18:19 Көркем сөздің құдіреті | |
МЕШКЕЙ Тойымсыз, обыр, қомағай, оңаза Мысалдар: Сияз деген мол шығын. Ол, көп елдiң қалың даугерлерi келiп орнайды деген сөз. Осы елдiң жуан, семiз мешкей билерi, күндiз – түстiк, кешке – қонақ асы жеп, асықпастан ай жатады деген сөз. М.Әуезов, Абай жолы: 1 том Өзінше мешкей атақ ілініпті, Бұл мінез жұртқа тегіс білініпті. Күніне екі-үш мезгіл ет жейтін боп, Өткізген енді солай тірлікті. М.Дулатов, «Алаш» партиясына қосылмаған ақынға Астаулап тегенелеп, қазан-қазаннан буын бұрқыратып түсірген етті талтаңдасып, дедектеп бір жерге жинай бастады. Ақсақалдар, мешкейлер пышақтарын суырды. Ж.Аймауытов, Қартқожа Жер қайтып сен, қойның толы өліктерден арылдың? Маскүнемдер әлегінен, әлегінен жуан-жуан, мешкей, семіз қарынның? Қоңырсыған қою етті қайда құрттың, нағылдың? М.Мақатаев, Осы бір шірінді — құнар
САМАРҚАУ 1. Жай, баяу, марғау, мимырт; 2. Көңілсіз, немқұрайды, сүле, керенау Мысалдар: Шалғынды бір беткейде, самарқау жел сусылдап есе түскенде, мұрын жарғандай боп, жас бүлдірген иісі аңқиды. М.Әуезов, Абай жолы: 3 том Доктор Ехластың сөзін Хакім самарқау тыңдады. X.Есенжанов, Ақ Жайық Жүрегім менің - жанартау, Жалын боп шығар от-демім. Келем деп қамсыз, самарқау, Өртеніп, қалқам, кетпегін. М.Мақатаев, Жүрегім менің - жанартау Бақыттың мінез-құлқы ерте есейген-ау, дүниенің бәріне самарқау, салқын қарайды. О.Бөкей, Қамшыгер
КҮСУ Безу, арылу, қашу Мысалдар: Тоқсан жаста Ер Қосай Тұғырдан әбден түскен ер, Елім десе елеріп, Жаннан мүлде күскен ер. Дулат Бабатайұлы, Еспенбет Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп, Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп. Ертең ерте мысыңмен дайын болып, Көңліңнің дәркүмәнін алшы шешіп. Абай, Әзім әңгімесі Үлкендерде мінез жоқ танданарлық, Олардың қылған ісі – ұрлық-қарлық. Арам ойды ақыл деп ардан күсіп, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық? Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жастарға Сан айналып сұңқылдап ұшты дағы, Сапар жолға мезгілсіз түсті дағы, Бетін түзеп, батысқа бағыт алып, Қарғыс атқан мекеннен күсті бәрі. М.Мақатаев, Аққулар ұйықтағанда баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |