19:40 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
С.МҰҚАНОВ / БОТАГӨЗ “Ботагөз” романы сахара өңіріндегі алапат саяси қозғалыс қарсаңындағы халық өмірін өрнектеумен басталып, жалпы республика көлемінде Кеңестер билігінің орнығу мерзімін баяндаумен аяқталады. Романовтар әулетінің үш жүз жылдық династиясын тойлау алдындағы 1912-1913 жылдар “Тұңғиықта” атты бөлімнің сюжеттік арқауын тартады. Шығармадағы кеңістік аумағы оқиға барысының Итбай ауылы, Бурабай қаласы, Омбы, Петербург төңірегінде, одан кейін алтын өндіретін жердегі поселок, Ержан, Байтөбет ауылдары, Қызылжар, Минск, Н. Қалаларының, Меңіреу атты ну орманның қосылуы нәтижесінде мол мекендік өлшемде өтуі мезгіл рухын эпикалық тыныс, психологиялық нанымдылықпен сомдауға жол ашқан. Романдағы көркемдік уақыт Асқар, Ботагөз, Амантай, Кузнецов, Бүркітбай, Итбай, Кулаков, Мадияр сынды діңгек кейіпкерлердің характер қырларын, дүниетанымдық ізденістерін әрекеттік аяда мейлінше сенімді ашып көрсетуге жағдай тудырады. Заман әсері адамдардың мінез-құлық, ынта-аңсарын толық билеп, қоғамның әлеуметтік, моральдық-этикалық келбетін кескіндейді. Негізгі фабуладан тыс элементтердің бірі – авторлық шегіністе Итбай болыстың мираскерлік тарихын: бабаларының патша айналасы, губернатормен жақын таныстығы, артық сый, пара арқылы біршама еркіндікке жету фактілерін келтіру үстем топ өкілінің мінездік этимологиясын дайындауға мүмкіндік жасаған. Кейбір уездік әкімдерден қорықпайтын, көршілес казак байлары арасында достары көп, ел билеушілеріне айбарлы Итбайдың уыздай және Ботагөзді екі әйелі үстіне алу ниеті сол уақыттағы қазақ тұрмысы, дәстүрі тұрғысынан, атқамінерлердің түсінігі бойынша ерсі қылық емес. “Ботагөз” – С.Мұқанов қана емес, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зор табысына кепіл. Шығармадағы символикалық мағынасы бар үш бөлім (“Тұңғиықта”, “Таң атарда”, “Күн күлімдегенде”) табиғи хронологияны сақтай отырып, даладағы зор өзгеріске дайындық пен әлеуметтік катаклизмнің ішкі себептерін көркем образдарға тән нанымды жағдайлар арқылы бейнелейді. Бүкіл әлемді толқытқан ғасыр оқиғасы сар селеу басқан қазақ жеріне де күтпеген жойқын жаңалықтар алып келеді. Оны әркім әр түрлі қарсы алады. Қуанғандар да, кейігендер де, қасірет кешіп, дағдарғандар да бар. Қыр халқы үшін, әрине, революция стихиялық құбылыс болатын. Романда замана айдынынан бір-ақ шыққан жандардың дауылмен бірге қозғалған жанкешті әрекеттері характер, дүниетаным табиғатын аша түсетін айшықты нәрімен бедер табады. Оған жазушының ойлау қуаты мен асау қиялы да, кестелі тілі де еркін жетеді. Біз қазақ қызы Ботагөздің от басындағы күйкі тіршілік құрсауында қалып қоймай, замана қыспағымен ашық күреске шығуы, жеке тағдырындағы қиын түйіндердің күрмеуін өзі шешіп, әлеуметтік өмірдегі биік белестерге көтерілуін рухани ерлік, ұлттық ділімізде бар табиғи қасиеттердің өзгеше жаңғыруы деп санаймыз. Көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары туындыдағы сюжеттік тартыс жүйелері көп салалы. Өзіне тән стильдік өрнекке әрқашан адал жазушы оқиға, әрекет ырғағын селкеу шығармай, тұтас арнамен дамытып отырған. Итбай болыс пен мұғалім Асқар Досанов, ұлт-азаттық көтерілісінің батыр көсеміне айналатын Амантай, урядник Кошкин, тілмаш Горбунов, социал-демократ Мадияр, алашорда басшысы Базархан Меделханов, қара шаруалар Балтабек, Кенжетай, Бүркітбай, революционерлер Кузнецов, Булатов, монархияшыл Алексей Кулаков сияқты әр түрлі мүдде, ынта, құштар көңіл мен саяси мақсаттар үшін сайысқа түсетін дара болмысы анық тұлғалар шығарманың образдар әлеміндегі сұлулық, романтика, натуралистік тілек көріністері іспетті сезімдер палитрасын терең қамтып, дәуірдің неғұрлым шынайы, толымды кескінін мүсіндейді. Роман қаһармандары уақытпен бірге өзгеру үстінде көрінеді. Пейзаж суреттері, психологиялық параллелизм, диалогтар нанымдылығы, метафоралық сөз өрнектері Сәбит Мұқанов талантының өрлеу барысындағы кесек сипатын танытады. Тегінде фольклор жанрларын классификациялау едәуір жүзеге асқанмен, әр қайсысы бір-бір мұхит сияқты роман әлемін алақанға жайғандай өлшеп-пішіп шығу – шарттылығы мол, адастырар жері жеткілікті міндет. Біз “Ботагөзді” әлеуметтік роман деп, онда көтерілетін басты оқиғалар мазмұны мен жазушы дүниетанымының негізгі айшығын ескеріп сөйлейміз. Әйтпесе бұл туындыда қазір қолданып жүрген терминологияның жанрға қатысты бірталай бөлігіне жауап беретін қасиеттер баршылық.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |