18:49 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Т.ТІЛЕУХАНОВ / КЕЛЕШЕК КІРІСПЕСІ Жазушы Төлек Тілеуханов «Келешек кіріспесі» атты романын қазіргі қазақ прозасында қалыптасқан әдеттегі үлгілерден өзгеше құрған. Мұнда автор жеке кейіпкерлердің күнделікті тұрмысы мен іс-әрекеттерін басынан-аяғына қарай қумалап, тәтптіштей суреттеуге бой алдырмайды. Романның негізгі сипаты болып танылатын – адам психологиясын талдауға бірден бойлай еніп, әр жастағы түрлі мамандық өкілдерінің жан-дүниесін ашуға ден қояды. Кезінде дамыған социалистік қоғамда адамдардың сезім-сырлары да, ой-толғамы да, әлемді барлауы да бұрынғы кездегіден басқаша қалып алды. Олардың арасындағы тартыстардың өзі өзгеріп, адамгершіл ар, асқақ ой, асыл азаматтық тұрғы, адал жан сезім-сырлары, биік моральдық ождан, т.б. осылар сияқты адам бойындағы саналық қасиеттердің тартысы күн тәртібіне батыл қойылып отырғанын жазушы жақсы аңғарған. «Келешек кіріспесі» романындағы жазушының суреттеу объектісі – негізінен интеллектуалдық қауым. Ойы өзекті, білімі терең, сезімтал адамдармен оқушыны жүздестіру арқылы олардың арман-тілектеріне, жан-күйлеріне ортақтастырады. Әр кейіпкердің өзіне жасаған психологиялық талдауы арқылы сол кейіпкерді ғана танытып қоймайды, оқушының да өзіне-өзі талдау жасауына, өзінің де, басқаның да болмыс-табиғатын танып-білуіне түрткі болады. Адам бойындағы ізгі қасиеттерді, патриоттық сезімді, қоғамшылдық пен азаматтық борышты алға тарта отырып, автор бүгінгі замандастарымыздың ішіндегі озық, жағымды кейіпкердің жиынты бейнесін жасауды мақсат еткен. Осындай жақсы қасиеттердің көрінісі бас кейіпкер Балбектің айналасынан ғана танылмайды, басқа да образдар арқылы тереңдей тиянақталып, жан-жақты суреттеледі. Мысалы, адалдық пен шынайылықты ту қылып ұстап, шындықтың жолы үшін өзінің бала кезден бірге өскен қимас досынан да ажырасқан Өмірбай ғалым; үлкенге де, кішіге де ықыласты көмегін ала жүгіретін, еліне тек еңбегімен ғана емес, үлгілі тұрмыс-тіршілігі, өнегелі ақылымен де, пайда-көмек келтірсем деп жан ұшырып жүрген, сөз бен іске бірдей ұста Рызықберді: өзгенің бойындағы жақсы қасиеттерді сүйсіне дәріптеп, жамандық қылығы үшін кімді болса да аямай сынайтын, өзіне де, басқаға да сын көзімен қарайтын Әлімхан; ғылым мен еңбекті қатар ұштастырған, әзіл-оспақтың өзін де адамға бір пайдасын тигізуге жұмсауға тырысатын Шаяхмет, адам бойында жақсылықтан өзге ештеңе болуға тиіс емес деп сенетін, ақылы мен нәзіктігі қабат үйлескен Қырмызы; өзгенің бақытты болуы үшін өз бақытынан бас тартуға даяр, сезімді ақылға жеңгізген Балауса; тағы осы сияқты образдар біріне-бірі жалғасып, тұтасуы арқылы бас кейіпкер Балбекті әр қырына аша, толықтыра түседі. Ол сан қилы өмір көріністеріне, әлемдік құбылыстарға, адамның сыр-сипаты, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ой көзімен қарап, сананың сарабына салады. Өмірдегі де, адамдардың да шындыққа алдымен өзін тану арқылы жетуге бой ұрған Балбек өзіне де, өзгеге де үнемі психологиялық талдау жасап жүреді. Адам бойындағы сөз бен істің, шын тұлғаң мен сырт жұртқа көрінер бейнеңнің арасындағы айырма-қайшылықтардың алғашқы белгілерін Балбек өзінің достары Рысбек пен мүсілімнің Балбекке белгілі кейпі мен сыртқа танылған тұлғалары екі басқа. Рысбектің «сөзі – періште, өзі –сайтан». Мүсілім де одан қалыспайды. Қара бастарының қамы, атақ шығарудың амалы үшін қандай әрекеттен де тайынбайтын Рысбек пен Мүсілімнің іс-қылықтарына Балбек талдау жасап қана қоймайды, күйзеле қиналады, бірақ көпке дейін тек ескертпеден, ой таласынан аса алмай жүреді. Тіпті солардың ауқымына түсіп кететін кездері де жоқ емес. осы орайда Балбектің бойында жастық албырттықтың, пендеге тән осалдық пен қобалжулардың бар бар екенін автор орынды көрсеткен. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |