13:02 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Т.ТІЛЕУХАНОВ / КЕЛЕШЕК КІРІСПЕСІ Романдағы негізгі желі Балбек бейнесінің айналасында өрбігенімен, автор әр кейіпкердің төңірегінде жеке-жеке проблемалар көтереді. Мысалы, Өмірбай мен Жолбосынның іс-қылықтары арқылы талант пен талғампаздықтың, іздену мен тоқыраушылықтың ара салмағын таразыға тартады. Осы мәселелердің салмағы мен ара жігі Жолбосын мен Марғаскиннің арасындағы айтыс кезінде ашыла түседі. Өмірбай сияқты нағыз ғалым өзінің бұған дейінгі жетістігін қанағат тұта алмайды. Адамзат тарихын қайта ақтарып, басқаша тәсілмен қайта жазбақ. Тарих болғанда, адамзат өмірінің бізге белгілі тарихы белгілері мен қоғамдық құрылысын емес, өткен дәуір адамдарының бүкіл тіршілігінің барша қыр-сырын философиялық тұрғыдан бүгінгі ұрпаққа мүлде жаңа тұрғыда таныстыруды мақсат етеді. Тарих пен әдебиетті ұштастыру арқылы ертедегі дәуір адамдарынан бастап, бүгінгі күнге шейінгілерінің әрі тарихи, әрі көркем жанды бейнесін жасап, олардың жақсы қасиеттері мен істерін қазіргі қоғам керегіне, игілігіне жаратуға талпынады. Өмірбай – шынайы ғалым, білім парасаты жоғары тұлға. Ол – жастық қызуын, романтикалық ұшқыр қиял жалынын бойында сақтаған адам. Ойы мен бойы толысқан, мақсаты үшін күреске белін бекем буған, тынымсыз әрекеттің, жалықпас ізденістің, жіті жігердің адамы. Басқа ғалымдарға тән құрғақ, бірбет мінез емес, жан дүниесі де бай, оның бойында жалпы гуманистік пен ішкі сезім дүниесі ұштасқандай. Автордың жағымды кейіпкердің өзгеше жаңа үлгісін көрсету мақсатын әлімхан мен Шаяхмет бейнелері жақсы танытады. олардың бірі – студент, екіншісі – жұмысшы. Шаяхмет – жұмысшы табының жаңа өкілі. Еңбектің өнімділігін арттыру, сапасын шыңдау жолына жаңа әдістер іздейді. Адамдарды өзінше жаңаша ұйымдастыруға ұмтылады. Оның еңбекке де, еңбек адамына да көзқарасы келешек талабына сай ғылымға негізделген, жаңаша қалыптасқан. Оқуды, білімді құжат алу немесе қызметте жоғарылау үшін деп ойлайтындарға оның әрекеті мүлде қарсы. Білім – келешек керегіне ұштасып, адам үшін қызмет етуі абзал. Оқу, өнер-білім – адамды рухани өсіріп жетілдіретін, ақылын өсіріп, мамандығын арттыратын өмір қажеті, тіршілік қамы. Балбек пен Қырмызының арасындағы бір-бірін үнсіз ұғысқан ішкі сезімдер әрі нәзіктігімен, әрі тазалығымен оқушы жүрегін ерекше баурайды. Бұлардың арасындағы жүрек тебіреністері, әрқайсысының өзінің жүрегімен арпалыстары, «көзбен көріп, ішпен білістері» өте нәзік, жазушы суреттеуінде бұлардың ара қатысы прозамен жазылған тамаша лирика деуге лайық. Романдағы танылатын тағы бір ерекшелік – өмірді жай ғана суреттеу, адам табиғатын танытып, шындықты көрсету автор үшін аз сияқты. Әрбір образбен, әр көрініспен ашық та, астарлап та біздің қоғамымызға тән жоғары моральдық мәселелерді орынды көтеріп, шығарманың тәрбиелік мәнін, образдар салмағын арттыра түседі. Бұл – қазіргі талаптарға сай көтерілген өте қажет бастама. Кезінде кеңес азаматтарына тән жаңа мораль белгілерін жинақтау, оны өмірге енгізу – күні жеткен ең қажет іс еді. Автордың портрет жасау, мінездеме беру тәсілінен де өзіндік ерекшелік байқалады. Жазушы кейіпкердің аты аталған бетте үйіп-төгіп оның портретін бірден таныстырмайды. Көбіне сол кейіпкерге тән белгілі бір ерекшелігін ғана бөліп алып, кейіпкердің іс-әрекет, мінез-құлқына орай орнымен ғана бірте-бірте суреттейді. Осыдан болса керек, шығарма сюжеті жинақы, артық-кем дерлік олпы-солпылық орын алмайды. Романдағы әрбір кейіпкер әрекеттері терең толғанысқа негізделеді. Олардың ой-бйоларына сай, мінез әрекеттеріне лайық сөздерімен де дараланады. Парасатты адамдардың терең ойлары шешен толғаныстар арқылы ашылған. Қорыта келгенде, «Келешек кіріспесі» романы – өзіндік бітімі, өзіндік пішіні бар, тақырыбы жағынан да, образдары жағынан да сонылықтың нышанын танытатын шығарма. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |