22:50 Имандылық ишараттары | |
28. Дүниенің бес уәжіне білімнің 5 жауабы Бір күні дүние өзінің жарқырған сыртқы көрінісіне тамсанып, кербезденіп, дандайсып білімнің алдынан шығады. Оған білім жанашыр ұстаз ретінде қарап былай дейді: «Бұл қуанышың келбетің және сұлулығыңмен ғана шектеледі. Сырты жылтыр, іші түтін болғандардың жағдайы не боларын білемісің? Расында, жыланның терісі жұмсақ болғанымен, бұрылып улы тілін сұққанда зиян берері сөзсіз. Сырттай тәтті көрінген нәрсенің көбісі ащы болады. Білімсіз дүниенің не пайдасы бар? ақылды, данышпандарды қызықтырмаған нәрсе сені қалай адастырып кеткеніне назар салмадың ба? 1) Дүние: - Адамдар қолдарында болғаныма мақтанса және қанша дүние тапса да, арттырудан жалқыпаса неге мақтанбасқа? Білім: - Бұлқандай мақтаныш, қандай даңқ? Атақ-даңқтың барлығы біліммен болмаса қор болатынын білмейсің бе? Қарунның жиған дүниесі басына бәле болды. Тіпті, оның орнында болуды қалағандар ондай болмағанына қатты қуанды. Сократ кедей болатын. Патшалардың бірі оған: «Қалай кедей болып жүрсің?» - дейді. Сонда ол: «Егер кедейліктің ләззатын білгеніңде маған бұлай жанашырлық танытқаннан гөрі өзіңе жаның ашитын еді. Кедейлік – есеп беруге міндетті емес дүние», - деп жауап берген екен. Данышпандардың бірі: «Кімде-кім қайғысының азайғанын қаласа, онда шығындалып жұмсайтын дүниесін азайтсын», - дейді. Адамды уайымға ұшырататын жақсы көрген нәрсесінен айырылуы және талап еткен нәрсесінің жойылуы. Ибн Руми: «Кім жаманшылықты көрмеуді қаласа, онда жоғалатын нәрсені мүлік етіп ұстамасын», - дейді. 2) Дүние: - Бірақ мені екім жоққа шығара алмайды. Адам баласы дүниеден бас тартқанымен мен олардың жүрегінде қала беремін. Әбу Сүлеймен әд-Дәрани: «әрбір нәрсеге жол таба білдім. Алайда мына алтын мен күмісті жүрегімнен шығаруға айла таба алмадым» деген. Ибн Жәузи: «Нәпсі дүниенің барында күш-қуатына енеді. Оған дәрігердің көзімен қарасаң (дүние) дәрі болады», - дейді. Білім: - Сен Құран аяттарына назар сал. Өзіңнің дәрежеңді қанша жерде көтергеніне және білім мен білім иелерін қанша жерде мадқатағанына қара. Алланың Өзінен басқа құдайдың жоқтығына куәлік ретінде Өзі мен періштелерден кейін ғалымдарды атап өтуі білімнің қандай артықшылыққа ие екендігіне дәлел. Ол туралы Құранда: «Алла Өзінен басқа құдайдың жоқ екендігіне куәлік береді және періштелер мен білім иелері де (куәлік береді). Ол – әділетті орнатушы» («Әл Имран» сүресі, 18-аят), - дейді. Данышпандардың бірі: «Білім – қараңғылықты сейілтетін шамшырақ, соқырлықты жоятын нұр. Жағымпаздану – білім алудан басқа жағдайда айыпталған. Ашкөздік – білім талап етуден басқа істерде жаман саналған. Күншілдік – білімнен басқа істерде тыйым салынған», - дейді. Аплатон: «Білім – нәпсінің шамшырағы. Ол надандықтың қараңғылығын жояды. Егер осы шамшырақтан басқа қосатын шырғаың болса қоса ғой», - дейді. Құранның алғашқы түскен аяты «оқы» деп басталды. Бұл ислам дінінің білім алуға баса мән беретіндігін аңғартады. Құранда: «Сондай, жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Ғәлақ» сүресі, 1-аят) – дейді. Одан кейін дүние туралы айтады: «Сөз жоқ, адам баласы, әрине, азады. Ол, өзін мұңсыз көргендіктен» («Ғәлақ» сүресі, 6-7-аяттар). Бұл жерде білімнің дәрежесін көтеріп, адамдарға дүниенің бүлігінен сақтану керектігін ескерткен. 3) Дүние: - Алла Тағала мені «хайр» (жақсылық) деп атады. Құранда: «Және қайырдан жұмсағандарың да өздерің үшін» («Бақара» сүресі, 272-аят) деген. Бұны неге ескермейміңдер? Білім: - Мен бұны назардан тыс қалдырған жоқпын. Әрине, бір нәрсенің өзі жақсы болуы мүмкін. Алайда адамдар оны көбіне жамандыққа пайдаланатындықтан жаман саналады. Сол үшін Алла оның бүлігінен аулақ болуға шақырған. Ол туралы: «Әрі мал-мүліктерің мен балаларыңның бір сынақ екенін және Алланың дәргейінде ұлы сый бар екенін біліңдер» («Әнфал» сүресі, 2-аят), - дейді. Яхия ибн Муғаз: «Дирһам – шаян тәрізді, оның (уын қайтаруға) дем салуды білмесең алма. Егер ол шағатын болса заһарынан өлесің», - дейді. Сонда жанындағылар: «Оның дем салуы қалай болады», - деп сұрайды. Ол: «Адал жолмен кәсіп етіп, өз орнына жұмсау», - деп жауап береді. Имам Ғазали: «Дүние – уы мен уға қарсы емі бар жылан тәрізді. Оның пайдасы – емдік мақсатта қолданылуы, зияны – уы. Кім оның пайдасы мен зиянын білсе, жамандығынан алшақтайды, жақсылығын қажетіне жаратады», - дейді. 4) Дүние: - Алла Тағала Құранда: «Мал-мүлік, балалар – дүние тіршілігінің әшекейі» («Кәһф» сүресі, 46-аят), - деп мені дүние тіршілігінің сәніне балағанына не айтасың? Білім: - Сен одан кейінгі аяттарды оқы. Онда: «Ал бақилық ізгіліктер Раббыңның құзырында сауабы жағынан да, (ақыреттен) үміт ету тұрғысынан да қайырлы» («Кәһф» сүресі, 46-аят) деген. Сосын дүние жайында: «Дүние – тіршілігінің сәні», - деді. Ол жай сән, құнды нәрсе емес. Алла Тағала білімді арттыруға шақырып: «Және: «Раббым! Білімімді арттыр!» - деп айт», - дейді. Ал дүние жайында: «Егер Алла құлдарына ризықты жайып (көбейтіп) жіберсе, олар жер бетінде сөзсіз бұзақылық қылар еді» («Шура» сүресі, 27-аят), - дейді. 5) Дүние: - Егер сен айтқандай болса, неге Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрі (Алла) сені (уа, Мұхаммед!) кедей күйінде тауып, байытпады ма?» («Дұха»сүресі, 8-аят) – деді. Сондай-ақ бәни Исрайылға, Сүлеймен пайғамбарға, т.б. мүлік, дүние берілгендігі айтылған. Зуһд деген дүниені тастау емес, жүрекке кірізбеу емес пе? Сол үшін: «Дүние қолыңда болып жүрегіңе кірмесе, қанша көп болса да саған зияны болмайды. Ал жүрегіңе кірсе, тіпті қолыңда еш нәрсе болмаса да саған кесірі тиеді» деген. Тіпті ғалымдар: «Қазы қарны аш кезде немесе қатты шөлдеп тұрғанда шешім шығармасын» деген. Білім: - Иә, дүниені жақсы көру адам баласының табиғатында бар. дүниені жақсы көргені үшін оны ешкім айыптамайды. Бірақ оның ақысын өтеп, шүкіршілік етіп жатқандар шамалы. Дүниенің ләззатына кіріп, мұқтаждарды ұмытып, тіпті оларға тәкаппарлана қарайтындар қаншама?! Дәулетті кісі дүниені мақтану, тәкаппарлану, көбейту мақсатында емес, Алла разы болған істерге жұмсап, діні мен абыройын сақтаса мақтауға лайық болады. Сағид ибн Мусиб: «Туыстық қарым-қатынастынығайту, аманатты өтеу және өзгелерге мұқтаж болмау үшін дүниені жақсы көрмеген адамнан қайыр жоқ», - дейді. Ол өлім төсегінде жатқанда динарларын (ақша) тастап: «Уа, Раббым! Расында, Сен бұл дүниені дінімді және абыройымды қорғау үшін жинағанымды білесің» деген екен. Сүйеніп отырған білім орнығып отырып, сөзін былай түйіндейді: «Білім – ізгіліктің іргетасы, кемелдіктің қайнар көзі. Дүние – құрал іспеттес, оны жақсылыққа қолданса жақсылық, жамандыққа пайдаланса қасірет әкеледі. Біздің міндетіміз – өркениет құруда, ізгі амал істеуде, тыйым салған нәрселерден тыйылуда білім мен дүниені құрал ретінде пайдалану. Сонда білім мен дүние бірін-бірі толықтырып, бір-біріне қайшы келмейді. Десе де білім дүниеден артық. Өйткені, ол – Пайғамбарлардың мирасы, ал дүние – перғауындардың мұрасы. Білім сені қорғайды, ал дүниені сен қорғайсың. Дүниені жұмсасаң, таусылады. Ал білімді қанша жұмсасаң да таусылмайды, керісінше арта түседі. Дүниені Алла Тағала кез келген құлына береді, білімді тек сүйген құлына ғана береді». Мұндай жауапты естіген дүние білімнің басынан сүйіп: «Алла саған жар болсын. Расында, сен маған жарық сыйлайтын нұр, қараңғылықтан құтқаратын жол нұсқаушы жұлдыз, жамандықтан тыйып, қауіп-қатерден сақтайтын ақылшым болдың», - деп өз жөнімен кете барады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
