22:42 Көркем сөздің құдіреті | |
ЕЛТУ 1. Улану, есіру, мас болу; 2. Елігу, желігу, масаю. Мысалдар: 1. Қайран жастар қапыда қолға түсті, Елтіген бөрідей боп жеген уға. (Шәкірім, Еңлік-Кебек) 2. Мынау шүмектерден ағызып алып ішуші еді. - дейді. Ақсақ Темір тұсында бүл қазаннан сопыларға арақ беріп, елтіткенін қайдан білсін. (Ж.Аймауытов, Әзірет Сұлтан) 3. Уланып елтіген кісідей маспын. Сенің кететініңді ойлаған сайын, ақыл-естен айырылып, езіліп барам, қуатым! (М.Әуезов, Қарагөз) 4. Елтіген түнім едің, О, Махаббат! Сен әлі тірі ме едің!? (М.Мақатаев, Сен әлі тірі ме едің?) 5. Бір ашып батыр бұлбұл әнге салды, Елтітіп маңындағы күллі жанды, Бір кісі қойда жүрген баласымең Мас болып, олардағы ұйықтап қалды. (С.Көбеев, Есек пен Сандуғаш) 6. Бойларына шымырлап коньяктың қызуы тарап, елтіген сайын сөздері молайып, әңгімелесіп кетті. (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті)
НАУША 1. Жас, балғын, жаңа; 2. Сымбатты, ашаң, сұңғақ. Мысалдар: 1. Жұрт аңыз қылар: «Бір жат бөтен жұрттың жас науша баласы пәленше байға жалданып, қойшы болыпты!» - деп, әркім таңырқап сөз қылар. (Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Желкілдек) 2. Домбыраны құйқылжытып отырған сұйықтау сарғыш шашын кейін қайырып, әдемілеп тараған қағылез, ашаң келген, ақ көйлекті науша жігіт. (Н.Сералиев, Ақсақ киік) 3. Халық әдебиет мұраларын жазып алуда Шоқанның тәжірибесі бұрыннан мол болатын. Ол тіпті науша бала күнінің өзінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Едіге», «Ер Көкше», «Орақ» жырларын жазып алған. (Ә.Марғұлан, Манас жырын жазып алу тарихынан) 4. Жас науша сорлы болып қолда қалған. Қызығып артық сұлу болғандықтан, Анамды қаны қара Сейқын алған. (И.Байзақов, Құралай сұлу) 5. Науша бойлы талдырмаш Емессің сен балғын жас. (С.Мәуленов, Церетели)
ТАУАН Күш-қуат, әл, дәрмен, жігер. Мысалдар: 1. Онда көп: ноғай, қазақ, сарт.пен сауан, Қайтқан жоқ бұ жалғаннан біздің тауан! (Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Бұхара сапары) 2. Ар жақтан тауаны қайтып, бар пәлені бастарынан атқарып келе жатқан Дондағұл мен бірнеше саудагерді ортаға алған. Паром жүріп кеткенше солардан жайдың бәрін білді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 3. Менің, сені сүюім — өзіме таңдаулы, тауанды махаббат. Ұзақ өмірдің сүю сарыны сияқты. (І.Жансүгіров хаттарынан [18.04.1932]) 4. Бүгінгі ауыл жастарының оқуға деген ынтасын әлде неше жерде көріп, осылардың маңдайы қағылып, тауаны қайтпай тілеген оқуларына түсетін күн де туды. (С.Бегалин, Замана белестері) 5. Бірақ әскерінің үштен бірі қарсы жаққа өтіп кетіп, қалғандарының да тауаны қайтып тұрған Байыр-Мөңке ноян табан тіреп соғыса алмады. (Қ.Жұмаділов, Дарабоз) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |