ҮЙ ЖИҺАЗДАРЫ
- Үй жиһаздары – үй ішіндегі дүние, мүліктердің жалпы атауы.
- Адалбақан – киім ілуге арналған ашалы, ою-өрнекті ағаш.
- Асадал – ыдыс-аяқ қоятын жәшік.
- Абдыра (әбдіре) – зат, киім, бұйым салып қоятын үлкен сандықтың қарапайым түрі.
- Сандық – зат салатын оюлы, сырты темірмен қапталған үй мүлкі.
- Сандық ап – көшкенде қажалмас үшін киізден жұмсақ қаптама.
- Жағлан – сыртын былғарымен қаптаған сандық түрі.
- Жәшік – қақпақпен жабылатын, төрт аяқты мүлік.
- Қобдиша – сандықтың кішкене түрі.
- Жүкаяқ – сандық астына тұратын оюлы төрт аяқты ағаш мүлік.
- Кебеже – өрнектеліп жасалған жәшіктің бір түрі.
- Төсекағаш – керует.
- Шабадан – ішіне көрпе, жастық, киім, бұйым салатын қалың матадан, киізден оюлап жасалған мүлік.
- Кілем – жүннен тоқылатын бұйым.
- Түскілем – тоқылған, жүннен басылған немесе матадан кестелеген керегеге ілетін кілемше. «Түскиіз» деп атайды.
- Текемет – түрлі-түсті ою-өрнекті түр салып киізден басылатын төсеніш.
- Алаша – өрмекпен тоқылып, қосылатын кілемше.
- Шымылдық – ерлі-зайыптылардың жатарда тұсына ұстайтын ақ матадан тігілген мүлік.
- Көрпе – ішіне жүн, мақта салып матадан тігілген жамылғы.
- Төсек көрпе – адамдар астына төсейтін көрпе.
- Көрпеше – бір адам отыратын шағын көрпе.
- Сырмақ – киізден сырып жасалатын түскиіз немесе төсеніш.
- Талдырма – жұмсақ төсеніш киіз.
- От киіз – от басына, ошақ қасына төселетін кесек киіз.
- Тулақ – босаға жаққа төселетін мал терісі.
- Шыпта – ас тұратын жерді қалқалап қоятын ши.
- Мамық – құс жүнінен жасалған жатын төсеніш.
- Жастық – басқа салатын құс жүнінен жасалған мүлік.
- Жастық ағаш – жастық астына қоятын ағаш мүлік.
- Бөстек – қозы, тоқты терісінен жасалған төсеніш.
- Кірсалғыш – жеңіл бұйымдарды салып, кереге басына ілінетін матадан әшекейлеп жасаған бұйым.
- Боқша – кітап салатын немесе зат салатын киізден немесе қалың матадан жасалған дорба.
- Жүк – сандық үстіне жиналған төсек-орын.
- Жүкжапқыш – жүк үстіне жабатын кестелі жапқыш.
- Шатыр – жауыннан, ыстықта күн көзінен қорғанатын жиналмалы баспана.
- Бесік – баланы бөлейтін қастерлі мүлік. Оның жастық, мамық, жаялық, тартпа, түбек, шүмек, бесік жапқыш т.б. бөліктері мен бұйымдары болады.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|