20:35
Ұлы Дала елінің дарабоздары

САБЫР РАҚЫМОВ

Рақымов Сабыр Омарұлы (1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкбел ауылында туған — 26.3.1945 жылы, Польша, Данциг (қазіргі Гданьск қаласы), сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген) — әскери қайраткер, генерал-майор (1943), Кеңес Одағының Батыры (1965). Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Рақымовты шешесі (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Бакудегі әскери училищені бітірісімен (1925), Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод, эскадрон командирі болды. 1925-27 ж.ж. Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен қарсы күрестегі ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған (1927).

1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рахимов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ол жөнінде «Генерал Рахимов» атты көркем фильм түсірілді. Өзбекстандағы ауылдар, мектептер, Ташкенттің бір ауданы, көшесі, метро бекеті, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы орта мектеп Рақымов есімімен аталады. Ташкент қаласында Рақымовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рахимов есімімен аталады.

Ол да бiр аңыз адам. Қаны қазақ болғанмен Орта Азия халықтарына ортақ тұлға. Десек те тағдыры мың бұрылым болған соң амал бар ма? Қырық үш жылғы ғұмырында жасындай жарқ етiп өттi. Найзағайдай шарт сынды. Әйтсе де артында өшпестей өнегелi iзi қалды.

Гитлершiл фашистерге қарсы жүргiзiлген сұрапыл соғыста «Темiр генерал» атаныпты. Заманы отқа салып илесе, болат темiрдей пiсiп, жетiлмесе ол Сабыр болар ма едi? Батыр Рақымов атанар ма едi? Ата-бабадан дарып, анадан ержүрек болып туған соң Отан үшiн, ел үшiн, кейiнгi ұрпақ үшiн отқа түспей тұра ала ма? Кеудесiн оққа тосып, ажалға қасқайып қарай алар ма? Қалай десек те, ол заманының дара тұлғаларының бiрi. Әсiресе, өзбек ағайындар арасында генерал Сабыр Рақымов туралы нешетүрлi әпсаналар айтылады. Тiптi оның ажалдың аузында жүрiп, «Шөженi күзде санайды» деп айтқаны өзбек халқының қанатты сөзiне айналып кеткен. Айтқан — Сабыр, иемденген — халық. Осыған қарап-ақ оның дуалы ауыз екенiн де аңғаруға болады.

Бүгiнде заман лебi өзгердi. Өзбекстанда ұлттық батыр ретiнде дәрiптелiп келген ерен ердiң Ташкенттегi ескерткiшi басқа орынға көшiрiлдi.

Генерал туралы басқа да көптеген мақала, шығармалар жазылған. 1946 жылы «Звезда Востока» журналында Марина Меленовскаяның «Сабыр Рахимов – первый узбекский генерал» очеркi жарияланыпты. Кинодраматург Камил Яшен 1949 жылы «Генерал Рахимов» көркем фильмiн түсiрдi. 1980 жылы Ташкентте «Подвиг” атты кiтап жарық көрдi. Бұл ақпараттар батыр жауынгердiң бейнесiн, оның майдандағы өмiр жолын бiлгiсi келгендер үшiн маңызды. Ол мәлiметтердi қазақстандық авторлардың басылымдарымен толықтыру керек.

Шынында да ойланатын мәселе. Рас, Сабыр туралы көбiрек шырылдаған оның екiншi адал жары — Құралай Натуллаева. Генералмен бiрге соғыс жолдарымен жүрген оның естелiктерiнде өте құнды мәлiметтер барлығы даусыз. Ерiнiң: «Арманым — қазақ боп өлу» деген аманатын орындау үшiн жарғақ құлағы жастыққа тимей күресiп өттi. Ол баспасөз бетiндегi бiр сөзiнде: «Екеумiздiң қазақ екенiмiздi дәлелдеу үшiн елу жыл бойы сандалып, бармаған жерiм, баспаған тауым қалмады. 1996 жылы кiрмеген көрiм қалмаған соң, ақыры әбден күйiндiм де, радиокомитетке барып, Сабырды да, өзiмдi де «қазақпыз» деп жариялап жiбердiм» дептi. Осындай әрекетi үшiн қудалау да көрсе керек. Бiртуар дара батыр Бауыржан Момышұлы Өзбекстанға әдейi iздеп барып, генералдың жарын елге көшiрiп те әкелiптi. Бiрақ, өзбек жағы ұлттық мақтанышына айналған адамның жарын Қазақстанда қалдырғысы келмейдi, қайта көшiрiп әкетiп, жағдайын жасайды. Бiрақ батырдың әйелi ұлттық рухын төмендетпей, қаһармандық мiнезiне басып, ондай уақытша жарқылдақ нәрселерге көп алдана қоймайды. Бiр таңқаларлығы, әскери ресми құжаттарда Құралай апамыз бен генералдың арасындағы жұбайлық өмiрi туралы көрсетiлмеген секiлдi. Профессор Ануар Исмайлов жоғарыда аталған мақаласында былай деп жазады:

"Сабыр Рақымовтың өмiрiн және өмiрбаянын зерттеудi мен мұрағат құжаттары бойынша 2001–2006 жылдары жүргiздiм. Бiздiң жерлес генерал басшылық еткен атқыштар дивизиясының құжаттар қоры командирлiк қызметiнiң мәнерiн және әдiстерiн, соғыс кезiндегi қарым-қатынастары мен генералдың жеке өмiрiн көрсетуге мүмкiндiк бердi. 2006 жылдың тамыз айының басында мен Ресей Қорғаныс министрлiгiнiң Орталық мұрағатына генерал-майор Рақымов Сабыр Умароглы /инвентарлық №639387/ жеке қорындағы құжаттарды пайдалануға рұқсат алдым…

Сабырдың балалық шағы төңкерiс алдындағы империялық Ресейдiң және оның отарланған шеткi аудандарының көптеген балалары сияқты кедейшiлiкте өттi. Әкесi Умар 1907 жылы қайтыс болған. Сауаты жоқ анасы, өзбек қызы Бахрайм Ташкентте ұлы мен қызын асырау үшiн кез келген жұмысты iстеп, шаршап-шалдығып жүредi. 1915 жылы қарындасы қайтыс болады. 13 жасар Сабыр жергiлiктi байдың малын бағып күн көрдi. 1917 жылы шешесi қайтыс болады да ол балалар үйiне қабылданады. Директоры татар азаматы Ш.Хасанов едi. Осы жерде оның қызы Әминамен кездеседi. Өмiрбаяндық құжаттарда Сабыр әйелiн Магра деп атапты: «Жұбайы – Рахымова Магра, мекенжайы – Ташкент қаласы, Сталин көшесi, 2-үй, 1-пәтер, зейнетақымен қамтамасыз ету 1971 жылы тоқтатылды”. Генералдың жеке iс-қағаздарында тек қана осы бiр әйел ғана жазылған. Басқа әйелдерi, қазiргi тiлмен айтқанда, азаматтық некеде немесе тағы басқа жағдайларға байланысты көрсетiлмеген. Құжат бойынша тiркелген емес.

…1945 жылы 26 наурызда таңертең дивизияның командалық пунктiн жау минасы соққылады. Дивизия командирi Сабыр Рақымов, полковник А.Смирнов және командалық пункттiң басқа офицерлерi қатты жарақаттанды. 26 наурызда сағат 13–00-де есiн жимай генерал-майор С.О.Рақымов қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға бiздiң оңтүстiкқазақстандық майдангер-жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың есiнде. 30 наурыз күнi Рақымов және оның майдандас достары Белоруссияда Гродно қаласында жерлендi. Соғыс бiткен соң, 1945 жылдың мамыр айында генералдың денесi Ташкентке әкелiндi. Рақымовпен қоштасу қайғылы митингiсi 25 мамырда болды. Денесi Ташкенттегi бауырластар мазаратында жерленген. Ендi мiне, оның ескерткiшi алынды. Ташкент метро бекетiнiң, ауданның аты өзгердi. Әрi қарай не болмақ? Зерттелген мұрағат құжаттарында, әдебиет пен өнер туындыларында генералдың ұлты өзбек деп жазылған. Қазақ авторлары, оның ұлты қазақ деп айғақтарын көрсетiп, барлығын сендiрдi. Ендi оның денесi 3-шi рет қайта жерлене ме?»

Әскери тарихты зерттеушi ғалымның жанайқайы кiмдi болмасын ойландырмай қоймайды.

Қазақтан шыққан тұңғыш генерал жөнiнде ең көбiрек зерттеген және сериалды мақалалар жазған Әкiм Ысқақтың орасан зор еңбегiн айтпай кетуге болмайды. Ол «Лениншiл жас» — «Жас алаш» газетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облысындағы меншiктi тiлшiсi кезiнде Рақымов тақырыбына дендеп ендi. Әсiлхан ағамыздан кейiн, 20 жылдай уақыттан соң тiлшi көтерген бұл мәселеге газет оқырмандары, тарихшылар, ұлт жанашырлары белсендi үн қатты. Көптеген пiкiрлер жарияланды. Нәтижесi де көрiне бастады. Көкiбелдегi мектеп Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атымен аталып, оның алдына кеудемүсiнi қойылды. Берiректе Шымкент қаласындағы әскери мектеп-интернаты мен қаладағы бiр көшеге аты берiлдi. Түрлi мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бұл оның есiмiн қастерлеудегi алғашқы қадамдар болатын. Ал белгiлi қаламгер Әкiм Ысқақ өткен жылы өзi жиырма жылдай бұрын бастаған тақырыбын тағы да тереңдетiп, ”Тұңғыш генерал” атты кiтабын жарыққа шығарды. Журналистiк зерттеулерден тұратын бұл жинақтың кейiнгi ұрпаққа беретiн әскери-патриоттық, тәлiм-тәрбиелiк маңызы өте құнды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 782 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: