10:21 Көркем сөздің құдіреті | |
ДАУРЫҒУ 1. Дабырлап сөйлеу, шулау, дауыс көтеріп сөйлеу; 2. Лепіру, көпіру. Көбінше үстеу (даурыға, даурығып) я сын есім (даурыққан) түрінде қолданылынады. Зат есім түрі — даурық, яғни шу, дабыр. Мысалдар: 1. Осындай анық кедей-кепшіктен, қалың бұқарадан шыққан халық бүгін Абайды өз ұлындай масайрап тосқандай. Оны ортаға алып, қуана қоршап, даурыға амандасып, шын бейілмен құтты болсын айысты. 2. Абайдың үш жолдасы мына жаулардың титығы мүлде құрып бары жатқанын тез аңғарып, әдейі даурыға сөйледі. 3. Балалар, жас қыздар салған әндер келеді. Әредікте жас үнді күлкі, шапшаң әзіл, даурыққан үзік-үзік сөздер келеді. 4. Қалың жиынның даурығы басылған соң Казанцев бурыл мұрт астынан қатқылдау үнмен қысқа бұйрық айтты. (М.Әуезов, Абай жолы)
ДЕГБІР Төзім, шыдам, тағат, сабыр. Сын есім түрі: Дегбірсіз — шыдамсыз, сабырсыз, мазасыз. Етістік түрі: Дегбірлену яки Дегбірсіздену — мазасыздану, берекесіздену. Мысалдар: 1. Төзіміміз таусылып, дегбіріміз кеткенімен, директордың қас-қабағына қарап үн-түнсіз түйелі адамды күттік. Омбы қарды кешін, қалбалақтап, ол да жетті-ау әйтеуір. (С. Мәуленов шығармасынан) 2. Баймағамбет ашық қақпаның алдында дегбірсізденіп ауыздықтарын шайнап, жер тарпып тұрған аттарына және Абайға да сөйлеп тұр. – Қора қараңғы, қазір, қазір. Шам келсін! – деп әр сөзін жылдамдата қайталап, "қазір, қазір" – дейді. (М.Әуезов, Абай жолы) 3. Тыныштыққа кеудесін кере тосқан майор Мергенбаев қатты жүріп келе жатқан жеңіл мәшиненің алдыңғы жағына дегбірсіздене қарайды. (Қ.Қайсенов, Жау тылындағы бала)
НОҚАТ 1. Нүкте, кішкене қара дақ; 2. Бұршақ тұқымдас мәдени дақыл. Мысалдар: 1. Бір уақытта дөңгеленіп тұра қалып, бір ноқатқа қадалып, қанаттарын қалтыратып, әдемі, зарлы сұлу дауыспен жырды үзілтіп-үзілтіп, түйдек-түйдек тізбектейді. Сөйтіп, бозторғай мың құбылтып жырлайды... (С.Сейфуллин, Тар жол тайғақ кешу) 2. Адам баласының еңбек қып мәпелеп өсіріп отырған жоңышқасына да, арпа, бидай, тары, ноқат, бұршағына да ауыз салды. (Ө.Тұрманжанов шығармасынан) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |