11:16
Ислам және медицина

СОЗЫЛМАЛЫ ШАРШАУ СИНДРОМЫ

Дүниежүзінде дендеп келе жатқан тағы бір аты белгілі болғанмен, заты белгісіз кесел – «шаршау» синдромы. Құлаққа күлкілі естілгенімен, шаршаудың да кесел екенін уақыт өте келе мамандар мойындады. Жай ғана шаршау емес, созылмалы түрі. Стресс, жан азабы, сарыуайым, қайғы-қасірет, рух дефициті сияқты әсер етуші күштер мен факторлар жылдар бойы жиналып, адамды қажытып, ерік-жігерін таптап, еңсесін түсіріп, өмірден түңілтіп, құлазытады.

Ғылыми тұрғыда айтар болсақ, созылмалы шаршау белгісі – қазіргі уақытта ең көп тарап жатқан аурулардың бірі. Оның дамуы негізінен ірі қалалардағы қазіргі заманның өмір ерекшеліктеріне, дамыған елдерде өмір сүру түріне және қолайсыз санитарлық-экологиялық жағдайға, сондай-ақ адамдардағы шамадан тыс эмоционалдық және психикалық стресстен туындайды. Бұл – орта таптың ауруы. Синдром 25-45 жастағы адамдарда (көбіне әйелдерде) кездеседі. Олар ұзақ уақыт бойы интеллектуалды жүктемемен жұмыс істейді, сондай-ақ жұмыстағы стресс те әсер етеді. Мысалы, созылмалы шаршау синдромының объектілері: медициналық мамандар, әуе диспетчерлері, апаттық қызметтердегі операторлар, компаниялардың директорлары, қызметкерлері, өзгелердің өмірі үшін жауапкершілікке байланысты болғандқытан, осы дертке душар болады екен. Байқасаңыз, жалқау, енжар емес, белсенді адамдарда да созылмалы шаршау болады.

Ауру өз биоритмін шатастырған, күн режимін тым өрескел өзгерткен жандарда жиі кездеседі. Сандарға сәйкес, қазір бұл синдромға 100000 адамға шаққанда шамамен әр 10-шы адам шалдыққан, бірақ бұл тек ресми санақ, шынайы көрсеткіші әлдеқайда жоғары.

Пайда болу тарихына зер салсақ, ең алғаш 1984 жылы дәрігер Пол Яейни (Невада штаты, АҚШ) 200-ден астам белгісіз ауру адамды өз ауруханасына қабылдайды. Байқаса, барлық науқас депрессияға, үнемі нашар көңіл-күйде жүр және олар бұлшықеттерінің әлсіздігіне шағымданған. Бірқатар дәрігерлер мұны жаппай «истерия» деп санаған, бірақ Чейни әрбір жағдайды жеке-жеке қарастырып, содан осы «созылмалы шаршау синдромы» диагнозы пайда болды. Оның клиникалық белгілеріне: үнемі шаршап жүру, бұлшықет әлсіреуі, шамасыздық, дімкәстік, ұйқышылдық, тәбеттің төмендеуі, бас айналуы жатады. Ең қызығы, адам таңертең жақсы ниетпен күшті әрі қарқынды түрде жұмыс бастап кетеді де, түс ауа құты қашып, ештеңеге ниеті болмай, ырықсыздыққа бірден бой алдырып, кенеттен шаршау сезімі бойын билейді екен.

Негізі, бұл сөздің астарына дұрыстап зер салсақ, рухсыздық біз айтқан рух дефицитінің кесірінен туындаған. Әйтпесе дүниенің қызығы ақша болатын болса, бизнесмендер мен бай-бағландар неге осы зауалдан зардап шегуде өмірдің мәні мансап болса, бастықтар мен небір директорлар да осы кесапаттың кесірінен құтыла алмай жүр. Біз әсте Алланың әу баста бізді жаратқан мақсатынан тайқып, мистериямызды ұмыттық. Ол – Алланы тану және Аллаға ғана құлшылық ету болатын. енді бұл ауруды емдеу үшін мамандар мынаны ұсынады:

- Психологпен, психотерапевтпен үнемі кеңес;

- Неврологтың бақылауында болу;

- Аутотренинг жүргізу;

- Физиотерапия, физикалық жаттығулар жасау;

- Массаж,

- Гидротерапия, сумен сылану;

- Душқа, жылы ваннаға түсу;

- Дұрыс тамақтану,

- Уақтылы демалыс;

- Толыққанды ұйқы (8 сағаттан кем емес);

- Физикалық түрде шаршау;

- Йога тәжірибесін жасау;

- Фитнес пен пилатеспен айналысу;

- Гимнастика;

- Ән салу, би билеу;

- Тыныс алу жаттығулары.

Бұл кеңестер жақсы әрине, дегенмен адамдар мұның әрқайсысының пайдалы екенін біле тұра, толық орындай бермейді. Сол себепті ем нәтиже бермейді.

«Мен Алланың құлымын» дейтін мұсылманда шаршау я шалдығу деген болмайды. Себебі мұсылман адам үнемі уағыз-насихат тыңдаумен рухани кеңейіп, құлшылықпен қуаттанып, оразамен ағзасын тазалап, қажылыққа барып, садақа-зекетін беріп, қадір-қасиеті молаяды. Алланың қасиетті кітабы Құран Кәрімді оқыған сайын ішкі рухани әлемі байып, иләхи нұрмен, энергиямен сусындайды. Өзінің күн тәртібін бес уақыт намазбен жоспарласа, күндізгі ұйқыны пайғамбардың қайлуләсімен, түнгі ұйқысын құптан намазынан кейін құп көрсе, дене қимыл-қозғалысымен қарқынды айналысса, тамақтану әдебін Пайғамбарымыз сияқты ораза-аштықпен реттесе, шаршаудың ауылы алыста болады. Әрине, мұсылман рухын кірлетсе, Құранның фәйізімен жүрек шөлін қандырмаса, құлшылық хушумен (Алла Тағаладан қорқумен) оқылмаса, иманы ихсан дәрежесіне жетпесе, пайғамбар хадисінен тәмсіл алып, сүннетімен өмір сүрмесе, олар да шаршау синдромына шалдығуы әбден мүмкін.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 60 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: