінін саудалап жатса, 60-тағы Тұрлығұл мал беріп өзінің қызындай Ғайшаны алмақ болады. 60-тағы Тұрлығұл мен Ғайшаның арасындағы жас алшақтығы олар үшін мүлде үйреншікті нәрсе, сондықтан да оны ойлап отырған ешкім жоқ, оларды ойландыратын басқа нәрсе. “Сіз ұнатпай ма деп Итбайға ештеңе демей кеттік”, - дейді, Байғазы мен Қурымбай демек, Ғайшаны Тұрлығұл ұната ма, жоқ па? Мәселе сонда. Арадағы жас алшақтығын Тұрлығұл да ойлап отырған жоқ. “Маған бермесе де малға береді” – деп, Ғайшаны малға алатынын біліп отыр. Бұл Тұрлығұл маңындағылардың ойы дейік. Енді қыз әкесі Итбай мен Ғайша ауылына келейік. Әбіш келгеннен бастап Тұрлығұл жайын бірден сезген Итбайда ес қалмайды. “Қанша мал сұрасам екен? Әлде ақшалай алсам ба екен” – деп тыным таппаса, оның жақын ағайындары Амантай мен Жамантай, Қарақұлдардың пікірін қараңыз. “Бәрі бір дауыспен, жарайды, жат жұртыққа жаралған бала ғой, қайырлы болсын, беру керек, ол дағы бір орын ғой, әйел баланың орны табылған соң не керек, мал десе малы бар, бай десе бай”. 60-тағы Тұрлығұлдың Ғайшаны айттыруы олар үшін де адам таңданатын уақиға емес, қалыпты жай. Бірақ, бұл салтқа қарсылық та бар. Қыз шешесі Айсұлу Тұрлығұлдың атын естіген бойда-ақ ыршып түседі. “Мен он қырық жеті болса да баламды шалға беруге риза емеспін”. Бірке, Әлкен, Жүністер Ғайша тілегін тілейді. Оны құтқарсаңшы деп Қожашқа тілек білдіреді. Ғайшаның шілдеханада айтқан өлеңін естіп, қыздар жылап алса, Серғазы да ойға қалады. “...Рас, Ғайша он бесте, Тұрлығұл алпыста, әлде одан да артық па, бір аппақ шалға барып бишара қалай адам болады. Обал! Обал!... Ешкімге жазығы жоқ қор қызық секілді байғұстың обалына бекер кіріскен еекм, енді реті келсе құтылуына себепкер болсам”. Серғазының Қожан Ғайшаға уақиғасына араласып, оларға тілекші болуының негізгі сыры осы. Сол тәрізді Итбайды білетін көпшілік те Ғайшаның жайын естігесін “бүйтіп алған малы құрысын” – дейді. Кейінгі басылымдарда Әлкен, Бірке, Жүніс бастаған топ Қожаш – Ғайшаға оқиғасын тізесін батырған Тұрлығұлдан кек алатын кез ретін, өздерінің таптық мүдделеріне қатысты қарайды. Ал 13-ші жылғыда олар құрбыларын аяйды. Реті болса оған көмекке баруға даяр екенін айтады. Бірі – Ғайшаны Қомашқа алып қашсаңшы десе, екіншісі Ғайшаны құтқаратын адамға 50 теңге беруге даяр екенін білдіреді. Бірақ ел адамдары қаншама Ғайшаны аяса да, көңіл білдіруден аса алмайды. Әрекетке көшетін пәрменді қарсылық жоқ. Әлеуметтік шындық осы. С.Көбеевтің “Қалың мал” романының 1934 жылғы Екінші басылымда шығарма көркемдік жүйесіндегі әлеуметтік мазмұн өзгертіледі. Тұрлығұл момын байдан елді ықтырған ірі феодалға айналады. Сондықтан да оқырман роман мазмұндағы сәйкессіздікті бірден сезінеді. Көркем шығарманы келесі басылымда өңдеуде көркемдік жүйедегі әлеуметтік мазмұн әуендеріне абай болу керек. Қоғамдық қатынастарда пайда болған жаңалық, жаңа сана, әрекет, мінез-құлқы, түрлі әлеуметтік күштер көзқарасы, қарым-қатынасы тиісті деңгейге көркем мазмұнда көрініс табады. Бұл ескерілмеген немесе өзгертілген жағдайда роман көркем мазмұнындағы үндестік бұзылады. “Қалың мал” романындағы көркем шындық осыны көрсетіп отыр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |