22:58
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.МҰҚАНОВ / БОТАГӨЗ

“Жұмбақ жалау” өмірге келген тұста Еуразия кеңістігі бойынша тарихи-әлеуметтік уақыт факторын айналып өту мүмкіндігі жоқ еді. Демек, біз “Ботагөзді” әлеуметтік роман дегенде, ондағы суреттеу нысаны, заманның түрлі адамдарға тән көзқарастар бағдарына шаққандағы объективті кейіп-кескіні, автор аңсары, кейіпкерлер болмысы мен тағдыры, сан алуан оқиға, құбылыстардың сыртқы және ішкі себептермен астарластығы, нақты мезгілдің абсолютті уақытқа, нақты мекендік межелердің ғарыштық өлшемге қарым-қатынасы іспетті мәселелерді ойға аламыз.

Бұл тұрғыда алдымен назар аударатын нәрсе – “Ботагөзде” 1917 жылғы Қазан төңкерісі негізгі идеялық концепт құрайтын орталық құбылыс екендігі. Оқиға 1912 жылдан басталады да, эпилог кеңестік дәуір орнаған кезеңнің елесін символикалық түрде қамти суреттейді.

Романда контрастылық ойлау жүйесі басым. Оқырман кез келген жаңа дерек, әрекет, сөз, қиял, шешім астарынан бұдан бұрынғы заман сұлбасын сезіп, іштей екі мезгіл, бөлек сипатты мінез, жағдай өзгешеліктерін салыстырумен болады. Мәтінді қабылдаудағы іліктестік (ассоциация) заңдылықтары аяққа шырмалып отырады. Өткен мен қазіргі сәттің, белгісіз, бірақ топшыланатын болашақтың көзге көрінбес байланыстары, біршама қарама-қайшылықтары шығармадағы драматизм құрылымын айқындайды. Ол, сөз жоқ, туындының оқуға тартымдылығын арттырады. Мұндай объективті сипат романдағы негізгі қаһармандардың бәрінің басынан байқалады. Әсіресе, Итбай, Амантай, Ботагөз, Темірбек, Кулаков бейнелері арқылы құбылыстың образдық моделі түзілген. Кузнецов революция үшін өмірін арнаса, Алексей Кулаков монархия жолында жан бермек. Екеуі ашық жүздеспейді. Бірақ көркем туындыдағы кереғар дүниетанымдық күрес басқа тұлғалардың арман-тілегі, әр алуан тағдырлары, ашық сөз эфирі, іс-қимыл нобайлары арқылы тұжырымдамалық шешіміне жетеді.

Мадияр, Сарыбас, Меделханов кейпіндегі алашордалық идея шығарманың мазмұн аясын өсіреді. Ушаков, Кошкин, Горбунов, харизматикалық әсері зор патша ағзам – екінші бір саяси-әлеуметтік жүйенің, яғни Ресей самодержавиесінің байырғы тұрақтылығына кепілдік берушілер. Лиза, Бүркітбай – мейлінше либералдық сипаттағы кейіпкерлер. Амантай адам мінез-құлқына саяси орта әсерін дәлелдейтін, амалсыздықтан, жалтақса да жаңа жағдайға ішкі түйсікпен ұмтылатын, алайда үлкен харакеттік, “биоэнергетикалық” мүмкіндігі мол жан. Асқар – о бастан ауытқымас сана жемісі, догма. Ботагөз – ұлттық намыс пен жалпыәлемдік зорлықтың тайталасында дүниеге келген соны шешім, революцияның жалынан ұстаған қазақ қызы. Әдеттегі қалыпқа сыймайтын ұғым болғандықтан, кентавр сияқты таңырқатар эмоциясы мол, сонымен де – жаңашыл бейне немесе нақты хронотоп, яғни мекеншақ аясындағы диалектикалық кернеу. Диалектикалық парадигма Итбай, Итбайдың әкесі – Байсақал мен Бүркітбай болмысына қатысты да аңғарылады. Өткені сол заманда төсек жаңғырту арманы барша қазақ байларына хас мінез болатын. Итбай соншалық кәрі емес және соншалық зұлымдыққа да бармайды. Өзі керемет ырымшыл. Ондай адам обал-сауапқа қарай алады. Оның үстіне қорқақ әрі аңғал. Ботагөз батылдығына тұсау болмайтын – осы жағдайлар. Ал Итбайдың әкесі Байсақал – баласы мен мұғалім, оқыған жігіт Асқар Досанов арасында татулық орнауын тілеумен болатын жуас қария. Үстем таптың жуандығынан гөрі көңіліндегі тілек, сөзге ілесу басым. Бүркітбай кедей болса да, әншейіндегі, ел арасындағы қызық-думанның ойсыз перісі. Оған ақ та, қызыл да бәрібір. Бұл да тарихи шындық болатын.

Дегенмен, қантөгістер жүзеге асады. Дүние қопарылып түседі. Адамдар жауығады, атысады, бірін-бірі аямайды. Төңкерістер заңдылығы сол. Бұл шартты ақиқат шығармада шынайы көрініс табады. Оның символдық нышаны – Темірбек өлімі, бауыры үшін Ботагөздің ескі әлемге өшпендігілі артуы. Қоғамдық ахуалдар стихиясы жеке тұлғалардың жан түкпіріндегі терең рухани, дәйекті мән-мағыналармен тамырласып жатыр.

Қазіргі заман “Ботагөз” романын да қайталай оқып, жаңаша пайымдауға бастайды. Осы тұрғыдан алғанда Петербургтегі алаш көсемі Базархан Меделхановтың насыбай атқандағы сөзді бұрмалап сөйлегені, өз түсінігін алға ашық жайғаны болмаса, ересен жаманаты суреттелмеген. Соған қарап Асқарды теріс бағалау қажет емес. Ол да – тарихи қажеттілік тудырған бейне. Өткені теңдік, бауырластық, адамгершілік ұрандары, ізгілікті жан иелерінің шынайы мүддесіне қайшы соқпайтын қазіргі демократиялық идеялардың көрінісі сол дәуірде аса зор саяси қақтығыстар түрінде өмір сүрді. Уақыт толғағы Ақпан, Қазақ төңкерістерін дүниеге әкелді. Жер беті шыр айналып қоя берді. Біздің ұлттық ой-санамыз пролетарлық интернационализмнің қалың орманына сіңісіп кетуге мәжбүр күй кешті. Күрес аренасындағы жеңімпаз күштер қатарына Ботагөз, Асқар, Амантайлардың қосылуы-заңдылық. Тарихты кері шегере алмайсыз. Күйінсеңіз де, қуансаңыз да, мейлі. Бәрібір сіз өз қандастарыңызды жабайы санаған Алексей Кулаковты қуаттай алмайсыз. Өйткені ол монархияны, орыс империясының шексіз үстемдігін көксейді. Ал Кузнецов, Булатов, Смирновтар, Досановтар заманының келешегі белгісіз. Алдымен олардың өзі мерт кетуі мүмкін.

Жазушы кейінгі сұрапылдарға бармайды. Романдағы уақыт та, суреткер уақыты да алға жүгіруге мүдделі болмаған.

Сәбит Мұқанов шығармасындағы әлеуметтік сарындардың авторлық тұғырнамасы осы ыңғайда еді. Замана өзгеруде. Керуен көшуде. Бірақ қазіргі күні қинала, ойлана бағамдайтын ауыр кезең туралы жазылған “Ботагөз” романы ескірген жоқ. Ғажап емес пе?

Біздіңше бұл құбылыстың сыры: біріншіден, қаламгердің өзі суреттеген уақыт мазмұнын жанының нұрымен адал пайымдауында, саяси дақпырт пен ойнақылыққа бой алдырмауында; екіншіден, жазушының тартыс таңдау, оқиға құру, сөз жүйесін игеру саласындағы табиғи талантында; сезім шырғалаңдарының жадағай схема емес, шынайы ұлттық дүниетаным биігінен, қазақ қауымына тән ұғым-түсінік, ой ырғағымен, зергердің қолындай шеберлікпен бейнелеуінде. Ал ұлттық менталитет тез өзгере қоятын оңғақ әшекей емес. Яғни, бұл суреткер Сәбит Мұқанов қаламының күшімен өмірдің айдынында ақжал толқындар салып жүзіп берген белгілі “Ботагөз” әлі де сол “Ботагөз” деген сөз.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 212 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: