13:02 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Б.ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ / АЛАТАУ Б.Қыдырбекұлының «Алатау» романының негізінде жатқан идеяны – гуманизм идеясы деп белгілеуге болады. Романның бірінші бетінен ең соңына дейін автордың толайым адамгершілік және адамға деген сүйіспеншілік деп түсіне білу керек. «Алатау» романын бүгінгі күннің деңгейінен қарап, коммунистік идея туын көтеруші деп айыптау жеңіл болар. Бірақ ол олай ма? Ел деп еңіреп туған, Отан үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қазақ жауға найзағайша атылған талай батырлардың, отты жылдардың көрігінде болаттай шыныққан достықтың, адамгершіліктің, адалдықтың нелер ғаламат үлгілерін баяндайтын бұл шығарманы тек қана коммунизмге бейімделген деу олқылық болар. Бұл романда нақтылы көрсетілген өмір атаулының қайшылықты, күрделі процесс екенін де айтып өту қажет. Бұл роман өмірдің үлкен шындығын өзінің халқына, кейінгі буын жас ұрпаққа баян ететіні сөзсіз. Шығарманың басты бір сипаты – болған оқиғаларға, деректерге негізделініп келетіндігі. Сол құжаттамалықты қаламгер көркем бейнелеумен шебер ұштастырып отырады. Романда отызыншы жылдардағы ұжымшарлану кезінде жіберілген асыра сілтеулер, соның салдарынан республикамызда жайлаған ашаршылық, одан жаңа есін жия бастаған, бір нәубеттен құтылған елдің басына түскен екінші зобалаң – 1937-1938 ж.ж. жаппай жазалау, қуғындау науқаны сияқты халықтық қасіретке айналған әрекеттер суреттелген. Ал бұл тақырыптардың коммунистік пиғылдармен сәйкес келмегендіктен жабық болғаны бәрімізге де мәлім. Сонда жарқын да жарық келген оптимистік идеяның бәрі коммунистік болып, мұңлы-қайғылы, пессимизмге толы жағдай ол жабық-жасырынды коммунизмге қайшы-қарсы келген идея екен. «Алатау» романында екеуі де бар. Сондықтан тұжырымдай келіп былай деу керек: коммунистік талпыныс та, оған қайшы келген қазақ ақиқаты да автордың көзқарасымен қарағанда бір-ақ идея, бір-ақ үлкен іс. Ол – гуманизм идеясы. Романда бұл идеяның шашбауын көтеруші деп басты кейіпкер Абақ Үйсінбаевты білеміз. Шығарма бір адам атынан баяндалғандықтан оқушы жалпы романның мазмұнын да, негізгі идеяны да, бәрін де Абаққа тәз көзқарас арқылы қабылдайды, Абақпен бірге қуаныш-шаттыққа бөленеді. Қазақ, негізінде, даласындай пейілі кең, көңілі шалқыған халық. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қақ бөлініп, таптық сезіну орын ала бастаған шақтың өзінде де қазақ жесірін қаңғыртпай, жетімдерін бауырына баса білген. Бұл ұлттық дәстүрлі гуманизм түрі. Тек қазаққа ғана тән гуманизм түрі. Абақ кішкентай күнінен жетім қалып, бай қозысын бағып тамақ асырады. «Сегіз жасар баланың қозы баққаны қандай адамгершілікке жатады?» деген сұрау тууы ықтимал. Абақ кедейшілікке батып жатса да өз үйінде тұрды, қозы бақса да тамағы тоқ болды. Оған себеп болған қазақ қоғамының ата-бабамыздан мұра болып келген гуманистік пиғылы. Кейін Абақ, жолаушы журналиске айтқан әңгімесінде, Жаубай байды қандай ұнатпаса да, оның дастарқанының мол болғанын, жан-жағындағы кедей-кепшіктерге бағуға беріп қойған малын еркін өз малындай пайдалануға мүмкіндік жасағанын жоққа шығара алмайды: «Бай үйінің асы-суы, айран-сүті бір қараша үйде, кедей-кепшіктің үйінде болатын. Оның қаншасын ішу, қаншасын жеу көбіне-ақ кедейдің өз қолында еді. Моральдік жағынан, киімнен жүдемесе кедей тамақтан тарықты деу көпе-көрінеу жала болады». Абақты балалық-бозбалалық кезінде қоршап жүрген көп адамның бірі – Сәлиман. Адамшершілігі мол, кеңпейілді сәлиман жалғыз Абаққа қана қамқаорлық жасаумен қоймайды. Өзін жетім, көңілін жетім санағандардың бәрі сол кісіден қолдау іздеген. Ал Сәлиман болса жеке басының бостандығын сақтап қана қалмай, алды-артындағы ел-жұрттың бәрін жеке тұлға ретінде түсіне сыйлай білген. «Аққатын» аталып кеткен бай тоқалын туғанында қойылған өз есімі Інжір деп атаған. Байға бесінші қатын болғысы келмей, әмеңгерліктен бас тартып, «Жаубай ауылының бар еркегін желкектей көрмей, жерге қаратып, жалғыз басты, салт атты, сабау қамшылы кедеймен» қашып кеткен Нұрия да Сәлиманның батасын алған. Ұлбай бәйбішенің құпия сырына ортақ болып, Ұлтуғанның тууына да себеп болған осы Сәлиман. Бірақ бұл кейіпкер романда жергілікті рөл атқарумен ғана шектелген. Шығарма көлемді келген. Сондықтан мұндай кейіпкерлер көп. Олар Ұлтарақ, Інжір, Талғар, бірқатар революционерлер бейнесі, Ольга. Олардың барлығы романның негізгі идеясының тұрақталып, дамуына атсалысып, өз үлесін қосқан. Ол үлес олардың білім-сауаты, қоғамдағы орнына байланысты, алдына қойған мақсатымен, ізгі ниетімен шектелген. Бірақ бәріне де ортақ қасиет ол адам баласына, жақындарына, жан-жағындағыларға сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарап, іс-тұрмысын, өмірін соған бағындырып бағыттау. Інжір мен Ольга үшін ең басты мақсат – ол үй-іші, отбасының аман болуы. Осы тұрғыда олар сүйген жарының нағыз сүйеніші болып, оқырманды әйел атауына тән нәзіктік, сенімдік, адалдығымен сүйсіндірмей қоймайды. Бұл – қолданбалы мағынасы бар гуманизм. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |