11:01
Көркем сөздің құдіреті

БӨГУ

1. Тою, тоғаю, кенелу, қану;

2. Тым көп жеу/ішу, лықию.

Зат есімі: Бөгу — Сауын сиыр ауруы.

Мысалдар:

1. ─ Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың? — деп Сәбит табаққа қайтадан қол соза бастады.

─ Жемеймін! — дедім мен қатаң үнмен.

(Б.Момышұлы, Сарқыт)

2. Әсіресе балалары!.. Олардың көбі сүтке бөккен қозыдай томпиып, семіріп апты. Жұмысқа жарайтын адамдардың, бәрі де қызу іске кіріскен.

(С.Мұқанов, Өмір мектебі: 3 кітап)

3. Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,

Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

(Абай, Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ)

4. Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, кекірігі азғанша майға бөгіп жатқан.

(М.Әуезов, Қараш-қараш оқиғасы)

 

МЫҚ

Уақ, қысқа шеге; шегенің басқаша атауы.

Мысалдар:

1. Етікшілер істеген мығын көріп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне шейін кемдік көрмей өтіпті-міс.

(Ы.Алтынсарин, Білгеннің пайдасы)

2. Мен құдайдан жаудың шіріктерін емес, ірілерін тіледім. Бірақ тағдыр маған достардың алыптарын, дұшпандардың бақа-шаянын бұйыртты. Ал нағыз жауларды мен соғыста ғана көрдім.

Міне, Бауыржанның кредосы, ғұмырының мақсат - мұраты, мық шегесі.

(Ш.Мұртаза, Рух пен намыстың төресі)

3. Солай тәрбиеленіп өскен Асқар бұл күнде қандай аттың болса-дағы құлағында ойнайды. Әне, оның ерде отырысын қарашы, қаздитып қағып қойған мық шеге тәрізді.

(Б.Соқпақбаев, Бурыл ат)

4. Хан мына сөзінің тұсында екі көзін елшінің жанарына мық шегедей қадалтып шаншыла қарап тұрып алды.

Елші де тайсалмаған қалып танытты.

(Ә.Кекілбаев, Елең-алаң)

 

ҚАҢТАРУ

1. Суымай тұрып шөп жемеуі үшін аттың басын көтере кекжитіп байлау;

2. Аш қалдыру, азық бермеу.

Мысалдар:

1. Әзімбай атынан түсіп жайланып бел шешіп отыр. Өзгелері де осының ісін бастады. Аттарын тізгігінен қаңтарып қойып, шылбырларын жастанып, тегіс жата бастады.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

2. Торы шолақты қаңтарып, тұсап, көк құнанды оның мойнына байлады да, отырып кітап оқуға айналды. Кітапшаның аты «Тумыш» екен.

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

3. Жазы ыссы, қысы қақаған,

Шегеннің сойқан қаңтары.

Ашқызып аузын бақадай

Қояды малды қаңтарып.

(Ж.Молдағалиев, Жесір тағдыры: Теңдік жыры)

4. Бағила. Мен сендерді қаңтарып қойдым ба? Қуырдағым піспей. Қазір иіседі, оған дейін салқын тағаммен лекерлей тұрайық. Кәнекей.

(Т.Ахтанов, Махаббат мұңы)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: