22:54
Ұлы Даланың дара тұлғалары

ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ

Өтепбайдың аса келісті тартқан күйінің бірі «Бозайғыр» аңызы. Ескі заманда елді қытай әскері шауып тірі адам қалмағанда, Бозайғыр жалғыз өзі өлейін деп жатқан ердің қасында тұрып, азынап тұра алмайды. Құлағына тау ішінде тығылып жатқан елдің жылқысының үні естіледі. Жерді тарпып-тарпып жігітті үстінде отыруға шақырады. Жігіт есін жиып, жануардың үстіне отырғанда Бозайғыр жөңкіле алыстағы құз тауға тартады. Жігіт оның бір нәрсе біліп келе жатқанын сезіп еркіне жібереді. Құз таудың ішіне кіргенде бозайғыр кісінеп, көзі жаудырап, бір жақсылық бар екенін біледі. Кейде арқырап кісінеп қояды. Өз жерінің шөбін, суын көргенде жаны сүйіп шұрқырап отырады. Бірақ тыныққан жігіт түсіп, 17 жануарды шалдырып алайын десе де айғыр елегізіп ілгері тарта береді. Алыстағы ауылдың жылқысының дыбысын естіп, тұрғысы келмейді. Елге таянғанда Бозайғыр кісінеп жібереді. Ол кісінегенде тау ішінде жатқан көп жылқы тегіс кісінеп, шұрқырайды, олардың шұрқыраған дауысы бүкіл тау ішін жаңғыртады. Тығылып жатқан елдің көбі жас әйел, бала, қарттар екен. Олар кейін көбейіп тағы да ұлы елге айналады. Өзінің тақырыбы бойынша «Бозайғыр» күйі «Ергене-көң» аңызына өте ұқсас. Ергене-көң – Алтайдың бір биік басы. Қытай әскері келіп түркі тайпаларын шапқанда, I-V ғасырда осы Ергене-көң баурайына тығылып, осы арада өсіп-өріп көбейеді. Тарих бойынша, онда тығылған елдер: Ергенекті – найман, қият, қоңырат, қыпшақ, оғыздар. Күй осылардың басынан кешірген дәуірлерін суреттейді.

Баянаула сал-серілерінен ескі дәстүр ойынша жас кезін қызық түрде өткізгендер: Бәйтен сал мен Марғұлан сал. Олар кейбір киімін түйенің құрғақ құмалағының алтын суына бояп, соны ішкі камзол етіп киген. Олардың көп барған жері қаракесек шаншар елі, жақсы қызды да осы арадан тауып, соған үйленеді. Мәкеңнің бәйбішесі Айман – Тәттімбеттің туысқандарының қызы, жарқын сыпайы ашық жүзді адам еді. Немерелеріне көп үлгі берді, әдемі аңыздарды жүйрік тілмен айтып отыратын. Бәйтен мен Мәкеңнің жас кезінде көп барған жері: Әулиеата, Ташкент, Түркістан. Онда тек жібек іздеп баратын, әдемі нәрселерді сол жақтан әкеліп жүрген. Мәкеңнің шығарған күйлері «Бұхар-екем» - Бұхар жырауға арнап домбырамен тартатын күй. «Ала ту» күйі – бабасы Олжабай ерді еске түсіріп, сол кісінің туына арнап шығарған. Бұларды немересі жас домбырашы Маусым тартып отыратын. Сары ала тудың ұзындығы бір жарым метрдей, ені 80 см, біздің үйде әбдіреде тығулы жататын. Тек босанғанда қиналған әйелдерге шетінен үзіп-үзіп кесіп беріп жүрді. Ол тумен бірге Қалдан-Сереннің Олжекеңе сыйға тартқан үш жарлығы бар еді. Оның әрбірінің ұзындығы бір жарым метрдей болатын. Бала күнінде ол оларды көп айналдырып, оқуын шығара алмай әуре болатын. Жарлықтың сол жақ бұрышында қызыл бояумен түсірген құба қалмақ хандарының мөрі бар еді. Ол Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) оқып жүргенде (1930 жылы) шешесі қайтыс болып, туды да, жарлықты да сол кісінің қабіріне салған.

Мәкең мен Бәйтен екеуімен қатар серілікті жақсы өткізген кісі – Сұр Омар. Олар Сұр Омардың толқынды әнші екенін ерекше сүйіп, дос болып өткен.

Баянауланың ілгеріде болған сал-серілікті бергі кезде мұра қылып әкелгендер Жаяу Мұса, Сәлмен, Ашубайдың Әбжаны, Жарылғапберді. Олардың мұрагері «Ағашаяқ» мұстафа, Қали Байжанов, Сапарбек, Байбөрінің Сейсенбайы, тағы басқалары. Қали әнді Жарылғапберді мен Жаяу Мұсадан үйренген. Олардың ауылы Қалиға өте жақын тұратын. Ол Қоянды жәрмеңкесінде әр жыл сайын қаракесек әншілерінің сұлу әндерін көп естіді. Абайдың әншісі алмағамбет әншіні тыңдап, одан «Ағашаяқ», «Екі жирен» әндерін естіді. Ақмола жәрмеңкесінде Атбасардың (Терісаққанның) атақты әншісі Сатмағамбет шығарған «Әупілдек», «Еділбай» әндерін естіп білді. Сондықтан Сарыарқада айтылатын уөп әндерді Қалидан артық білетін кісі аз еді. Өзінің шығарған әндері «Ардақ», «Тама» бірақ бұларды бұрынырақ айтқан Жарылғапберді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: