21:44 Ислам және медицина | |||
ЖҮРЕК ДЕГЕН ЖҰДЫРЫҚТАЙ КЕСЕК ЕТ Жүрек – иман мен күпірліктің мекені. Адамшершіліктің діңгегі, ілтипат пен ыстық махаббаттың соңғы аялдамасы. Алланың нұры қоныстайтын тұрақ. Жүрек – достық пен қастықтың, ықылас пен ұжданның, жақсылық пен жамандықтың барометрі. Пенденің барлық ағзасына кіріп, шарлап шығатын шайтан, тек қана кеуде тұстағы жұдырықтай қызыл етке кіре алмайды екен. Жаратқанның жарылқауымен ықыласты пендесінің жүрегіне әзәзілдің уәсуәсасы зәредей де әсер етпейді екен. Адам баласының мейіріммен, жылылыққа, сезімге толы, қуанышты да, жақсылықты да сезіп тұратын ең алапат мүше ол – қызыл ұлпа. Жүрек – басқарушы штаб. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы штаб-пәтерге бағынады, осы орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекендесе, адам мінезінен имансыздық пен арсыз қасиеттер байқалады. Яғни жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы. Құран-Кәрімде жүрек жайында 132 жерде айтылған екен. Бұл жүректің қаншалықты маңызды екенін айрықша аңғартса керек. Сондай-ақ, Алла Тағала адам баласының иманды немесе имансыз, екіжүзді немесе күнәһар болуының басты себебі оның жүрегінде не жатқандығына назар аударады. Құран-Кәрімде: «Ол күні (қияет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (26:88-89). «Сау жүрек» сөзінің мағынасын алғашқы буын сәләф-салихтері «күпірлік пен күнәһарлықтан аман», «ширк пен шүбәдан арылған», «Алланың Хақ екендігіне, қияметтің күмәнсіз болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілуге иман келтірген», «түрлі рухани дерттерден айыққан» және «жаман мінез-құлықтан арылып, көркем мінез-құлықпен безенген жүрек» деп түсіндірген. Сау жүрек әлбетте Аллаға ғана мойынсынады. Құран ол жайында: «Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаға қарай жән-тәнімен бет бұрған, әмірлеріне мойынсынған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және «қалбун мунибпен» (Аллаға бет алған жүрекпен) келген пенделерге арналған» (50:32-33). Мойынсынған әрі орныққан жүрек – мүміннің санасын кеміріп, көкейіне түрлі арам ой салып, мазасын қашыратын уәсуәсә-азғырулардан құтылып, тыныштық тапқан, яғни нық иман орныққан жүрек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Абай болыңдар! Денеде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, барлық дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, барлық дене бұзылады. Расында, ол – жүрек» (бұхари) – деп ескертуі де адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады. Жан адамды жүрек арқылы билейді. Жүрек аса сезімтал: көреді, естиді, сөйлейді және талдайды, зерделейді, түйіндейді, шешім қабылдайды. Жүрек неғұрлым иманды, ілтипатты, ізгілік пен игі істерді өзіне жиған сайын, адамның іс-әрекеті де соған сай болары сөзсіз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |