00:26
Ислам және медицина

ПСИХОЛОГИЯ vs ДІН

«Психология» терминінің өзі грек тілінен шыққан, сөзбе-сөз «жан туралы ғылым» деп аударылған. Қазір адамдардың жаны көп зардап шегіп жатыр. Негізгі ауыртпашылықтар жанға, рухқа түсуде. Себебі стресстік жағдайлардың жалпы өсуі, әлеуметтік теңсіздік, адамгершіліктің төмендеуі – мұның бәрі адамдардың бір-бірінен алшақтауына әкеледі, ашушаңдықты және басқа да көптеген жағымсыз құбылыстарды тудырады. Әрине, мұның басты себебі – адамның өзін рухани тұрғыда жоғалтуы, жалған құндылықтар мен мұраттарды ұстануы. Бұқаралық ақпарат құралдары жалған стереотиптерді үнемі үгіттейді, жылтырақ өмірді насихаттайды. Ғасыр бұрын жақсы мінез-құлық пен әдеп, ар-намыс басты құндылық болса, қазір бұл құндылықтар ескінің сарқыншағы, архаизмнің қалдықтары санала бастады. Ал нашар мінез-құлық пен жиіркеніш тудыратын, ұятсыз іс-әрекеттер сән мен өркендеу уақыты деп қабылданатын болды. Материалдық ресурстар үшін адамдар бір-бірін жұлып жеуге дейін барады, өзара туыстық байланыстарды үзу, адамгершілік қасиеттен жұрдай болу қалыпты жағдайға айналды. Тағы бір маңызды проблема – бұл отбасы институтының күйреуі, ажырасулардың көбеюі. Отбасы кез келген қоғамның құрамдас бөлігі екенін белгілі және сол отбасының ыдырауы сөзсіз қоғамға әсер етеді. Бұл мәселені шешуге көмектесетін түзету, диагностика және қалпына келтіру құралдарының арсеналы – психология. Әрине, мұсылмандар үшін психология дініміздің нормаларына қаншалықты сәйкес келетінін немесе қайшы келетінін білу өте маңызды. Өкінішке қарай, бұл сұраққа нақты жауап жоқ, өйткені химия, физика, биология немесе кез келген басқа ғылымның пайдасы мен зияны туралы да нақты айту мүмкін емес.

Психология да басқа ғылымдар сияқты, тек құрал. Ал бұл құрал кімнің қолында болатынына, оларды кім басқаратындығына және ниетіне байланысты болмақ. Біреулер психология мен Ислам үйлесімсіз десе, енді біреулер психология мен дін бір терінің пұшпағын илеп жүр дегенге әкеледі. Мұндағы пікірталастарды төмендегідей өрбітуге болады: психология адамның ойларын, сезімдерін, ниеттерін зерттейді, адамның мінез-құлқы мен қабылдауына әсер ету құралдарын дамытады. Әрине, ғылым дамыған сайын жаңа ұғымдар мен теориялар да пайда болады. Олардың кейбіреулері Ислам шариғатына сәйкес келмеуі мүмкін, тіпті кейбір жерлерде қайшы келіп те жатады. Негізінен, бұл қайшылықтар кейбір авторлық теорияларда, адам туралы басқа ғылымдардың мәліметтеріне негізделмеген теорияларда байқалады. Мысалы, Зигмунд Фрейд, Джунг, Гроф жәе басқалардың теориялары бүгінгі күнге дейін түсініксіз болып табылады. Фрейдтің іліміне келер болсақ, оның шығармаларын оқып қана қоймай, қандай да бір қорытынды жасау мүмкін емес, оың әдістемесін түсіну үшін бұл идеяға қалай келгенін білу маңызды. Фрейдтің көптеген постулаттары шындық нормаларынан ауытқығанын көрсетеді. Осы себепті мұндай теориялар академиялық психология аясында қалуы керек, бірақ көпшілікке жария ету әбестік. Біз мұсылмандар осы тәртіпке көбірек көңіл бөліп, оны зерттеп, зерделеп, «Иманымызға нұқсан келмей ме, күдік пен күмән ұялатпай ма?» деген сауал қоя білуіміз қажет.

Жалпы психология ғылымы мен Ислам діні арасында байланыс баяғыдан бары белгілі. Бірақ толыққанды деп айтуға да ауыз бармайды. Өмірлік тәжірибеде байқағанымыздай, тақуа, иманды, рухани жан дүниесі бай адамдардың психологқа көрініп жүргенін аңдамаймыз. Негізі, психологтардың кейбірі рухани әлем, жан дүние деген ұғымдарға шорқақ. Күмән мен күдікке толы. Себебі батыстан келген пәрменмен жүретін ғылымдардың барлығы дерлік материализм мен атеизм платформасына негізделген деп бұдан бұрын да айтылған. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 43 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: