11:58
Көркем сөздің құдіреті

МИМЫРТ

Жай, шабан, баяу, жайбасар, марғау.

Мысалдар:

1. Қазақ халқы бұдан былай керуен аяңымен мимырт көшпеді. Бәйгіге ат қосқандай жосылта дамып, құлаш ұрды.

(М.Әуезов, Мәдениетті Қазақстан)

2. Қашыр тектес тайқарды қаншама қамшыласам да, жүрісі өнбей, дүние өртеніп бара жатса да мимырт жүрістен танбайды.

(Ш.Мұртаза, Ай мен Айша)

3. Әжімкерейдің келіні мимырт, өнімсіз кісі көрінгенмен, тыңғылықты еді.

(Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл)

4. Желе-жортып кетуге мүмкіндік жоқ, біркелкі мимырт жүріс. Діттеген жеріне жетіп жығылу үшін, қалайда, жолдан адаспауы керек.

(Қ.Жұмаділов, Шарайна)

5. <...> су іздеуге кіріскенде, мынау мимырт жұмыстан зерігіп кеткен көңілі өз өмірінің азын-аулақ қалқа-қалтарыстарын тінткілей жөнеледі.

(Ә.Кекілбайұлы, Шыңырау)

6. Адырға кездессе, ысылдаған құмға арбаның тегершігі көміліп, торы ат мимырттап барып тоқтайды.

(Б.Майлин, Тасболат)

 

БЕЗБЕНДЕУ

1. Безбенге (қол таразы) салып өлшеу, таразылау;

2. Салыстыру, теңестіру.

Мысалдар:

1. Жоспар, директивтер тәжірибеге, ғылымға негізделсе, оның орындалуы творчествоға негізделген. Ешбір Иванның яки Байжанның творчестволық қуаты безбендеп өлшенген жоқ.

(Ғ.Мұстафин, Қарағанды)

2. Ал бұл түйенің күтімі: шөбі, жемі, қорасы, бағу тәртібі бұрынғыдан әлдеқайда артық. Бағасы күтімімен өлшенеді. Алатын өнім — шығарған шығымымен безбенделеді.

(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер: 1 кітап)

3. Пәлеңнен доспын деген сақта тәңрі,

Күнәңды күнде жинап безбендеген!

(Ә.Тәжібаев, Кімді сүйем)

4. Нұрлан осы секретарьды Якуповпен салыстырып, безбендеп тұр, қайсысының салмағы басым - біреуі шапшаң да жеңілтек, шешімі тез.

(З.Шашкин, Сенім)

 

САПСИЮ

Қаулап, өсіп кету (көбіне сақалға қатысты).

Сақалы сапсиған — жасы келген; ақсақал.

Мысалдар:

1.  Қарашы бұны, сотқар да өзі, қыңыр да өзі, көрдің бе? Сақалы да сапсиып апты жас басынан Әзімбайдың сақалындай, — деді де, Жұман өзінін ендігі ойына мәз болып, кеңкілдеп күліп алды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

2. Сақалдары сапсиып,

Қарындары шартиып

Мөр ұстаған билер жоқ.

(І.Жансүгіров, Топ алдында)

3. Сақалдары сапсиған қарт адамдардың ысқырғаны қызық, әрі ерсі. Бала болса бірсәрі.

(Ш.Мұртаза, Ай мен Айша: 1 кітап)

4. Сол оймен біраздан бері ұстара тимей сапсиып кеткен сақалын қырып, мұртын басты.

(Қ.Жұмаділов, Бір түп тораңғы)

5. Көшенің екі жақ қапталында ну ағаш сапсиды.

(З.Шашкин, Тоқаш Бокин)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: