23:38
Ұлы Даланың дара тұлғалары

ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ

Арқаның сері-салдарының келіп жеткен дәурені ХІХ ғасырдың соңы, одан кейін олар мүлде жойыла бастады. Бұл тегінде тұрмыс пен байланысты іс болу керек. ХІХ ғасырдың соңынан былай қарай салдар ел аузында аңызға айналып, тек олардың айтып кеткен әндері, күйлері, жырлары сақталып келді. Сал-серіні ұмытпаған көбінесе қазақтың жас әйелдері. Әдемі киініп жүрген жас жігітті олар «сал», «сері» деп атады. Сол айтқан кезден бастап сал бейнесі бүтіндей төмендеді. ХХ ғасырдың басында олар тым өрескел түрге көшті. «Салмын» деп өзін-өзі атап жүрген кісілердің бойында бұрынғы салдықтың көркем түрі болмады. Ол бір құбыжық ойынға, өрескел іске айналады. «Салмын» деушілер жаман ер-тоқымын теріс ерттеп, киімін теріс киіп, азып кетті. Ондай «салдар» қатарында айтылатын кісілер Тоқырауыннан шыққан Нұралының сүлеймені, Кеңесбайдың Оспанбайы. «Сал» боламыз деп бұлар барлық малын босқа қырып, пішенін құлатып, ойына келгенін істеді. Ел ортасында бейуаз, бетімен кеткен кісінің бірі «Сарыауыз» (Қарқаралы даласынан). Ел ішінде бүлік салып, ауыздықсыз кете бастаған соң, ел ішіндегі ақылды адамдар оған тыю салып тоқтататын. Сері мен салдың көп тараған жері – Көкшетау төңірегі. Олардың бұл өлкеде көп екенін бірінші рет айтып жазған түрік елдерінің тілін жүйрік білетін ғалым – Услар деген кісі. 1840 жылы Усларды Кенесары көтерілісін бақылауға жіберген. Бірақ ол қазақ тұрмысын зерттеуге айрықша көңіл бөледі.

Оның бақылауынша, қазақтардың сөйлеу мәнері әзірбайжандардың сөйлеу мәнерімен бірдей, айырмасы – тек дыбысты өзгертіп сөйлеуінде. Алғаш Көкшетау қаласына келгенде ол көп жаңалықты көреді. Қаланың іші толып жүрген қазақ. Солардың ішінде өзгеше киінген көп қазақ сал-серілерін көреді. Кигендері – ылғи жібектен тігілген қырмыз не жасыл кең шапан, басында шошақ бөрік, аяғына кигені көксауыр шоңқайма етік. Көкшетауда ол кезде көп жүретін сал-серілер Нияз, Шәрке, Сегіз сері, кейінірек Қанқожа Уәлиханов, Біржан сал, Тулақ, Ақан сері, Сейіткерей, Қозыке, ең соңында Үкілі Ыбырай шығады. Бұлардың ішінен халыққа аса атақты болғаны – Сегіз Сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі ыбырай. ...Баянаулада көркейіп шыққан салдардың ең ұлысы – Өтебай сал (XVIII-XIX ғ.ғ.), өзі күйші, өзі ақын, Бәйтен сал, Марғұлан сал, қаржас-жаулыбай тобынан Өтебай – асқан әнші, ақын, оның баласы Әубәкір, сері Сұр Омар (Жаулыбай) ғажайып әнші. Әбжан Атубайұлы, сері Мұса мырзаның әншісі. Атақты әнші, әрі сері Жарылғапберді және Атубайдың Әбжаны мұсаға еріп Сырымбетке талай рет барған. Кейін Мұсаның баласы Сәкен Шыңғыстың қызы Нұриланы алуға барғанда қасына күйеу жігіт етіп, асқан әнші Жарылғапбердіні ерте барады. Екі әншінің екеуі де Көкшетаудың атақты сал-серілермен кездеседі.

Абжанға көп әсер еткен – Сегіз сері, Біржан сал, жас жігіт Ақан сері. Бұл екеуі Баянауланың әндерін Көкшетауға апарып таратып, оның ғажайып әндерін Баянаула мен Қарқаралыға әкеліп таратады. Оған Жарылғапбердінің бірнеше әндерін мысалға келтіруге болады:

Жігіттер шек келтірме құдіретке,

Тілеймін медет бер деп барша үмбетке,

Бауырында Көкшетаудың екі қызға

Ән бастым осылай деп топайкөкке.

Баянауладағы ең атақты күйші, өзі сері Өтепбай сал, руы – қақсал. Ол күй тартқанда жұрт кейде көздерінен жастарын сорғалатып, сүйсініп тыңдайтын (Мәшһүр Жүсіп). Оның тақырыбындағы күйлер «Саймақтың сары өзені» (Қытайға қарсы соғыс), «Боз айғыр» (Соғыс туралы ескі күй), «Ақсақ құлан Жошы хан» жайлы (ескі аңыз), «Боз інген», «Суға кетті ер Қотан» - тарихи заманда жасаған атақты күйші, ақын, серілікті ең алғаш таратқан жарқын кісінің бірі Қотан сері туралы «Қазан күйі» (соғыс суреті, ескі күй), «Алшағырдың ащы күйі» - атақты ер Алшағырдың ескі күйі, «Тәттімбеттің сылқылдағы», тағы басқалар. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: