11:10 Көркем сөздің құдіреті | |
АДУЫН 1. Ешкімді бетіне қаратпайтын, өр мінезді, өжет, қаһарлы, ызғарлы; 2. Қарқыны күшті, екпінді. Мысалдар: 1. Шәрипа өзiнен-өзi моюға айналды, бұрынғы адуын мінездi кемiткен сияқты болды. (Б.Майлин шығармасынан) 2. Адуынды, өжет адамның тұңғиық болғанын жеңгемнен көрдiм. (О.Бөкей, Үркер ауып барады) 3. Бір келеді жылы әуез, бір кетеді, (Жолағысы келмейді-ау тілге, тегі...) Алатаудың адуын ақ өзені, Бар аймақты барынша гулетеді. (М.Мақатаев, Ақ қайын әні) 3. Іштеріндегі ересегi Әбдiрахман бесiншi класта оқиды. Дене тұрпаты ұзын туралау, мiнезi адуындау ақ сұр бала. (Б.Соқпақбаев, Жекпе-жек)
САЯҚ 1. Салтаң, бойдақ, дара, жалғыз; 2. (көне.) Дүниеден безген адам, дуана, жиһанкез. Сөз тіркес: Некен-саяқ — сирек, бірен-саран, азын-аулақ. Мысалдар: 1. Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ: - Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ. Әуелде өзі көрген бар қысаны Сөйледі бірін қоймай бастан аяқ. (Абай, Әзім әңгімесі) 2. Желi бойындағы жылқылардың биелерiнен гөрi жарау, семiз, саяқ аттары көп. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 3. Болмаса кімдер кетсін жаннан кешкен, Кім барсын топан тауға мұздар көшкен. Әлемнің не данышпан саяқтары Өмір жоқ, ол тарапта жол жоқ деген. (І.Жансүгіров, Жорық) 4. Кісідегі ақымызды алып, теңдік көрдік. «Соқырдың тілегені екі көзі емес пе? Некен-саяқ жолсыздық болмай тұра ма? (Ж.Аймауытов, Қартқожа)
ҚҰНТЫҢДАУ Құнтың қағу, жеңіл, тез-тез қимылдау; бір істі атқаруға ықыласпен кірісу. Мысалдар: 1. Сөйтті де, үйге кіріп, әжесіне лау апаратындығын айтып, қамшы алып, белін буынып тысқа шықты. Қол-аяғы жерге тимей, құнтыңдап жүр. (Ж.Аймауытов, Қартқожа) 2. Арынғазы қу босқа домаланады, өтірік құнтыңдайды, шынына келгенде ол Алмастың университеттегі кешке бармағанына тілектес. (З.Қабдолов, Ұшқын)
3. Төрт жылдан бері өзімен бір жүріп, бір тұрып, көңілдес, сырлас боп кеткен досын Сәйфулла да қимай жүр. Мұса құнтыңдап, киім-кешегін ыңғайлап, көзі күлімдеп қуанып жүргенде, жанына келіп біраз тұрды да, оңаша шақырып алды. (Зейтін Ақышев, Жаяу Мұса) 4. Бір мезгіл әкенің сілтеген кетпенінің жарқ-жұрқ күнге шағылысына аңырып қарап қалады. Соған еліктей ме, құнтаңдап қайта кіріседі. (Мейірхан Қуанышбаев, Кек қылышы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |