23:35
Ұлы Даланың дара тұлғалары

ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ

Қорқыт дәуірінде Сыр бойындағы қалаларды мекендеген тайпалар: оғыз, қыпшақ, қаңлы, қарлұқтар қобыз күйін киелі үн деп, Қорқыттың қобызына бас иетін болған. Бұл аңыз соңғы дәуірге дейін келіп жетті. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт күмбезінің жанынан өткенде одан Қорқыт қобызының «Қорқыт-Қорқыт» деген дауысы естіліп тұрады. Биікте ұшқан құстың сайрауы, тау басынан ұлыған бөрінің дауысы, үйдегі қойдың маңырауы, өрістегі жылқының кісінеуі естіледі. Демек, қобыз күйінің сарынына зор елес берген жаратылыс үні: үрген жел, соққан боран, тамшылаған жаңбыр, судың ағыны, қамыстың шуы, орманның толқуы, шөптің сыбдыры, тау-тастың жаңғырығы, найзағай – күннің күркіреуі барлық жаратылыс үні – күй шығарудың негізі болады. Күй шығарушылар: Қорқыт, Жұмағұл ақын, Ықылас әрқашан үйден қобызын алып шығып, өзеннің жағасына барып тартатын болған. Өзеннің ағысы олардың жан күйін толқытып, шабытқа бөлеген. Ерте дәуірде шығарған күйлердің аты да осымен орайласып отырады. Мәселен: «Аққу», «Қызыл қайың», «Асау өзен», «Көк бұқа», «Боз айғыр», «Жез киік», «Қорқыт күй», «Ақсақ құлан», «Жошы хан», тағы басқалар.

Аспаптың өзіне келсек, қобыздың сыртқы түрі, оның шығарған үні келесі күйді еске түсіреді. Қу – қазақта киелі құс. Сондықтан «Аққу» күйі ерте кезде көпшілікке әсер еткен. Қобыздың түрі қуға ұқсас екенін бірінші рет суреттеген – әл-Фараби. Одан кейін оны солай салыстырған саяхатшы – П.С.Паллас. ол кісі 1772 жылы Семей өлкесін аралап жүріп, әлден уақытта қобыз тартып отырған бір қазақты кездестіреді. Ол саяхатшыға «Аққу» күйін тартып береді. Палластың байқауынша, қобыздың сыртқы көрінісі одан сұңқылдап шығатын үн тұтасымен қудың түрін елестетеді.

Сал мен серінің сипаты әсіресе Қорқыт дәуірінде оғыз-қыпшақ арасында өте күшті болды. Олар туралы Қорқыт жырында айтқан ғой:

Елден елге,

Бектен бекке

Қобызын артып қасына.

Ұзандар жүр ел кезіп.

Бұл аңыз қазақтарда осы күнге дейін айтылған «ұзанның» орнына «ақын» деп айтылады, Сабырбайды, Нысанбайды, Найман баланы, Марабайды, Абылды, Сүйінбайды, тағы басқа ақын, күйшілерді келтіруге болады.

Сал мен серінің өнерлерінің қалай өркендеген жолдарын, оның сұлулық ой-сана туралы халыққа қандай әсер бергенін әдемілеп суреттейтін, әсіресе Қорқыт аңызы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек, Ер Сайын, Ер Тарғын жырлары ғажайып түрде кездесіп отырады. Жырда айтылатын кейіпкерлер Қозы Көрпеш, Төлеген, Ер Тарғын тамаша серілер. Ел елден қыз таңдап, шатыр тігіп аң аулап, қасына көп сері жігіт ертіп, ойын-сауық құрып жүреді.

Қыпшақ даласында серілік пен сал өнерін таратқан майталмандарының бірі – Жошы хан. Оның өзі бір ғажайып сері. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал-серілерді, әнші-күйшілерді топтап бірыңғай сауық үстінде болған. Оның сұлулықты жақсы көруі бойынша әкесі жыл сайын Балқаш төңірегіндегі Құлан-Ойнақ даласына әдейі аң аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат, он мың әдемі қара ат тарту етіп отырған (Рашидеддин). Жошы жас кезінің өзінде аңқұмарлық ісіне салынып, саят құруды, сауық қою өнерін ерекше көрген еді. Жошының аңда жүріп көп шыққан биік жері Ортаудың сұңқар ұя салатын биік басы. Ол жерді Жошы ерекше қадірлеген. Сұңқардың ең тамашасын осы арадан ұстайтын. Ол биік шыңды қазақтар осы күнге дейін сақтаған. Оның ғажайып таңғалатын әфсаналары ХІХ ғасырдың соңында «Дала уалаяты» газетінің үш нөмірінде көлемді етіп басылған. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйін А.В.Затаевич Әнуар Медетовтан жазып алды. Бұл ескі аңызбен айтылатын күйлерді келістіре тартатын бір ғажайып дарынды күйші еді, атақты Мұхит салдың ұрпағы болатын. Жошы ханның аң аулап жүргенде құлан шайнап өлтіргенін сол кездегі атақты күйші Кете Бұқа әкесіне домбыраның сарнауымен естіртеді. Медетов тартқан домбыраның дауысы, жанды күйзелтетін аса қайғылы еді. Әсіресе ішектің төменгі бунақтары сарнап шыққан қасіретті үні ханды ойға түсіреді. Жоғарғы бунақтарынан шыққан аңқыған қоңыр үндер екеуі қосылып қапылыста өлген жас жігіттің бейнесі көз алдында тұрғандай болды, екеуі қосылғанда домбыра жылап тұрды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: