15:04 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
М.РАЗДАНҰЛЫ / АЛТАЙ АҚИЫҚТАРЫ Өміртай жасы ұлғайған сайын ой омбысына түсіп, қиял шылбырын шумақтай алмайтын әдетті тапқан. Ұзақ ғұмырында басынан кешкен ыстық-суықты безбенге салып сараптап, көп отыратын. Міне соның бір ұшқыны деп өзінің алғаш басқан қате қадамын айтып, жұртты елең еткізді. Аяқты шалыс бастыратын кердең жас кезі екен, қу кеңірдектің қамын күйттеп бір жегжаты бағызор Бықыш шешенді өкпелеткен, оған ара түспек боп Өміртай шоқ басқан. Бұл түймедей дау кейін келе түйедей болып ұшыққан, өртке жел тимесін деген кәрі Амбы екеуін оңаша шақыртқан. Биқажы барса Бықыш: “Ағаға бес жүз жылқы бітсе де бір тай мініп қыдырмадық. Әйе апаң жылына бес ту бие сойса да бір тал қабырға сыдырмадық” – деп отыр екен. Естіген жерден Өміртай да: “Е, Бықыш! Ағаға шағынып отыр екен десем, бір тайдың терін сұрап жалынып отыр екен ғой” – деп омыраулайды. Оған көзінің астымен сүзе қараған шешен: “Сен әкеліп берсең алмаймын дедім бе? Шақырып келсең бармаймын дедім бе” – деп аузын аштырмайды. Ішіне дық түсіп, сызданған беті Биқажы аттанады. Шарбақ өткелдің мұз өткеліне таяғанда арттарынан Бықыштың атшысы жеткен. “Неге келдің?” дегенде атшы: “Әлгінің аты тағасыз көрініп еді, оқыс болып жүрмесін, артынан баршы!” – деп Бықыш жібергенін айтады. Әй, албырт жастық-ай! Сол қормал атасын бір сүріндірмек боп Биқажы кейін шешесіне айтпай қимылға көшкен, даусырап отырған би-төрелер: “қазан аузы жоғары, түрт шайтан, түрт” – деп алақандарына түкіріп, жани түскен. Осы ылаң Ізбайырдың құлағына шалынған, алыстан ат өксітіп келіп, Өміртайды шақырып алып, арғы-бергіні індете айтып, білместігін бетіне қарып, бидайдай қуырады. Жерден үн шықсын, Өміртайдан үн шықсын. Ақыры Бықыштың алдына ертіп апарып, екеуінің тымағын бір-бірінің аяқтарына тастатып татуластырады. Алтай керейіне іслам дінінің жүйелі түрде тарала бастауы ХІХ ғасырдың бас шенінен басталса керек. Өміртайдың 14-15 жасында Алтайда алғаш мешіт, медресселер ашылған. Өміртайдың апасы Ханымай осы үмітті немересін Мұхамет Мұмин ашқан медресеге түсірген, оның қанына имандылықтың сәулесі сол кезден сіңіскен. “Әттең! Қара халыққа ақ-қараны танытатын өзінің мешіті, медресесі бар Өміртай қашан болар екемін” – дейтін бір арман содан бастап ішіне ұялаған. Сол көкейді тескен тілек араға аттай жылдарды салып енді орындалды. Мәми үлгісіндегі мешіт салынды, имамы жоқ, болашақ молласы Қамшыбай әлі оқып жатыр. Дегбірі таусылған Биқажы ел аралаған тегі белгісіз Мирак Бари деген тебінгідей сақалы бар, қызыл тұмсыз кісіні уақыттық имам етеді. Ол түбі шикі болып, тексіздік еткендіктен алланың ақ үйінен өздігінен безіп береді. Ауылдың сүбелі адамдары жиналып, түтін түтеткен жерін көрсе апиын, наша сынды есірткілер табылыпты. Бұларды орнымен өртеп, бұрынғы сары мешітті қайта қалпына келтіреді. Көп өтпей Қамшыбай имам, Әлімжан азаншы болып қатары молығып, айналасындағылардың алқауына бөленеді. Ісламдыққа біртіндеп бауыр басып келе жатқан даланың асау елін кезбе дүңгендер түбіміз бір мұсылман үмбетіміз деп қу тілдерімен майдалап, қойындарына кіре келе араға ірткі салып, арандатушылық тудырған. Ісламдыққа жат жауыз қылықтарды көрсетіп, онсызда бауыры бүтінделмей жырымдалып жүрген жұртты аш арландай талаған. Ма Бупаң, Ма Жұңиін сынды атамандарының қанды құрығы тимеген қазақ даласы кемде-кем болар, кәпірлерді қырамыз деп жүріп, бейкүнә халыққа бүйідей тиген. Ақыры асқанға тосқан болып, өздері де қолдан жер қауып тынды. Бұлардан сырт, іргедегі ақ пен қызылдың ит жығысыда жүдеген жұртты аз жәбірлеген жоқ. Олардың шаш бауын көтеріп, сойылын соққандар екі оттың ортасында күйіп, қайсысында баянды ақиқат бар екендігін байқай алмай, елдің есін шығарған. Сонау ит арқасы қиянға Қытай патшасының кезекті сайламына бармақ болып Закария бастап, Баймолла қостап бір шоғыр топ бетінен шаңы шығып, табанынан тозып ордаға барады. Қазақтар “жуаншақай” дейтін Иаң Зыңшіңның жетпеген өкіл даусын даланың серілері толтырып, хан тұғырына көтереді. Патша оларға шен беріп, шекпен жауып елдеріне ризашылықпен қайтарады. Бұйымтайларын сұрағанда Баймолла қазақ балаларын оқыту талабын қояды. Сонымен, өлкеде қазақ-моңғол балаларының мектебі ашылады, оның алғашқы түлектері болып Шәріпқандар оқыған, кейін оқуға қабылдау ісіне де араласқан. Биағаның немересі Махмұттың көзін ашқан оқу орны да осы болып, бара-бара керегесін кеңейтіп, қанатын алысқа сермеген. Оқушылардың саны да күн санап артқан. Желіп өткен дүние-ай! Ұялы бәйтеректей қалың елге қорған болып, не бір азулы жаулардың аузына түсірмей, айламен аман алып жүрген ақылы дәрия, қормал кәрия табиғаттың қатал заңына бой алдырып, қарттыққа мойын ұсынады. Билік тізгінін үмітімді ақтайды-ау деген арыстан жүрек азаматтарға береді. Өзі “тәркі дүние” болып, ақ шымылдықтың ішінде жатып, соңғы өміріне алаңсыз аттанбақ болады. Бірақ, тақымы қатаймаған атқа мінерлер сүбелі қалың дауға тістері батпай, милары атала болып, тұйыққа тірелгенде тағы кәрі бидің құзырына жүгінетін болған. Халық алды кең үйреншікті қамқоршысынан әлі қол үзбей келген, осы үрдіс жерден ақыл сұрап жатқан Биағаның соңғы демінің үзілеріне дейін жалғасады. Қарқарадай қарттың халы күн өткен сайын ауырлай береді, ауыл-аймағы да алыстап қона алмай, ұйысып отырған. Арқалы абыз дәм-тұзының таусылғанын сезіп, айналасындағыларға бақылдаса бастаған: “Аллаға разымын, халқыма разымын! Менің уақытым таяды. Ұйыған бірліктеріңді іртпеңдер... Азан даусын естіп жатайын, ескі мешітке таяу жерлеңдер. Басыма жүрген жолаушылар құран оқитындай етіп күнбез орнатыңдар. Ат шаптырып, ас бермеңдер...” деп өсиеттерін үзіп айтып, ақтық тынысын тоқтатқан. Осылайша, қазақтың бір жарық жұлдызы сөнеді, бір алып тауы құлайды, бір саялы бәйтерегі опырылып түседі. Сөйтіп, “Алтайдың ақиықтары” да атының ерін алып, белін суытады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |