21:11 Ислам және медицина | |
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ - ТӘФӘККУР Тәфәккур – адамның ойлануы. Не жайында? Адамның өзінің өткенін, жасаған күләраны ойлап, ой елегінен өткізуі. Сонымен қатар махлұқаттарды, жаратылысты, ғаламды ойлау арқылы өзінің мүшкіл екендігін түсіну. Құдай жаратқан нәрселерден ғибрат алу. Терең ойлану, яғни тәфәккур – дінімізде аса маңызды бір ғибадаттардың бірі десек болады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Тәфәккурдың (терең ойлану, ой жүгірту) бір сағаты мың жыл жасаған нәпіл ғибадаттан да артық». Өзіміздің денсаулығымызды бір сәт ойлайықшы. Мысалы, қолымызға зер салсақ, саусақтарымыз болмағанда, бір нәрсені ұстау қаншалықты қиын болар еді, тіпті саусақтағы тырнақ болмағанда ше? Онда затты ұстау мүмкін болмас еді. Тырнақты әр өскен сайын қайшымен қырқып тастаймыз. Тырнақ сияқты тісіміз де үздіксіз өсетін болса не болар еді? Шашымыз өсіп кететін болса да, қас пен кірпіктің өспейтіні қалай? сол сияқты көзіміз болмағанда жағдайымыз қалай болар еді? Қазақта: «Қара көзден нұр тайса, Айналаң қара түн болар. Екі аяқтан әл кетсе, Қарға адым мұң болар» деп тегіннен-тегін айтылмағаны белгілі. Көзіңізді жұмып қанша қадам баса аласыз? Адам өз денесінің қандай керемет фабрика екенінен еш хабары жоқ. Тек тыныс алуының өзі үлкен химиялық реакция. Ауадан алынған оттегі денеде жағылғаннан кейін көмірқышқыл газы күйінде сыртқа шығарылады. Асқорыту жүйесі үлкен бір зауыт десе де болады. Ауыз арқылы кірген азық пен сусындар асқазан мен ішектерде бөлшектеніп, үгітілгеннен кейін денеге пайдалы бөлігі аш ішектерде сүзіліп, қанға араласады. Бұл құбылыс автоматты түрде және үлкен тәртіппен орындалады. Бауырды алып зертхана десек еш қателеспеспіз. Ағзаға сырттан кірген улы заттарды зарарсыздандырып, өте күрделі формулалы заттарды түзетін, әртүрлі химиялық реакцияларды шығаратын, анализ жасайтын, реттейтін, фильтрациялайтын, сүзгіден өткізетін, пайдалы-пайдасыз деп бөліп отыратын қасиет қайдан келді? Кім бұл үздіксіз механизмдерді жаратқан? Орталық жүйке жүйесінен тарайтын мінсіз электр жүйесі тоқ шығаратын генератор іспетті емес пе? Әр секунд сайын мидан өтетін импульстер компьютер секілді, хабар беру құрылғысы, жарық, дыбыс қабылдау, реттеу механизмдері мен түрлі тірліктерді атқаратын тетіктерді басқару, пәрмен беру сияқты алып желілік жүйенің жаратушысы бар болмаса қайдан шықты? Ал жүрек тоқтамастан жүріп тұрған мотор емей немене? «Жүрекке әмір жүрмейді» деп бекер айтпаған, «жүректі қалаған уақытта емдеп, қалаған уақытында іске қосам» деген ойыңыз әсте іске аспайды. Себебі Алла Тағала жүрекке автоматты сипат берген, яғни ол үздіксіз, үзіліссіз әрі дамылсыз жұмыс жасап тұрады. Адамдар үшін бұл нығметтің қадірін ұғу, осы құдіреттердің құнын өлшеу мүмкін емес. Сол себепті барлық жағдайда Алланың рақымын іздеуге бағытталған ойлар, оныңұлылығын тану мен адамның әлсіздігін сезінуі, жалпы ойланудың барлығы да ғибадаттың бір түрі болып табылады. Бұл «Құдайсыз қурай сынбайды» дегенді білдіреді. Шаршау синдромы артық ақпаратпен, негативпен миды толтырып, жүректі дүниеауи нәрселерге байлағаннан да болады. Үмметтің сарыуайымға салынып, қажетсіз ойлардан зардап шегіп жүргенінің кесірі де созылмалы шаршауға шалдықтырады. Сахабалардай «алланың кәләмін қалай түсінсем екен, дінді қалай таратсам екен» деп қам жеудің орнына, қам-қарекеттің жоқтығынан бойкүйездікке салынады. Құранда: «олардың жүректерінде дерт бар. Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. (Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» (2.10), - делінген. Аллаға деген иманды қу дүниемен алмастырмай, Тәңірі Тағаладан берілген энергияны текке кетірмей, уақытты бос өткізбей, Алла жолына арнағанда ғана ойымыз оңалып, сергек өмір сүреміз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |