18:50 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
А.АЛАҚАНҰЛЫ / АСУЛАР Толқу, тебірену... айтқандайын осы бір ғажайып сөз, сөз емес-ау, сыр - әдебиет сыны байыбына бара алмай жүрген соншалықты салдарлы ұғым. Толқыту, яғни оқырман көңілін баурап, кейіпкерлер тағдырына ортақтас қылу, ынтықтырып кітаптан бас көтертпеу – қашан да қаламгердің қабілетіне, шығарманың ішкі қуатына тікелей қатысты, өкінішке қарай бүгінгі әдебиетімізде жыл құсындай сирек ұшырасатын құбылыс. Осыдан барып, әрбір кейіпкердің ой-сана, мінез-құлқындағы өзгешелік, дара мінездікті үстейтін жеке характер ашылмаған. Бәрінің ойлауы да, сөйлеуі де өте ұқсас. Әр кейіпкердің болмысын танытатын өзіндік сөзі болуы керектігі ескерілмеген. Тек сырттай үздігу, жалған қиналу мен өтірік ұялу сияқты жасанды психологиялық бет-бейне, оқырманға берер әсері солғын, жан-жүрегіңді тебірентпейтін әрсіз сезім шегі мен ой пернесінің үйлесімсіздігі ап-айқын көрініп-ақ тұрады. “Арысым”, “арыстаным”, “қызыл гүлім”, “аяулым”, “қол жетпес бақ құсым” деп үздігетін сезім иелерінің сөздері әрі жаттанды, әрі поэтикалық әсері солғын, жасанды. Жан дүниесі өзгеріске түскен қай кейіпкерді де алып қарасаңыз да түгелге дерлік жүректері лүпілдеп, дауыстары дірілдеп, екі беті нарттай жанып, сөз таба алмай күмілжіп қала береді. Іштегі ой-сезім шарпылысын былай қойғанның өзінде, сыртқы түйсік әсерлері дағдылы суреттеулер мен сөз қолданыстардан аса алмаған. Мысалы, жып-жылы ақ саусақтардан жаралы башпай арқылы тұла бойға тараған ыстық лептен сол сәт жігіт жалын шалып өткендей сезінген, ... алақаны Айкүмістің жып-жылы жұмсақ саусақтарының сыртына басыла кетті. Сол сәт Тасболаттың тұла бойы күйіп-жанып бара жатқандай сезінді т.б. Сезім иірімдеріне, сыр қалтарыстарына үңілудегі мұндай жетімсіздік Тасболат – Айкүміс, Тасболат – Тоты желісінде де көрінеді. Автор жағымды кейіпкерлерден гөрі жағымсыз кейіпкерлерге көбірек ден қойып, қол артқан. Елубай, Сақаба, Марқай бейнелерінің басқалардан сәл табиғилығы осыдан. Тасболат бейнесін сомдауда сыңаржақтылыққа ұрынбай, оның адамгершілік қасиеттерімен бірге пенделігін де ашып көрсеткен. Мәселен, басқа адаммен тұрмыс құрып кеткен Айкүміспен оңаша кездесуі осының айғағы. Ал, Айкүмістің Тасболатпен бірге қашуға келісіп қойып, ата-анасының ақ батасын аттап кете алмауы, тіпті кетуге бел буып орнынан тұрып, әрекеттенуі де айшықты суреттелген. Ал романдағы Жақып байдың тұлғасы – аса күрделі. Шығарма басында Жақып аса надан байлардың бірінен көрінеді. Оны автор Жақыптың Тасболатты болмашыға бола сабап, таяққа жығуы арқылы көрсеткен. Бірақ, Жақыптың бұдан былайғы әрекеттерінен мұндай жеңіл ашуға беріліп, ойланбай іс жасағанын байқамайсың. Жалпы, Баян-Өлгейлік қаламгерлердің көбі таптық сипаттағы бай адамның бейнесін – сыртқы пошымы, жайсыз қимыл-әрекеті, ұрдажық, малшы-құсшыны болмашыға бола сабап салуға дайын тұратын етіп бейнелейді. Әуелінде Тасболаттың жеке басында Айкүміске деген ыстық балаң сезім мен қыз әкесі Жақыпқа деген суық кекшілдіктен туындайтын драмалық тартыс бар еді. Жазушы оны да ширықтыра алмаған. Романдағы негізгі әлеуметтік топ – жаңаны қарсы алушы жастар мен күні өтіп бара жатқан байлар. Бұлардың арасындағы жаулық бірден ашық көзге түсе бермейді. Жақып байдың жымысқы саясаты, оның кейбір іс-әрекеті арқылы ғана белгілі болып отырады. Жазушы кейбір шолақ белсенділердің ұрдажық қылығы арқылы ғана жаңаның жауларының масайрауын орынды шенеп отырған. Бірақ, байлардың ішмерез қулығы іске аспай, үнемі жақсылық салтанат құрады. Жантасты мектептен қашып шыққан балалардың өлім аузынан құтқарылуы бір-бірімен қабыспайтын алшақ оқиға болғанымен, мұның астарында да нәзік байланыс бар. Ол - әкенің тәлімін көрген ұлдың, әкенің әрекетін қайталауы. Романның бір тарауы жүйелі түрдегі суретке көшірілсе, енді бір тарауы мүлдем жалаң баяндалады. Мәселен, Тасболаттың идеялық өсуі, жүріп өткен соқпағы тым үстірт баяндалса, Жантас бойындағы әрбір өзгерістер психологизмге құрылып, әлеуметтік көзқарастар ашылады. Шығармада дәстүрлі прозадан ауытқыған бір эпизод бар. Ол – шығарма құндылығын арттыра түспесе, көркемдігіне нұқсан келтірмейді. Айталық, көп шығармаларда байдың қызы мен кедей жігіті уәделесіп ақ бата, ақ некені бұзып, қашуға бел байлайды. Әрі көбінен бұл қадамдары іске асып, жаңа қоғам арашашы боп жататын болса, бұл жолы Айкүміс ақ батаны аттап, ақ некені бұзудан қорықты. Әсіресе, түнде тұруға әрекеттенгені, әрбір іс-қимылы дәлелді штрихтармен оның сезім иіріміндегі өзгерісті аша түседі. Романның құрылымдық көркемдік жүйесіне үңіле қараған зерттеуші оның бітіміндегі ерекшеліктер себебінің қазақ қоғамдық санасы дамуының өзіндік жолындағы өзге дара процесті көреді.
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫәзірлеген Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |