ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, ЖӨН-ЖОСЫҚТАРЫ
- Ата-баба дәстүрін, ғұрыпты аттамайды. Ата жолына кім болса да бас июге тиіс. Бұл ел-жұртыңды сыйлағаның.
- Жасы кіші болса да әкесі үлкен болса – оның «жолы үлкен» болып саналады. Яғни салт-дәстүрде жол, кезек соған беріледі. Мұны есте сақтаған жөн.
- Табақта басқа елдің (рудың, тайпаның, жүздің) азаматы отырса, бас соған тартылады.
- Қыз келіндерден жоғары отырады. Қыз ағаларынан да жоғары отыруға хақы бар. Өйткені «қыздың жолы жіңішке» дейді халық.
- Сәбиді бесікке салғанда жол құдағидікі немесе сол елдің әжесіне, жақсы анасына беріледі. Бесікті отпен аластайды.
- Бата беру, ас қайыру қонаққа немесе ақсақалға, жолы үлкенге беріледі.
- Алыстан қонақ келсе – үйдің көршісі және ауыл ақсақалы шақырылады. Сыйластық белгісі осыдан көрінеді.
- Алыстан келген қонаққа ауылдың үлкен-кішісі сәлем беруге тиіс. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді».
- Үйге келген кісіге «кімсің?» демейді, оны төрге шақырып, қонағасы береді.
- Туған-туысқанына, еліне келгендер ауылдың үлкеніне түседі немесе оларға алдымен сәлем береді. Қазақтың әдеп жолы осылай.
- Көшіп келе жатқандарға «көш оң болсын» деп, ат шалдыртып, дәм-тұз ұсынады.
- Қуанышты болғандарға «құтты болсын» айтады, шашу шашады. Әр адам достық көңілін осылай білдіреді.
- Байғазы, көрімдік сұрағандарға құр қол тастамайды.
- «Айттық» сұрағандарға айттық беру міндет.
- Қуанышты хабар үшін сүйінші береді.
- Үйге кірген кісіге дәм ауыз тигізеді. Дәм қашанда достыққа, сыйластыққа шақырады.
- Келген жұмыстарын тұрып айтпайды, отырып асықпай айтады.
- Айыпкерлер айыбын төлеп кешірім сұраса, қарсы жақ кешірім жасауға тиіс.
- Олжасын жолдасына ұсынады немесе бөліседі.
- Аты озып келгендер, жыққан палуандар, жеңген ақындар алған бәйгесін елдің ақсақалдарына, аруақ орнына, үлкен шаңыраққа байлаған.
- Тойбастарға немесе беташар айтқандарға кәде беріледі.
- Достың, жақын адамдардың және басқа адамдардың қалағанын беру мәрттік, мырзалық әрі ұлы дәстүр.
- Танысып келген қызға лайықты сый-сияпат ұсынады.
- Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады немесе елден қуылады. Олардың артынан бір уыс топырақ шашады. Бұл қылмысты болдырмаудың жолы.
- Қонақ қондырмау, қонақ шақырмау – ұлт дәстүрін сыйламайтын, жөн-жосықты білмейтіндердің ісі.
- Құрметті, сыйлы адамдарды сыйламау – арсыздық.
- Халық заңы ұлттық дәстүр, салтын ұстанбаған және оны сыйламаған адамдарды жазалаған. Ондайлардан халық сырт айналған.
- Жетім баланың басынан сипайды, жесірге көмек береді, қайыршыға садақа ұсынады.
- Асты жамандамайды. «Асты жамандама – құстырар, ерді жамандама – пыстырар».
- Соғым сойған күні көршілер шақырылады.
- Қонаққа домалаш жілік, жамбастың шұқыршағы салынбайды. Қазақ ұғымында бұл кәдесіз сүйектер.
- Қызға кәрі жілік ұсыну әбестік.
- Күйеуге, қызға төс тартылады.
- Ақты (сүт, айран, қымыз т.б.) жерге төкпейді. Малдың желіні кетеді.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|