23:55 Көркем сөздің құдіреті | |
ШАҚА 1. Жүні жетілмеген балапан, төл; жаңа туған, нәресте; 2. Металл ақша, уақ тиын. Қызыл шақа — жап-жас, әлі өсіп жетілмеген. Мысалдар: 1. Тынымсыз кептер сорлы жүреді екен, Жем тапса, төрт шақаға әкеп беріп. (С.Сейфуллин, Көкшетау) 2. Болат кеп үңіле қарайды. Өртембер саулығы қоздаған... Жөнсіз қып-қызыл шақа қозы... (М.Әуезов, Құм мен Асқар) 3. — Рақмет, — деді ол ересек адамша. — Мен значок жинап жүрмін. Тіпті менде әлі папам әкеп берген значоктар мен шетелдік шақалар да бар. (Ш.Мұртаза, Ұзақ командировка) 4. Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. (Бердібек Соқпақбаев, Менің атым — Қожа) 5. Жөргектегі қызыл шақа сәбидің Саған түйген жұдырығын көрдің бе! (Ә.Кекілбайұлы, Махамбет)
МИЗАМ 1. Заң, ереже; 2. Қыркүйек (кейде тамыз) айының ескі атауы; 3. Күз басында өрмекшінің торы сияқты, өсімдік басынан тарайтын ұшпалы ақ сілбі. Мысалдар: 1. Өнері асып туған Арғын елден. Мизамға шариғат пен бірдей жүйрік, (Мәшһүр Ж.Көпейұлы өлеңінен) 2. «Түрмеде алты күндей болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ. (Балуан Шолақ, Атадан ұл тумайды) 3. Менің саған асыққаным секілді. Мизам келе мұңаяды атырап (Қ.Мырзалиев, Жүрек шіркін дүрсілінен талмайды) 4. Мизам түсіп, — күз қызығы қалған кезде азайып, Түркістанда бір ескерткіш бой көтерді ғажайып. (М.Шаханов, Түркістан аңызы) 5. Ол осыдан бір ғасыр бұрын дәл осындай күзде, шөп басына мизам қонып, <...> елегізбе кезеңде дүниеге келді. (Ә.Кекілбайұлы, Бунинмен жолыққанда) 6. <...> көбелек қуған қарлығаш ұшпай, оның орнына шұбатылып мизам ұшқан шақ. (Ш.Мұртаза, Ай мен Айша)
ҚУНАУ 1. Демалу, тынығу; 2. Ширау, қуаттану, бой сергіту; 3. Жайнау, жадырау. Аунап-қунау — дем алу, бой жазу. Мысалдар: 1. Қой қоздап, түйе боздап, құлын қунап, Даланың төлі ойнақтап аяқтанған (Ж.Жабаев, Жаз) 2. Жігіттер ән салысып, күрес салып, ойын-сауық, қалжыңмен отырып, етті жеп, сорпа ішіп, қунап қалысты. (I.Жансүгіров, Жолдастар) 3. Таза ауаны еркінше жұтып, бойың көтеріліп, өзің мүлде қунап қаласың. Әлдеқайдағылар еске түседі. (Б.Майлин, Бисекеңнің үйінде) 4. Құлпырды кенді далам, гүлді далам, Жас өсіп, кәрі қунап, күлді анам (Т.Жароков, Жыр көмей) 5. Жылына неше мәрте туған жеріне барып, ауылдастарының, туған-туыстарының, дос-жарандарының ортасында болып, аунап-қунап қайтпаса көңілі көншімеген болар еді. (Ғ.Мұстафин, Естен кетпес есім) 6. Сергимін аунап-қунап көбе шөпте Шегіртке мен шіркейдің джазын тыңдап. (Ә.Кекілбайұлы, Жол жыры) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |