17:21 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Ә. НҰРШАЙЫҚОВ / АҚИҚАТ пен АҢЫЗ «Ақиқат пен аңызда» Бауыржан әр қырынан көрінген. Бүкіл дивизияны басқарып, жауға аттанған командирдің тапқырлығы мен алғырлығы үлкен шайқас, кескілескен ұрыстардың үстінде айқын көрінеді. «Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Біз алғашқыда кейін серпілген жігіттерді қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма бір арғымақтай офицер жетіп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті». Міне мұнда Қиыр Шығыс, Сибирьде жүргенде жаттығып үйренген соғыс өнері тікелей көмектескен. Сонау Суворов, Кутузов кездерінен бастап нелер сыннан өткен соғыс тәсілінің бір түрі осы тұста бір кәдеге асқан, бетпе-бет айқаста командирі өз күшін, өз өнерін танытқан. Генерал Панфиловты сүйе де, құрметтей де білетін Бауыржан оның қолбасшылығындағы әскери өнерді қадағалап, ұқыптылықпен өз тәжірибесінде пайдаланды. Бұл тұста жазушы Әзілхан Нұршайықов бас қаһарманның күрес тәсіліне, ұстаздық, қамқорлық, тапқырлығына көбірек сүйеніп майдан кезіндегі жауынгерлердің ерлік қимылына айрықша назар аударып, бүкіл халықтық күрестің сәулесін түсірген. «Алға! Қырандарым!» деп, тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағытылып жатты». Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командирі Момышұлының осы тәрізді кескілескен шайқаста жеңіске жетуінің негізгі тетігі әскери өнерге жетіп, нағыз ұстаз жетекші екендігі шығармада осылай дәлелденген. «Ерліктің негізі – сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды». «Ақиқат пен аңыздың» көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалық ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де, міне, осында. Командирінің Отан алдындағы міндетін бүкіл армия болып қабылдауында. Романда осы бір жай ашық бояуын тапқан да, тарихи тұлғаның мінезі Армияның қажымас ерлігін, қаһармандық күресін суреттеу үстінде айқындала, даралана түсіп, бас қаһарманның қатысуымен бүкіл майдан өмірін танытуға жазушы мол мүмкіндік алған. Романда және бір көзге түсетін жаңалық – күні кеше Шымкентте тентектікке бой ұрып жүрген өжет жас, сол қайсарлық, сол өткірлігімен қиындықтың барлығына да қарсы тұрып, әскери өнерді қызыға қалап, еркін меңгеріп алған. «Ақиқат пен аңыздың» және бір өзгешелігі – Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып идеология майданында жазушылық өнерімен танылуы. Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді суреттеп, Бауыржан Момышұлының мінезін айқын танытқан. Сонымен бұл романда Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік пен батылдық, алғырлық пен тапқырлық, жауға деген ыза-кек қат-қабат суреттеліп, патриотизм үлкен жеңістің рухани күшіне айналған. Отан соғысы кезінде небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген тарихи тұлғаның айқын көрінісін Бауыржан мінезінен тапқан. Соғыс эпизодтарын, майдан өмірін жалпылама шолудан бойын аулақ салған жазушы мінезді ашу үстінде деректі материалдарға көбірек жүгінеді де, сол арқылы Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық, ерлік күресті әр алуан жақтарынан ашып, шығарманың халықтық сипатын көтерген. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |