12:49
Көркем сөздің құдіреті

БОРКЕМІК

Бос, болбыр, осал, жасық.

Мысалдар:

1. Бой түзеген, боркемік.

Күлкі ғой, күйшіл, көңілшек!

(Д.Бабатайұлы, Замана сазы)

2. Соның өзiнде де мынау өңшең тоғышар, боркемiк ағайын жол нұсқап, жөн көрсете алмай iркiлiп отыр.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

3. Боздақтарын аттандырған шақтарда,

Боздап еді-ау боркемік боп қарттар да.

(М.Мақатаев, Неге жыламасын?!)

4. Бізге қиындықтан қорқатын боркемік жасықтардың керегі жоқ.

(Т.Ахтанов, Боран)

5. Әйел боркеміктеніп босап бара жатқан бойын тежеп, әп-сәтте-ақ өзіне-өзі келіп қалды.

(Ә.Кекілбайұлы, Бір шөкім бұлт)

6. Ешқашан ондай осал мінезін көрмегенімен, боркеміктігіне күмәнданбаған.

(М.Мағауин, Көк мұнар)

 

БҰЛА

Ерке, қағусыз өскен, еш бейнет көрмеген, еркін.

Мысалдар:

1. Аңқау өскен ер едім,

Бұла болып жасымда.

(Махамбет, Қаршыға деген бір құс бар)

2. Қырық бес шықтық кезеңге,

Маң-маң басып бұла аттай.

(Д.Бабатайұлы, Замана сазы)

3. Майда жал, қаз мойынды тобым қайда?

Бәрінен сыпырылдым бір-екі айда.

Үстіне жел шықпаса, адам шықпай,

Бұла өскен ая көзім қандай жайда.

(С.Торайғыров, Қайғы)

4. Соның сәнді киінген, бұла боп маңғазданған семіз, қызғылт сары мырзасы Темірғали төрде жібек орамалмен желпініп отыр.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

5. Мына толқын, бұла толқын, не сұмдық еді, о тегі,

Бабасының құны бар ма, сонша неге өш еді!

(Ә.Кекілбайұлы, Жол жыры)

 

ЗИПА

Көрікті, сымбатты, сұлу, бәденді, шырайлы.

Зипа бой — сұлу, бипаз мүсінді дене.

Мысалдар:

1. Зипа теректің басы иіліп-иіліп, жапырағы жамырап, жабыла жылап қалған.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 3 кітап)

2. Әсем асқар Алатаудың шыңындай,

Сұлу сындар зипа бойың есімде.

(С.Бегалин, Сол бір шақтар есімде)

3. Tәңip тәнті қылған зипа сымбатың

Ақылыңа iciн қылсын жалшының.

(Х.Ерғали, Сонеттер)

4. Меруерт біресе қуанышы зипа бойына сыймай, дауысы қоңыраудай сылдырлап күледі, біресе опық жеген жандай кенет томсырая қалады.

(І.Есенберлин, Көлеңкеңмен қорғай жүр)

5. Бірінші сұлулықтан мінез ойға, Жат өсек жанастырмай зипа бойға.

(Ә.Найманбайұлы өлеңінен)

6. Кірпияз қыран балдырлы, батпақты жердегі үйрекке түсіп, зипа бойын кірлеткісі келмейтін болар.

(Қ.Жұмаділов, Құзғынның өлімі)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 26 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: