17:20
Ұлы Даланың рухани жауһары

А.АЛАҚАНҰЛЫ / АСУЛАР

 Ақын Алақанұлының “Асулар” романы қырқыншы жылдардағы саяси-әлеуметтік жағдайдың күрделілігін уақыт тынысындағы қат-қабат өмір шындықтары мен қилы-қилы тағдырлар тартысын өзек еткен шығарма. Автор үш тақырыптың басын біріктіре отырып арналы бір идеяға тоғыстыра алған. Осы орайда мазмұнды аша түскен идеялық шешімнің параллель алынғандығы ұтымды болған. Айталық, күні кешеге дейін Жақыптар жүріп келген сүрлеу бүгінгі Жантастар салған соны соқпақпен үйлесім тапқан. Романдағы оқиға желісі өмірлік шындық – 1940-49 жылдар арасындағы шындықты беруге өзіндік талпыныс жасаған. Сол уақытқа сай әлі де болса үзілмей келе жатқан таптық сипаттағы қарама-қарсы көзқарастар мен ұғымдар тайталасы олардың өмірлік көрінісі, жаңа заман рухындағы адамдардың өміршеңдігі, таптық позициясы солардың қиын да қызық тағдырлары аталмыш шығарманың композициялық құрылымы мен сюжеттік тартыс жүлгесін құрайды. Халық революциясы жеңгелі біраз жылдың жүзі болғанымен ел ішіндегі әлеуметтік қарым-қатынас бұрынғыдай жалғаса береді. Бірлестіктендіру шараларының әлі қолға алынбауы, ағартушылықтың іске аспауы бай мен кедей арасындағы қожайын мен жалшылықтың әлі де тамыры үзілмеуі осының айғағы.

1940 жылдың күзі ел өміріне елеулі өзгеріс ала келеді. Ол – Кеңестік Қазақстаннан келген мұғалім Еламанның бастауыш мектеп ашуы еді. Яғни ағартушылық саласына мойын бұрылып, жаппай сауат ашу процесі жүріле бастайды. Сонымен қатар бірлестіктендіру шаралары да осы жылдары қолға алынады. Міне, әлеуметтік қоғамдық тыныс елеулі өзгерістермен астасып, романның композициясын көріктендіре түседі. Еламан ел өміріне мәдениеттің шуағын шаша келеді. Роман шағын ауылдағы осы бір формациялық өзгерістердің бірсыдырғы көріністерін үзбей сабақтастырады. Оқиғаға бірден еніп, оны дамытып, шиеленістіре біледі. Кейіпкерлер арасындағы қатынас та нәзік байланыстар арқылы жымдасады.

“Асулар” романындағы көркемдік-идеялық ізденістің бір арнасы – тақырыпқа тереңдеу, оның философиялық астарларына үңілу. Тақырып терең ашылған сайын оның философиялық астары айқындала түседі. Шеберлікпен суреттелетін пейзаж, кейіпкер портреттері, түрлі мінездер психологиясы іс-әрекеттер суретімен аралас келіп отырады. Романның сюжеттік- композициялық құрылымын сөз еткенде автордың оқиғаны баяндаудағы дәстүрлі хроникалық тізбектеуге ұрына бермей кейіпкердің ой ағымындағы лирикалық шегіністерді пайдалана білгенін баса айтамыз. Әйтсе де әңгіме негізін алдымен шолып айтып артынан таратып жататын авторлық баяндаулар да жиі кездеседі. Негізгі тақырыптан және оқиғадан ауа жайылып екінші бір мәселеге кетушілік де кездеседі. Осының кесірінен шығарманың композициялық тұтастығы бұзылып, қосымша оқиға эпизодтардың қатары молайған.

Жазушы сыртқы болмысты баяндауға құштар да, ішкі мазмұнды көрсетуден қашқақтай береді. Кейіпкерлердің сыртқы динамикалық өсуі бар да ішкі жан-дүниесі көмескі көрсетілген. Олардың психологиялық жай-күйіне, қуаныш-ренішіне, қабағындағы кірбің мен жанарындағы жылылыққа, мінез өзгешелігіне тікелей ене алмайды да, сырттай баяндаумен тоқтайды. Кейіпкердің бір сәттік мінез-құлқын, психологиялық өзгерісін беруде авторлық баяндаумен қатар, кейіпкердің ой-ағымдарын пайдаланған ұтымды тұстары да бар.

Монолог біткенде “шіркін-ай”, “япыр-ай”, “ұят-ай”, “ойбу”, “ойбай-ай” тәрізді одағай сөздер мен қыстырма сөздердің өте көп қолданысынан болып, кейіпкер ойының біртектілік сипаты белең алған. Сонымен бірге, психологиялық мінез-құлықтың тайталас екі ұштылығы кейіпкер сайын кездеседі де көбінде бірыңғай сөйлемдермен, ой оралымдарымен беріліп отырады. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 313 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: