09:28 Ислам және медицина | |
КЕШІРІМДІ БОЛУ – КЕҢДІК Кешірімді болу – адам бойындағы ең жақсы қасиет. Дінімізде үлкен-кішіге бірдей құрметпен, ізгілік тұрғысынан қарау ләзім. Кісінің қателіктері, өрескел істері мен зиянды іс-әрекеттері анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, залалды істерінің мән-жайын түсіндіру, кеңшілік көрсету – кешірімділік болып саналады. Қазіргі таңда адамдардың кейбірі кешірімділікті «кісі мінезінің жуастығынан, әлсіздігінен я болмаса қорыққандығынан» деп түсінеді. Кейбір жандар өзара ренішті кешіргенімен, жүрегінде бәрібір ренжіскен адамына өшпенділік тұрады. Яғни тілмен кешіріп, жүректе кек сақтайды. Адам мұндай жағдайда өзіне залал келтіреді. Кешірімді болу – саған деген жамандықтың, зәбір-залалдың бәрін жүректе сақтамай кешіру, көңілден өшіру. Кешіре білу отбасы мүшелерін салауатты өмір сүруге жетелейді. Кешірім – адамдардың арасындағы сүйіспеншілікті, махаббатты нығайтады. Пенделер бір-бірімен араз болса, арадағы кірбіңді жүректегі кешірім жуады, оларды бір-бірімен қайта қауыштырады. Кешірім арқылы алыстап кеткен жандардың арасы жақындайды. Бір-біріне күмәнмен қарағандардың күмәні жойылады. Кешірім деген бірін-бірі жек көретіндердің амалын босқа шығарып достастырады. Құран Кәрімде «жазалау» сөзі 117 рет келсе, «кешірімді болу», «кешіру» жайлы 2 есе көп айтылған, яғни 234 рет кездеседі. Бұл көрсеткіш Құран Кәрімнің жазалаудан гөрі кешірімділікті ту ететінін дәлелдей түседі. Исламда бауырмалдық, кешірім ең жақсы істер саналады. Бұл жайлы Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» (7:199). Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншіліген бөлейтіндігі баяндалған: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (3:134). Кешірімділік туралы хадис шәрифтерде де. «Алла разылығы үшін кешірген адамның дәрежесін Алла Өзі көтереді» (Мүслім). «Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, марқұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге) сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз» (Суюти). Енді кешірімділіктің медициналық тұрғыда ағзаға берер пайдалары қандай екенін тізбелейік. 1) Қан қысымын төмендетеді. Ашушаң адам «эмоциялық соққыға» жиі ұрынады. Мұндайда қан қысымын өлшеткен жөн. Мамандардың айтуынша: «Егер басқалар сізді ренжітсе немесе сізге дөрекілік көрсетсе, кеңпейілділікпен кешіре білсеңіз, ашуыңыз басылып, қан қысымының да қалыпты болады»; 2) Жүрек ырғағын орнықтырады. Әдетте адамдардың жүрегі 60-89 рет соғады. Ашуланған кезде, әсіресе, біреумен ұрсысқан кезде жүректің ырғағы жиілеп, жүрек қызметі ауырлайды. Сондықтан кешірімді болу жүрек қызметін қалпына түсіріп, көңіл-күйді қалпына келтіреді; 3) Арақ пен темекіден арылтады. Кейбіреулер қатты ашуланса, темекі тартып, арақ ішіп, іш құсадан арылғысы келеді, бұл – денсаулыққа зиян. Ең жақсысы кешірімді болып, көңіліңізді кеңге салсаңыз, мәселенің оңай шешілері хақ; 4) күйіктен, мұң-шерден арылтады. Адам біреуді кешірген кезде кортизол деңгейі төмендеді екен. Ғалымдар ішіндегі өкпе-назы туралы айтып отырған бірнеше адамның реакциясын бақылаған. Ал толерантты көзқарастағы адамдар аз күйзелетін көрінеді, 5) Ауырғанды басады, жүрекпен кешіру арқылы физикалық ауырлықтан арыламыз. Денсаулығымыз қайта қалпына келеді. Арқасы ауыратынын науқастар өзін ренжіткен адамдарды кешірген соң денсаулықтары айтарлықтай жақсарып қалғанын айтқан, яғни кешірім мен адамның жай-күйінің арасында үлкен байланыс бар. Кешірім мен төзімділік жан дүниемізді мүжіп біткен талай дерттің дауасы болатынын әбден сенімді болдық. Сол себепті біз Алла Тағала «Фуссилат» сүресінің 34-аятында көрсеткен жолмен жүруіміз қажет: «Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досына айналғанын көресің». Расында, қазақтың мақал-мәтелдерінде: «Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік – данадан», «Жақсылыққа – жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа – жақсылық ер кісінің ісі», «Таспен атқанды аспен ат», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп осы бір асыл қасиеттерді бойға сіңіруді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |