00:25 Көркем сөздің құдіреті | |
ҚАҢҚУ Өсек, ғайбат, дақпырт, сыпсың сөз. Етістік түрі: Қаңқулау — өсектеу, сөз тасу. Мысалдар: 1. Ауруда — шаншу жаман, Сөзде — қаңқу жаман. (Мақал) 2. Жұрт сөзді онан əрі жаңыртқан жоқ, Қаңқулап, қағажулап қағытқан жоқ. Насырға шабатынын біліп жиын, Шаппаған бəйге басын ауыртқан жоқ. (І.Жансүгіров шығармасынан) 3. «Жақсылардың» бұл қаңқулап отырған Мүсірәлісі, құдасы келінін бермейтін болған соң, байдан жәрдем сұрай кеп отырған кісі еді. Партияда бес түндікті артынан ерте алмайтын, ағайынға сүйкімсіз, мал жанды, қарау адам еді. (Ж.Аймауытов, Ақбілек)
ЖҰҚАНА 1. Тұтас үлкен нәрседен, ескіден қалған қалдық, із; сарқын, тамтық; 2. Белгі, нышан, таңба; 3. Қарапайым, жұпыны, кедей, жүдеу. Мысалдар: 1. Ол қою қара топырақты будақтата аспанға көтеріп, ойылып, опырылып жатқан деревняның қаусаған жұқанасы үстімен шоқалақтап келеді. (Р.Райымқұлов, Бұрылыстар) 2. Тек кең сайға бүйірден қосылатын, қарсы беттегі шағын қолаттан бір кездегі адамзат мекені ескі қыстаудың жұқанасы – қисайса да құламаған жалғыз қабырға қарауытады. (М.Мағауин, Тазының өлімі) 3. Бойынан кірпияз, серіліктің де жұқанасы арылмаған. Үстінде шолақ жең барқыт бешпет, барқыт шалбар. (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті) 4. Жансүгір... әкем. Көзі тірі. Жылы — жылан. Биыл 71- де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. (І.Жансүгіров, Өмірбаяным)
КІРПИЯЗ 1. Тазалық сүйетін, ұқыпты, құнтты; 2. Талғампаз, кінәз, жиіркеншек, жиренгіш. Мысалдар: 1. Дәнеш плащын шешіп, босағада тұрған шкафқа ілді де, төрдегі айналмалы жұмсақ креслоға көміле барып отырды. Обалы, кәнеки, бұрынғы хатшының аса ұқыпты, кірпияз кісі болғаны көрініп тұр. (Қ. Жұмаділов, Сарыжайлау) 2. Шайхатты паң дейді, тәкаппар дейді. Түскен үйдің көрпе-төсегі мен дастарқанына қарап, қаралай тыжырынатын кірпияз дейді. (Ә.Кекілбаев, Автомобиль) 3. Ас алғамыз жоқ, қалауымызша қымыз келтірдік. Қырда өсіп, қымызға үйренген кісінің дәм-түйсігі кірпияз, қатесіз болса керек, мен бар мұратым орнына келгендей, рақаттана, сыздықтай сораптап отырмын, Әбіш маған сынай, жымия қарап қояды, келер мезетте: «Жақсы қымыз екен», – деді, әрине, шұбатына жетпейді, менің көңілім үшін айтқаны. (М.Мағауин, Әбіш екеуіміз [Естелік жазбалар]) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |