22:43
Көркем сөздің құдіреті

МҰҒДАР

1. Шама, мөлшер, уақыт; болжам;

2. Мұрша, әл, мүмкіндік.

Мұғдарнама — бір ұйымның жұмысына қатысты ережелер жинағы.

Мысалдар:

1. Мұғдарлап өлшеп қойдың аш пен тоқты.

Тағдырына еш адам қарсы айтпас,

Қанағат еттім шүкір аз бен көпті

(Мәшһүр-Жүсіп, Ақыреттің егіні)

2. Бір көше мұғдары өткеннен кейін барып, түндегі салған суретім есіме түсіп кетіп, кейін бұрылдым.

(І.Есенберлин, Ғашықтар)

3. Осы бір құп-құртақандай тірліктің бар мұғдары жас бала жұдырығындай болып алып, әлдекімнің өмірі үшін осыншама өлімін сала жанталасқанына қайран.

(Ә.Нұрпейісов, Соңғы парыз)

4. Осы дәу қара тастарды ағызып әкелерде, өзі суалып, аталы арнаны солар – қара тастар басып қаларын мұғдарлаған жоқ, мұғдарлайтын ой-өре, жетелі жетекші де жоқ... ағарыс бұрынғыдай күркіремеді.

(О.Бөкей, Терісаққан)

 

ДАҢ

(даңғаза)

У-шу, айғай-ұйғай, айқай-шу.

Даң болу — бас қату, абыржу.

Мысалдар:

1. Бейшара өздігінен жол таба алмай,

Ғазиз бас ауырланып даң болғандай!

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Қиянат)

2. Маңдайға әжім түсіріп,

Қайнатып миды даң қылды.

(Жамбыл, Сталиндік ұлы заң)

3. Сұлап жатқан үнсіз жерге

Тіршілік, «шу» даң кірді.

(С.Сейфуллин, Жыл басы — қарлығаш)

4. Мына даңнан кетті ғой құлақ талып,

Жырақ барып,

Серуендеп қайтайық сыр ақтарып.

(М.Мақатаев, Жүр, қалқам)

5. Мына бір у-ду басын даң қылды. Қойшыторы кезінде бурыл шолақтың аяғы ақсап қап, шығырға бұны салғанда да басы дәл мынадай айналмаған сияқты еді.

(Ә.Кекілбайұлы, Бәйгеторы)

6. Егер дамылсыз сілкініп, үздіксіз өнім айдап тұрған ырғағына әлдеқалай аз уақыт көмір түспей қалса, рештак шұғыл өзгере бастайды. Тар лаваның ішін даңғаза қып, тарсыл-күрсіл үнге басады.

(М.Әуезов, Конвейерде күй мығым)

 

ҮНПАЗ

1. Алға бастаушы көсем, шешен;

2. Сайрағыш құстарға қатысты айтылатын сөз.

Мысалдар:

1. Рухани басшылығымызды қайыра құрудың міндеті – бойында әу баста бар өз мүмкіндігіне сай өз заманының үнпазы, онда да жаңаша ойлап, жаңаша жаза алатын үншісі болу.

(О.Бөкеев шығармасынан)

2. Жарқыштанған тарғыл үн баяғыдағы үнпаз

дауыс емес, мүлдем жат, қорқынышты шықты.

(О.Бөкеев, Өз отыңды өшірме)

3. Дүниенiң ең бiр жазықсыз, аңқау үнпазы өз жұбайын шақырам деп, кiшкене сырын кең тау-тасқа да паш етедi.

(М.Әуезов, Абай жолы: 2 том)

4. Бармақтай үнпаз құстардың сазы қандай тамаша.

(Қ.Жұмаділов, Таңғажайып дүние)

5. Содан түн ортасы болмай-ақ сусындары қанған болу керек, әр үйден үнпаз әнші бектер ән қалықтата бастады.

(Тұрсын Жұртбай, Құнанбай)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: