23:11
Көркем сөздің құдіреті

ҚҰЗАР

1. Асу бермес биік, асқар, заңғар;

2. Құз, шың.

Мысалдар:

1. Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,

Судың басы бір құзар шатқа кірді.

(Абай, Ескендір)

2. Оның құзар қиясынан бір құстың шарылдаған дауысы естілді, Сәтжан көп тыңдады.

(С.Бегалин, Бала Шоқан)

3. Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,

Өзіміздің Алатаудай биік ол...

(Ж.Нәжімеденов, Ұстаз)

4. Құзар тауда біз адасып келеміз,

Бір жылынып, бір суынып денеміз.

(М.Мақатаев, Адасқанда)

5. Қырымның құзар биігі – Ай-Петридің қос шыңына ұқсайтын бұл екі алыптың арт жағында жас терек жапырақ жайып тұр.

(Ә.Нұршайықов, Алтын соқпақ)

6. Мекен етіп көкшіл теңіз, көкшіл аспан ортасын,

Тұрмын басып құзар таудың қына басқан жартасын.

(Ә.Кекілбайұлы, Теңіз жағасындағы ой)

 

ӘЛЕТ

1. Мезгіл, мерзім, кез, уақыт, уақ;

2. Жарық, сәуле, нұр; Айдың, күннің, жұлдыздың айналасын қоршаған сәуле.

Мысалдар:

1. Күн екінді әлеті. Бұл ауылдан асып түсетін мерзімді жерде ел жоқ. Біздің қонуға ыңғайланғанымызды сезген соң, отырған кісі жай айта бастады.

(Б.Майлин, Таубай)

2. Күн түс әлетінен ауа бастады, бірақ ұшы-қиыры жоқ кең дала жеткізер емес.

(І.Есенберлин, Қатерлі өткел)

3. Әрі десе, биіктегі мұзарттың ызғары жаз да болса, белгі беріп, түн әлеті салқын тартады.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 5 кітап)

4. Демежан да солай қарай жалт бұрылған. Жанағы бір әлетте көшенің оң жақ қапталында екі қолына бірдеңе ұстап, қалтаңдаған бір шиаяқ кетіп бара жатқан сияқты еді.

(Қ.Жұмаділов, Тағдыр)

5. Түс әлеті. Тіл - әдебиет кафедрасының бөлмесінде профессорды күтіп отырғанмын.

(Н.Сералиев, Махаббат туралы хикая)

 

МҰҚАЛУ

1. Өткір заттың жүзі қайырылу, майырылу, тұқылдану;

2. Беті/меселі қайту, сағы сыну; әлсіреу.

Мысалдар:

1. Алмас қылыш қанша мықты болғанмен де, қара тасқа сала берсең, оның да жүзі мұқалады.

(I.Есенберлин, Алтын Орда)

2. Құрбың келсе құрысып,

Көрінгенмен ұрысып,

Қайраумен тілің мұқалып.

(Д.Бабатайұлы, Замана сазы)

3. Шалдығатын, шаршатпайтын жерлер де бар,

Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.

(А.Байтұрсынов, Н.Қ. ханымға)

4. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқалтады екен.

(Б.Соқпақбаев, Өлгендер қайтып келмейді)

5. Саған айтам бір әңгіме көңіліңді бұратын,

Сейілтейін қауібіңді, мұқалмасын мұратың.

(М.Мақатаев, Құдіретті комедия [А.Данте])

6. Мұқалған, жасыған көңілі қайта жетіліп, ұшталып, қайралғандай болып еді.

(Қ.Жұмаділов, Тағдыр)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: