13:53 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Х.ОРАЛТАЙ / ЕЛІМАЙЛАП ӨТКЕН ӨМІР Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, қоғам қайраткері, журналист, қаламгер Хасан Оралтайдың “Елімайлап өткен өмір” шығармасын жанр жағынан алғанда, өмірбаяндық роман деуге болады. 1999 жылы Стамбул қаласында жарық көрген сегіз жүз бетке жуық туынды С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романдары сияқты автордың басынан кешкен өмір жолынан мол мағлұматтар береді. Мұндай романдар қазіргі әдебиетімізде де бар. Мысалы соңғы онжылдықта жарық көрген Б.Тілегеновтің “Тұйық өмірдің құпиясы”, Ә.Нұршайықовтың “Өткелдер”, Р.Тоқтаровтың “Бітеу жара”, Қ.Жұмаділовтің “Таңғажайып дүние”, М.Мағауиннің “Мен” романдарын айтуға болады. Шығарма он бір тараудан тұрады. Бұл тараулар белгілі бір уақыттық кеңістікке қарай, яғни хронология бойынша бөлінген. Бірінші тарауда жазушы өзінің ата-тегі, балалық шағы, қазақтардың Шығыс Түркістандағы өмірі туралы айтылады. Әсіресе, тарауда Қытайдың басқа ұлттарды қанау саясатына қарсы бағытталған көтерілістер жөнінде жан-жақты жазылған. Екінші, үшінші тараулар қазақтардың Шығыс Түркістаннан Үндістан, Пакистан, Ирак арқылы Түркияға көшуі туралы сөз болады. Сонымен бірге, шығарманың бұл бөлігінде аталған елдерде өмір сүріп жатқан қазақтардың тұрмысы, тағдыры, тарихы туралы да құнды мәліметтер көп. Автордың ат жалынын ұстап азамат болуы, саяси-қоғамдық істерге белсенді түрде араласа бастауы, Түркия үкіметінің көшіп барған қазақтарға жасаған жақсылықтары туралы қаламгер кең тоқталған. Сондай-ақ, автордың Германияға қоныс аударып, “Азаттық” радиосында жұмыс істеген жылдары туралы романның бесінші, алтыншы тарауларында айтылады. “Азаттық” радиосының шетелдердегі қазақтардың ұлттық бірлігіне қосқан үлесі, Кеңес Одағының ұлттарға қолданылып отырған теріс саясатын сынауы жөнінде автор соларға куә болған азамат ретінде жан-жақты тоқталған. “Жалпы батыстық елдер, американдықтар, тіпті, өзіміздің туысқан Түркияның, ондағы әлгі ұлтшылдар ғана емес, түрікшіл түріктердің өзі қазақты, Қазақстанды, оның тарихын, басынан өткен және сол бір кезеңде душарласып отырған ауыр жағдайын жете түсінбейтін” деп жазады да, автор ұлтты, Қазақстанды таныту жолындағы “Азаттық” радиосының мән-маңызына ерекше көңіл бөледі. Шығарманың бастапқы тарауларында елінен амалсыз жырақ кеткен қазақтардың мұқалмас жігері, қайтпас қайраты, ержүректігі мен отаншылдық сезімдері туралы қаламгер тебірене толғанады. Кітап көлемінің жартысынан астамы Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы сегіз-тоғыз жылдай уақытты қамтиды. Бұл тарауларда қазақтың белгілі азаматтарымен кездесуі, пікірлесуі, Қазақстанға келген сапарлары туралы кеңінен айтылады. Қаламгердің Шерхан Мұртазамен, Әнуар Әлімжановпен, Олжас Сүлейменовпен, Қабдеш Жұмаділовпен, Рымғали Нұрғалимен, Мұхтар Шахановпен, Сәбетқазы Ақатаймен тағы басқа да мәдениет, әдебиет, ғылым өкілдерімен кездесулері, онда көтерілген ұлтымыздың көкейкесті мәселелері туралы жан-жақты сөз етіледі. Осындай тұстардан Х.Оралтайдың саяси көзқарастары, ұлтжанды азаматтың бейнесі айқын аңғарылып жатады. Автор кей тұстарда кейбір танымал азаматтарға көңілі толмағандығын да жасырмайды. Мұнда ол адамның жеке мінезін немесе шығармашылық еңбектерін емес, ең алдымен басшылыққа сол азаматтың ұлт тағдырына деген қатынасын, туған халқына істеген қызметін алып отыратыны байқалады. Жекеленген тұлғаларға арналған “Есте қалған есімдер немесе жеке тұлғалар” аталатын кітаптың оныншы тарауында автор жиырмасыншы ғасырда түрік, қазақ руханиятына үлес қосқан бірнеше азаматтардың өмір жолдары мен қайраткерлік еңбектеріне баға береді. Шығарманың соңғы он бірінші бөлімі қосымша іспетті, себебі мұнда автор туралы баспасөз материалдары, құжаттар, фото суреттер жинақталып берілген. Жалпы алғанда, Хасан Оралтайдың “Елімайлап өткен өмір” атты аса көлемді еңбегі саясат құрбаны болып, өз отанынан кетуге мәжбүр болған мыңдаған адамдардың тағдырынан мол мәлімет беретін шығарма. Сонымен бірге бұл шығарманың бағалылығы – тәуелсіз Қазақстан, оның зиялылары сыртта өмір сүретін, Батыс демократиялық елдерінің тұрмысында тәрбиеленген азаматтың көзқарастары арқылы беріледі. Кітап нақты деректерге, автордың шыншыл пікірлеріне құрылған деуге толық болады. Мол материалды қамтып көрсететін кітапты мемуарлық романның жүгін көтерген дүние деп бағалаған орынды сияқты. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |