ПӘКІЗЕ
- Таза, саф; 2) Пәк, кіршіксіз, бейкүнә.
Мысалдар:
- Енді бұрынғы біздерге уағда қылған Шолан деген жерлерге, екі жерге: Құм, Жиделі деген жайларда болса біздер барып жауап беруге таярмыз. Халқымыздың ортасы деп шақырдық. Жері жақсы: суы пәкізе жайларда жауап анықдары үшін. (Исатай Тайманұлының Орал әскери атаманына жазған хатынан)
- Малды пәкізелеп сойып, боқты-ішегіне дейін тазалап қоржынға салып алады. (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш)
- Оның үстіне тамақ ізірлеушіміз де анау-мынау адам емес, бір бәкізе [Ольганы айтады]. (Жекен Жұмаханов, Жазылмаған кітап)
- Сенің қалтаңдағы алтынның бәрі осындайдан жиналған болса, кәне, сендердің кереметтіктерің, бәкізеліктерің қайсы. (Сара Мыңжасарова, Қыр қыздары)
ОМАҚАСУ
- Мойны астына кете, жер сүзе құлау, жығылу, аударылу. 2) Сәтсіздікке ұшырау, күйреу.
Мысалдар:
- Қартқожа арт жағында келе жатып: «Ойпырым-ай!» - деді. Алдағылардың ірі омақаса жер қауып еді. (Ж.Аймауытов, Қартқожа)
- Бесбесбай да соғысқа қатты ашынып кеп, ызалана кіріскен еді. Алғашқы бетінде ол ұдайымен екі жылқышыны екі-ақ салып, бірі артынан бірін омақата түсірді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
- Оларды омақастыра құлату үшін ақынға ең алдымен ержүрек, өткір тіл, қапысыз қадалатын ұлы мысқыл, сарказм керек. (С.Мәуленов, Үркер төбеде тұр)
- Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақасады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, ынсапсыздығының зауалы – заң екен. (Ә.Нұршайықов, Махаббат қызық мол жылдар)
КӘР
- Қаһар, ашу, ыза, зәр. 2) Ауырпалық, қиыншылық, таршылық.
Сөз тіркестер:
Кәр тігу – қатулану, шүйілу;
Кәрге міну / Кәр төгу/көрсету – ашулану, қаһарлану;
Кәрге ілігу/ұшырау – ашуға тап болу, қаһарға килігу;
Кәрді қайтару – ашуды басу.
Мысалдар:
- Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды. (Ж.Аймауытов, Ақбілек)
- – Семейдің оязы кәрін тігіп, шақырту жіберіп, Абайды осында алдырып отыр. (М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)
- Әсіресе, Петров пен Колтунов деген семинарияның оқытушысы, екеуі тұра күжілдеп, жұлқынып бізге кәрлерін төкті. (С.Сейфуллин, Тар жол, тайғақ кешу)
- Тәңірінің кәріне ұшырамай тұрғанда кетелікші тезірек. Мынау келе жатқан нөсер де тегін емес, - деді үшінші дауыс. (Ә.Сәрсенбаев, Толқында туғандар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|