16:58
Ұлы Даланың дара тұлғалары

ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ

Жайық бойындағы халыққа мәлім серінің бірі Сейтек Оразалиев (1861-1933). Ол Бөкей Ордасында Сірәжін ауылында туып-өскен. Орта бойлы, қоңыр өңді, шашы көмірдей қара, көзі оттай жанған қаракөз, кең маңдайлы. Оның мұрагері асқан күйші Исмағыл Көшебаев, Фазыл Сұлтанов. Оның күйлерін бергі кезге дейін ойнап жеткізген – оның досы Науша Бөкейханов. Сейтек күйді бір ғана хан базарына барып жүріп үйренді. Көбінесе Астархан түбіндегі түркімен күйшілерінен тыңдап жүрді. Қорқыттың күй сарынын айыру үшін Сейтектің бұл күйлері бір тарихи қазына.

Бөкей Ордасында Байқұмар деген бір кісі болған. Оның домбырашы, күй тартқыш Айша деген қызы болған. Сейтек осы қызды көбірек жақтайды. Бірақ, Байқұмар өте менменшіл Сейтекті менсінгісі келмейді.

Сейтек Айшаға арнап күй шығарады, атын «Бұлбұл Айша» дейді. Күйдің үні құстардың ән салуы сияқты көңілге өте тиімді, қоңырланып тұрады. «Бес қыз» атты әдемі толқынды күйді, көп қыздарға арнап шығарған.

Сейтек революция ісіне қатысып, көп жыл Сахалинда отырып, 1905 жылы еліне келеді. Сахалинде отырып сүйген қызы Забираға арнап хат жазып, күй шығарады. «Заман» деген күйінде айдауда жүріп елін сағыну, мұңын айту, сүйген жарын еске түсіру, үмітсіздік уайым сезіледі. «Айдау» күйінің (1904) мазмұны бостандық қашан келеді деп үміттену. Революциядан кейін шығарған «еркіндік» күйінде халықтың еркіндік алғанына қатты қуанады.

Атақты күйші Сейтек 1923 жылы Мәскеудің ауылшаруашылық көрмесінде болып, әр алуан күйлер тартты.

Маңғыстаудағы адайлардың аяулы күйшісі абыл Тарақұлы (1750-1822). Ол мықты балуан, атқыш мерген, атқұмар, аңшы. Барлығы серілерде болатын қасиет. Күйді ол ескі дәуірде жасаған Қошқар деген күйшіден үйренген, түрікменнің күйлерін көп тыңдаған. Оғыз-қыпшақ заманындағы данышпан Қорқыт сияқты ескі күйлерді жүйрік білген. Абылдың күйлері «Ақ желең» басқа күйшілерде де кездеседі. «Нар ату» күйі болмаса, «Түйені атып түсіру» Сырым Датовтың көтерілісін мадақтауға арналған. «Ақсақ құлан – Жошы хан» халық аңызын шалқытуға арналған тарихи күй. Оны соңғы рет А.В.Затаевичке мөлтілдетіп тартып берген белгісі домбырашы – Әнуар Медетов. Абылдың күйлерін бергі кезеңге дейін әдемі сақтап келген домбырашы Лұқпан Мұхитов (1884-1957). Абылдан кейін Маңғыстауда талай атақты күйшілер болды, солардың ішінен Лекер, Жоламан, Есір, Өритан, Өскенбай, ең ардақты күйші, әсіресе, Өскенбай Қалмамбетұлы (1860-1925). Ол Жетібай қыстағында дүниеге келген. Әкесі Қалмамбет өнерімен жұрттан асқан аса қадірлі кісі болған. Өскенбай – құсбегі, мерген, атқұмар, зергер. Серілерде болатын әдет. Күйді Дәулетәлі деген қарт күйшіден тыңдап, үйренуге соған барып жүреді. Шығарған күйлері Ақан серінің «Құлагері» сияқты аяулы атына арналған күйі «Жирен жорға», «Ақ желең» сияқты атақты күйлер.

Ұлы жүз елінде «сал» болып жүргендер, көп болмаған. Халық айтатын аңыздарда жиі кездесетін есімдері Дәурен, Байсерке, Қожабек, Сатқынбай, Сүйінбай, Тезек сияқты ақындар серіге жақын.

Дәурен Құдабайұлы – айтулы сал болған кісі. Салдық құрып жүріп, жас күнінде шапырашты елінің сұлу қызына бәйек болып, оны алады. Бірақ, дүниеден ерте кетеді. Сөйтіп алған келіншегі қайтыс болса да, жас жігіт Дәурен сал одан кейін әйел алмауды өзіне ант етіп қояды. Бұл махаббат жолын қуған салдардың бір өзгеше қасиеті еді. Дәурен сал Іле өзенінен өткенде оның алып жүрген жібегінің ұзындығы сонша – оның бір ұшы судың арғы қабағында шұбатылып жатады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: