15:56
Көркем сөздің құдіреті

ДАЛДА

1. Қағаберіс, ық;

2. Қалқа, таса, көлбегей.

Мысалдар:

1. Сирек талдың арасына шала жасырынып, далдалап тұрып, Ербол қыстауы жаққа көз тастады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Мұқаш қаттырақ аяңдап, қораның далдасына түсуге асықса да, шекпенін жамылып, аяғының басына кебіс іліп, дәретке шыққан молданың бір көзін жұмып, сығырая қарауынан құтыла алмады.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

3. Шоқанды әке-шешесі де, Уәлінің өзге ұрпақтары да кішкене күнінен далдалатып ерке ғып өсірген.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз)

4. Бір серейген жартастан келіп Сарманқұл далда тапқандай отыра қалып, дүрбісін қолына алды.

(С.Бегалин, Уақыт кезеңдері)

5. Киіз үй, шатыр дегенді білмейді, тоқтаған жерінде ағаш қиып, салдау көтеріп, күрке тігеді, онысын бұтақпен, қабықпен қамсап, далда жасайды.

(М.Мағауин, Шыңғысхан)

 

НОЙЫС

Дойыр мінезді, дөкір, дөрекі, тоңмойын.

Мысалдар:

1. Ержетіп, ел ұстауға жарап қалған інісін нойыс ашумен қорқытып, өр кеудемен баспақ.

(Ғ.Мұстафин, Дауылдан кейін)

2. Сәл жеңіл қимылдасаң нетті, жазығы қамал алуды үйреткені ме? Нойыс неме, менің ойымды дұрыс түсінбегенсің ғой.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

3. Бастығымыз Ерден деген қатыгез, нойыс, тоңмойын, қатал жан еді.

(З.Шашкин, Ақбота)

4. Тыныбай болса жалтақ, Көксеген болса бір беткей, нойыс.

(Қ.Жұмаділов, Тағдыр)

5. Қолына түссең, оңдырмайтыны айдан анық. Мінезі шадыр, нойыс адам.

(С.Жүнісов, Өшпейтін іздер)

6. – Жарықтық, ә, жарықтық! – деп оятты. Анау бір нойыстау пәле екен.

(Ж.Молдағалиев, Сарыарқаның сүйіктісі)

 

КӨПЕК

Тапал, кішкентай; кәндек

Мысалдар:

Сен ауылда үрген көпек ит.

Мен азулы арлан бөрі едім.

Ақберен жырау шығармасынан

Көшені шаңдатып мына көпек сиырлар келе жатқанда, өзінің туып-өскен деревнясы есіне түсіп, Галяның көңілі бір селт етеді.

Т.Ахтанов, Боран

Шәңк-шәңк жөтелген көпек иттердің дауысы тып тыныш орманның шырқын бұзды.

Қ.Ысқақ шығармасынан

Әлгі бір анадайдан кәукілдеп, жүгіріп шығатын шабалаң көпек иттер болушы еді ғой.

Ә.Кекілбайұлы, Елең-алаң

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: