19:35
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.БЕГАЛИН / ЗАМАНА БЕЛЕСТЕРІ

Бұл романның кей тұстарында ел өмірінің қиын жағдайы, бай, зиялы, саудагер өмірі кеңінен және нақты суреттелген. «...доңыз жұты бүкіл қазақ даласын ақсүйек еткен атақты жұт. Қайда барсаң жүген ұстап қалған, көгенін жинап алған, қосы жығылған ауыл. Жұт жеті ағайында дегендей, жұттан қалған қой-қозы ақсыз, төлін жарытпайды, ашаршылық. Малдан айрылған ауыл азаматтары пайда, кәсіп іздеуге Семей қаласына шұбыра бастады»,- дей келе, жұт артынан, шөп шүйгін болып, қалған ел аман-есен аузы аққа жеткенін нанымды баяндайды. Айналасына қамқорлықпен қарап, қайырымдылық көрсетіп жүрген Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалардың өмірі туралы романда көп мәліметтер берілген. Екеуі туралы деректер сенімді, табиғи характерлерді сомдауға әсер еткен. Сапарғали Бегалин алғаш Семейге келгенде осы Құлжановтардың үйіне түсіп, Нұрғали ағасының қолында жүріп оқығанын үлкен құрметпен еске алады: «Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жөніндегі үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерінің өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тіліңді құрметтей оқитын газет-журнал болды», - деп бірінші рет Семей қаласында Құлжановтардың қазақтың ұлттық ойынын ұйымдастырғаны туралы да әңгімелейді.

Сондай-ақ, жазушы Қоянды жәрмеңкесіне барғаны, Рахымбек әншінің сүйгені Ыраштың соққыға жығылып өлгенін естігенін, ел ішін қайғыға қалдырған бұл оқиғадан Мұхаметқалидың да құлағдар болғаны айтылады. Бұл романда теңсіздік зардабын шеккен Ыраш бейнесі елеулі орын алған деуге болады. Автор әйелдің теңсіздігі қайғыға оқиғаларға апарып жүргенін терең, және әлеуметтік қайшылық бұтағын тарата түсіндіруге талпынған. Сүйгеніне жете алмаған Рахымбектің де апатқа ұшырағаны әңгімеленеді.

Шығарманың алтыншы тарауында Сапарғали училище бітіріп, семинарияға жолдама алады, қалыңдығы Сәлимаға үйленед.

Атақты Қажымұқан Мұңайтпасов туралы тарауды да қызығып оқуға болады. Жазушы алғаш Қажымұқанды Семейде көреді. Оны былай суреттейді: «Нардай ерекше бітім, қалың қабақтан ойлана қарайтын қара көз, қалың ерін, жымырылған құлақ, барбиған балғын саусақтар бізге сондай бір тамаша көріністер». Балуанның өз аузынан Түркия мен Жапония еліндегі қажы атағанына ие болған палуан күрестері жайлы әңгімелетеді.

Романның барлық бөлімдерінде көбірек көрінген Нұрғали Құлжанов. Автор Нұрғалидың адамдық, азаматтық келбетін ашып көрсетеді. Ақтардың өшпенділігі күшейіп, бір түнде Нұрғали Құлжановты атып кеткендігі туралы өкінішпен жазады. Қазақ халқы үшін, бақыты үшін жан аямай қайрат-жігер жұмсаған Н.Құлжановтың қазақ тарихында қайраткер болғанын романшы нанымды жеткізе білген. Жазушы халық ортасынан шыққан, сол кезең жайлы мемуарлық үлкен шығарма жазуға құқылы екеніндігіне роман бойында дәлелдер көп. Ел өмірінде әртүрлі өзгеріс, сол кезеңдегі зиялы, кедей орташаның іс-әрекеті анық суреттелгенімен құнды. Осы қалың оқиғалар авторды бей-жай қалдырмай өсуіне, ғибрат алуына мол септігін тигізгенге ұқсайды. Өзінің ақтармен күреске қатысқанын былай баяндайды: «Соғыс бұрынғыдан да күшейді. Ақтар чехтардан мадиярлардан екпінді отрядтар құрып, шабуылды күшейтті. Біздің тәртібіміз нағыз әскери жағдайға көшті. Соғыссыз уақытымыз, өте аз. 1919 жылдың бас кезінде ақтарды ең мықты тобы Колчак басқарған Сібір өлкесіне ауысып, бізге үлкен-үлкен қысымдар туғызды», - дейді.

Бұл романның оныншы тарауында М.Әуезов туралы әңгіме қозғалады. Сол кездегі Мұхтар портретін жазушы көзімен былай суреттейді: «...кере қарыс, кең маңдайлы, ойлы үлкен көз, қараторы толықша жігітке назар тастап, сөз тосты. Ә, дегенде шешіле бастап кетпей, кібіртіктеп бастап, сөзін мәнерлі ырғақты үнмен ағытатын әдетін істеді». Романның әр тарауында кейіпкерлер өмірінің жаңа қадамдарын, бағдарын көреміз. Шын мәніндегі халық өмірінің шежіресі деуіміздің себебі, сол кездегі қазақ ауылындағы той, көкпар, қыз қуу, жерден теңге алу, ат үстіне тұрып ойын көрсету, жамбы ату ойындары кеңінен көрсетілген.

Романның алтыншы тарауында Әміре Қашаубаевты суреттеген тұстары тартымды әрі сенімді шыққан. Әміренің ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келгендегі сәттері Арқаның әсем бір кездерімен салыстырыла, сәнді бейнеленеді.

Әмірені ерекше сүйіспеншілікпен суреттеген автор: «Әміренің туған елі Дегелең болысына қараған Тарақты руы, оның ішінде «Атан», оның ішінде «Ала көз Шәку» деген атаның баласы екен. Әміренің әкесі Қашаубай Әміре туған кезде кедейлікпен сонау Қарқаралы маңында бір жекжатына барып, сонан Семей түсіпті. Әміре бұл сияқты өмірбаянын осы бір кездескен уақытта сұрап таныстым”,- дей келе, «Ағаш аяқ», «Екі жирен», «Қарға», т.б. Әндерін қызығып тыңдаған жұрттың ілтипатын, өзгеше өрнекпен жазады. Бұл тұстан әнші өмірінің кей кезеңдерімен елестер көз алдымызға елестейтіні сөзсіз.

Қорыта айтқанда, жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» романы санқилы өмір көрінісін, оқиға, деректерді қаз қалпында бере білген шығарма. 1910 жыл мен 1928 жылдар аралағындағы оқиғаларды беру арқылы қазақ халқының өмірі мен тағдыры, ескі және жаңа заманның қайшылықтары, автордың тебіреністері ашық берілгендігімен жазушының өмірге көзқарасы, толғамы, тұжырымы, іс-әрекеті арқылы ашылуы таныла отырып, «Замана белестері» салмақты стильде жазылған шығармалар сапына кіреді деуге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: