22:56 Көркем сөздің құдіреті | |
МАНДЫМ 1. Өнім, мардым, (ауыс.) нәтиже; 2. Қарқын, екпін. Сын есім түрі: Мандымды — өнімді, нәтижелі, жарытқан (продуктивный, содержательный). Мысалдар: 1. Сіздің жеріңіз шығы таусылып, мандымы кетіп, күл беттеніп, құйынды шақырып, қуырып жатыр екен. (Ө.Тұрманжанов, Адам адамға дос) 2. Ол күні қонған үйінің иесінен және ауыл жігіттерінен де мандымды сөзге жарымай, ілгері жүріп кетті. (С.Сейфуллин, Бандыны қуған Хамит) 3. Күшті пікір болмаған жерде мандымды іс те болмайды. (Ж.Арыстанов, Сұңқар да жердi мекендейдi) 4. Күт деген бұрынғылар малдың астын, Малдың астын күтпесең мандымассың, Алдыңнан мал,үстіңнен үйің кетсе, Кеуек қып жата алмассың қардың астын. (Ә.Кекілбаев, Күй)
КІДІ 1. Өкпешіл, кілтиме, кірпияз, секемшіл; 2. Тік, өткір; 3. Шорт, шұғыл, кенет, оқыс. Мысалдар: 1. Ақындар – ерке халық, кіді халық, Шамдантсаң, бүркіт сөзбен бүруі анық. Абайлап сөйлескен жөн адуынмен, Аңқылдап, құлар жерін біліп алып. (М.Әлімбаев, Көңіл күні) 2. Бұлар сәл бір нәрседен секем алатын кіді тұқым еді... деп ойлады Әбілқайыр. (Ә. Кекілбаев, Үркер) 3. Сондықтан, қандай жағдайда да көлденең, кіді әңгімелерден бойымды аулақ салам. Санасыздық емес, арамдық емес, әдепкі сақтық. Және курстас балалардың ақ ниетімен қатар, аңғал танымын да кәміл көріп отырмын. Бой салып араласу – мәнсіз еді. (М.Мағауин, Әбіш екеуіміз) 4. Ақ тілеумен, үмітпен Ақты арманның өзені. Өтті қарап күдікпен Культтің кіді кезеңі. (Қ.Мырзалиев, Бұлбұл бағы)
ІЛКІ 1. Алғашқы, әуелгі, ең бірінші; 2. Бұрынғы, ертедегі, ілгергі. Сөз тіркестер: Ілкі бастан; ілкіалды; Ілкі түр (биол.) - Тіршіліктен ада табиғи не антропогендік текті өңірлерді тұңғыш мекендеуші түр. Мысалдар: 1. Ілкі уақытта станциядағы әскерлік бөлімде емші болушы еді, ол өткен жылы кетіп қалған. (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз) 2. Баяғы ең ілкі көргендегідей ұзын кірпіктерін қақпастан көздерін хакімнен асыра қарап тұр. (X. Есенжанов, Ақ Жайық) 3. Мен мұндағы балалардың ілкіде қатарлас түсіп, бірге жұмыстаған екі-үшеуінен басқасын танымаймын. (М.Мағауин, Әбіш екеуіміз) 4. «Күй», «Күйші», «Құлагер» дастандары шеберлік шыңымен болсын, інжу-маржан тілімен болсын шын мəніндегі біртуар, ілкіалды дүниелер ретінде төл əдебиетіміздің қымбат қазынасы, асыл мұрасы болып саналады. (Лениншіл жас газеті, 24.05.1974, 3) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |