20:33 Ұлы Дала елінің дарабоздары | |
БАҚТЫОРАЗ БЕЙСЕКБАЕВЖиырма бір жасында Отан үшін жанын қиған жас қаһарман Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі кешеге дейін естілмеген еді. Соғыстың бесінші күні жау танкілерінің легіне ұшағын арнайы бұрып құлаған Гастеллоның ерлігін көкірегімізге тоқып өстік. Жарты ғасыр өткенде жағдайдың басқаша болғанына көзіміз жетіп отыр. Оқиғаның жалпы сарыны былай: 1941 жылдың 26 маусымында Смоленск маңындағы Боровское аэродромынан 42-ші алыстан бомбалаушы әуе дивизиясының 207-ші полкінің алғашқы күнгі қиян-кескі ұрыстан аман қалған ұшақтарының бәрі қайтадан аспанға көтеріледі. Бұл ұшудың барысында Минскіден батысқа қарай 40 шақырым жердегі Радошковичи поселкесінің аймағында немістің танк колоннасын аяусыз бомбалау жүктеледі. Көктегі гүріл мен жердегі дүрілден құлақ тұнған шақта екі топқа бөлінген ұшақтарды капитан Александр Спридонович Маслов пен Николай Францевич Гастелло командир болған экипаждары бастады. Жаудың танк колонналарына шүйілген ұшақтар тобының алдыңғы қатарында Масловтың экипажы бар еді. Жерде қоңыздай жорғалаған құрыш сауытты танкілерге олар ойдағыдай ойран салып қайта бергенде жау жақтан атылған оқ алдыңғы екі экипажды да отқа орады. Штурвалына зақым келді ме немесе басқадай бір себеп болды ма — Гастеллоның ұшағы әлдеқайда алысқа құлаған. Әйтеуір бір өлім барын тез ұққан Масловтың экипажы ұшақты тура танкілердің колоннасына бұрған. Ішінде атқыш Бақтыораз бар экипаж түгелдей опат болса да, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген ерлік жасаған еді. Бұл оқиғаны көрген басқа ұшақтардағы экипаж мүшелері танктердің үстіне түсіп өртенген экипаж Гастеллонікі шығар деп топшылаған. Аға лейтенант Воробьев пен лейтенант Рыбастың сырттай болжауымен Масловтың экипажы батырлар — ел қорғаны елеусіз калған да, Гастеллоның даңқы дүние жүзіне тарап кетті. Тарамағанда қайтсін, Ұлы Отан соғысындағы ең алғашқы Батыр! Арада он жыл өтеді. 1951 жылы 12 мамырда Белоруссия мемлекеттік әскери мүражайының директоры Шучкий Молодечненский облыстық атқару комитеті төрағасының атына «құпия» деген белгімен хат жазып, Родошковичи поселкесінің маңына құлаған Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүшелерін орталық зиратқа әкеліп қайта жерлеу жөнінде ұсыныс жасайды. Директордың ойында имандылықтан өзге ештеңе жоқ болды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері қаһармандықпен қаза болған ерлерге жаңа ескерткіш орнату ғана пиғылы бар еді. Мектеп оқушылары, әскери адамдар, зиялы қауым қатысқан осынау жиынның көзінше Гастеллоның қабірі қазылады. Қабір ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шыққанда таңғалмаған адам болмайды. Қап-қара боп күйген қаңқа сүйекте қол мен аяқ жоқ еді. Есесіне жанған мәйіт бойынан көзәйнек, пәтердің кілті, Масловқа тиесілі тағы басқа заттар табылады. Қабірі ішінен бір медальон көзге түседі. Ол аздай Маслов экипажының атқьш-радисі, аға сержант Г.И.Реутовтың құжаттары салынған жеке футляр да бүзылмай сақталған екен. Естерінен тана жаздаған жұрт, іштерінде басшы қызметкерлер де бар, бұл шындықты айтып, ресми орындарға қатынас қағаз жаза бастайды. Бірақ олар Жоғарғы Кеңестің Жарлығымен шыққан Указды бұзуга болмайтынын ескермесе керек. КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты білсе де, Кеңес өкіметінің тастай қатқан идеологиясына зақым келмеу үшін «жабулы қазанды жабулы» күйінде қалдырған. Дегенмен, пластмасса футлярдағы құжатта көрсетілген И.Реутовтың 1918 жылы Чкалов облысындағы Кулагино деревнясында туғаны, 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің атқыш-радисі қызметінде болғаны және Кеңес Армиясының есепке тіркеу мәліметі бойынша «1941 жылғы 26 маусымда хабар-ошарсыз кеткені» толық анықталған еді. Осы дерек басқа да ақиқаттың бетін ашты: бұл экипажда онымен бірге капитан Маслов (Мәскеу облысы, Коломенск ауданының түрғыны), лейтенант Балашов (Горький қаласының түрғыны) және кіші сержант Бейсекбаев Бақтыораз (Алматы облысы, Ӏле ауданының түрғыны) — бәрі бір сапта болып, 1941 жылы 26 маусымда ДБ-ЗФ бомбалаушы ұшағымен әскери тапсырманы орындаудан полкқа қайта оралмаған. Бұл ақиқатты мойындату үшін талай адамдар тер төкті. Масловтың жесірі Софья Евграфоновнаға күтпеген жерден мынадай хат келді: «1941-жылы 26 маусымда ерлікпен қаза тапқан экипаж қалдығы табылды. Олардың арасында Александр Спридонович Маслов та бар… Ержүрек экипаж қалдықтары Радошковичи орталығына ауыстырылып, көмілді». Күйеуі Отан соғысының құрбаны болғаны анықталып, өзі де, қызы да мемлекеттен жөрдем ала бастағанына қарамастан, елеусіз қалған ерінің намысы үшін С.Е.Маслова ашық айқасқа шығады. Бұл күреске 30 жыл өмірін арнаған прокуротура тергеушісі Василий Харитонов деген азамат өзі дүниеден өтерінде Жуковский атындағы әскери академияны тәмамдаған ұлы Эдуардқа осы істі аяғына дейін жеткізуді аманат етіп тапсырады. Әскери шені майор, мамандығы инженер Эдуард Харитонов, құдай сәтін салғанда, 1991 жылы Коломна қалалық кеңесінің депутаты, КСРО халық депутаты, Қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Владимир Яковлевич Стадникке көмекші болып тағайындалады. Бұл кезде де С.Е.Маслова да, өз әкесі В.Харитонов та шындықтың түбіне жете алмай, дүниеден арманда кеткен еді. Бірақ Эдуард Харитонов ер жігіт екенін танытудан танбады. Маслов экипажының мүшелері туралы туған жерлерінен дерек жинады. Әскери әуе атқышы Бахтурас Бейсекбаевтың (Ресейдегі құжатта солай делінген) — ұлты қазақ, туған жері Алматы облысы, Ӏле ауданы екені ескеріліп, Қазақстан Президентіне де арнайы хат жолдайды… Э.Харитонов өз жазбасында мынадай жайды еске алады: «Ресей Мемлекеттік Думасында бір комитет төрағасының референті Гущинге кездестім. Менде Ельциннің атына жазылған 4 беттік хат бар болатын. Онда Масловтың орнына Гастелло батыр атағын алған делініп жазылған еді. Гущин: „Сіз өзіңіз не жазғансыз?.. Егер хатты Дума төрағасы Иван Петрович Рыбкин арқылы тапсыратын болсақ, орынды“ деген сөзді, сондай- ақ ұшқыштар арасында басқа да қарсы пікір туғызатын сөздерді алып тастаңыз. Рыбкинге төрт беттен аспайтын, ал Рыбкиннің атынан Ельцинге бәрін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу қажет» деді. Мен бұған келістім. Ельциннің атына: «Бір күнде, бір ұрыс кезінде сәл ғана ертерек Масловтың экипажы Гастеллоның жасаған ерлігіндей өзінің отқа жанған ұшағын немістің зениттік артиллериясына қарай бағыттап, осылайша отты таран жасады» деп, түжырымдап қана хат жаздым". Ерлік жасалған күннен 55 жыл өткеннен кейін Ресей федерациясы Президентінің пәрменімен Маслов экипажының мүшелеріне Ресейдің Батыры атағы берілді! Белгілі қаламгер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Арғынбай Бекбосын Парламентте болған кездесуде бұл жайды Нұрсұлтан Назарбаевқа құлаққағыс етеді. Ӏле-шала «Егемен Қазақстан» газетіне оның «Ресей батыры — Бақтурас Бейсекбаев» деген тақырыппен жарияланған шағын мақаласы талай адамға ой салды. Бұл — балалық шағы соғыс жылдарына дөп келген, Гастелло атын жаттап өскен Арғынбай үшін де асқан жаңалық еді. Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Тайыр Мәнсүровтің белгісіз батыр туралы тиісті орындармен хабарласып, аты-жөнін, туған жерін анықтауға атсалысқанын айта кету керек. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының хатшылығы, Республикалық Ардагерлер кеңесі бұл жауынгерге «Халық қаһарманы» атағын беруге ұсыныс жасайды. Көп үзамай беймәлім батырдың бұрмаланған есімі «Бақтыораз Бейсекбаев» екені анықталды. Осы ақиқат негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылы 6 мамырдағы Жарлығымен Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Екі елге ортақ қаһарманның туған жерін анықтап, туыстарын табу жөнінде «Атамұра» корпорациясы арнаулы экспедиция ұйымдастырып, оған қаржы бөліп, үлкен адамгершілік іс істеді. Корпорация президенті Мұхтар Құлмүхаммед, «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты қызметкері Мейрамбек Төлепберген талмай іздену арқасында барлық шындықтың бетін ашты. Өйткені о баста батыр Ӏле ауданында туған деп, жаңсақ көрсетілген ғой. Шындығында, ол ашаршылық кезінде Ӏле көпірі деп аталатын жердегі жетімханада болғаны рас. Бірақ өзінің шын туып өскен жері — Алматы облысы, Балқаш ауданының қазіргі «Жиделі» деп аталатын ауылда. Туыстары да қазір сол маңайда тұрады. Жарты ғасыр өткеннен кейін аты-жөні анықталған, адам таңғаларлық ерлігі айқындалған ағамызға «Атамұра» корпорациясы ас беріп, республикалық ақындар айтысын өткізді. Астанада көше аты берілді. Журналист Мейрамбек Төлепберген батыр өмірін жан-жақты зерттеп, шағын кітап жазды. Балқаш ауданының Әмір Құлмаханов бастаған еңбеккерлері Бақтыоразға Бақанастан үлкен ескерткіш орнатып, орта мектепке атын берді. Ол жасаған ерлік қазіргі, кейінгі жастарга мәңгі-бақи жарық жұлдыздай жарқырап көрініп түрады! әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |