11:34
Көркем сөздің құдіреті

БИПАЗ

  1. Биязы, кербез, майда, сыпайы; 2) Икемді, оңтайлы, епті, шебер.

Бипаздау – мәнеріне келтіру, әдемілеп істеу.

Мысалдар:

  1. Сол бір мамыр айының көбелегіндей ошақ басы мен үй арасында көлбеңдеп жүрген жас әйелдердің қай қимылы да бипаз, паң, әдемі. (Ә.Кекілбаев, Үркер)
  2. Сол сияқты, бұл мекенжайда да тұрмыс-тірлік мейлінше бай, сән-салтанатпен реттеліп қойылыпты. Сол себепті де мұндағы әмір алғашқы сәтінен-ақ бапты да бипаз, қызықты болып көрінді. (А.Дюма, Граф Монте-Кристо /Ә.Жұмабаев, Қ.Жұмағалиев тәржімасында/)
  3. Жаңа жеңгемнің ісмер бипаз қолы жыртық-жәутік ескі бұйымдарды да қағып-сілкіп, жамап-жасқап жаңғыртып, тәртіптен кәдеге жарата бастады. (Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)
  4. Ащы темекісін бипаздап тартпағанда, Ықаң енді не бітіреді? Қой, ықаң байғұсты не қыласыз? (Ж.Аймауытов, Ақбілек)

 

ЫҒЫР

Беймазалық, заразап, қажалған жер я мүйізгек

Көбінше етістіктерге тіркесіп қолданылады:

Ығыр болу / ету / қылу – мезі ету, мазаны алу, тыныштық бермеу

Ығыры шығу – мазасы, тыныштығы кету

Мысалдар:

  1. Бірақ, әйтеуір, кеше ел шауып ығыр қып отырған Құнанбай өз ықтиярынсыздуанға шақыртылып кетіп отыр. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)
  2. Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім,

Өлеңім он төрт жастан жолдас едің

Бай, сұпы, хан-хакімнен ығыр болсаң,

Сен – өлең, мен – Қашаған болмас едім.

(Қашаған Күржіманұлы, Есқали сұпыға айтқаны)

  1. Сахнаға аңтарылып,

Есінеді айналып сырт,

Деді: «Мұның бәрі тозды;

Балет мені ығыр қылды,

Дидло мені жалықтырды».

(І.Жансүгіров, Евгений Онегин)

4. Сонда да кірпік ілер түрі жоқ: ой ма, уайым ба, әйтеуір аяқ астынан қонылтақси қалған көңілді кісіні ығыр ететін мазасыз абыржу бар. (З.Қабдолов, Жалын)

 

КӨСІЛУ

  1. Жылқының бауырын жазып, құйғыта шабуы; 2) Аяқты созу, жайылу; 3) Еркін қимылдау.

Тұрақты тіркес: Көрпеңе қарай көсіл – шамаңа қарап амал істе.

Мысалдар:

  1. – О жез тұяқ, көсіл, көсіліңкіре! Жүре алмасаң саған серт, жүргізе алмасам маған серт! – деп шеткі атқа шүйіле түсіп. (Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер)
  2. – Иә, - деп келіншек көзі бажырайып, көсілген аяғын жиып алып, қарай қалды. (Ж.Аймауытов, Ақбілек)
  3. О да жаңағыдай зеки сөйлеген үн ажарды аңдай отырып, Абай алдында шешіліп, көсіле алмады. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
  4. Көрпеңе қарай көсіл, - деді Қайназар күліп, - қазір біз үй біткеннің бәрін патша сарайларына айналдыра алмаймыз. (І.Есенберлин, Махаббат мейрамы)
  5. Дастарқан басында отырып,

Қонақ аяғын алысқа көсілмес.

(Мақал)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 387 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: