20:24
Имандылық ишараттары

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР

Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Туылған нәрестемен сүйіншілеу. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік» («Хаж» сүресі, 67-аят) [1], - дейді.

Айт кететін бір жәйт – мұсылмандық салттар әлдебір ырымға, адамға қатысты пайда болмаған, керісінше, бұл пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүрлер. Бұл дәстүрлердің негізінде Жаратушы Хақ тағаланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, Оның жаратушылық сипатын мойындау жатыр, ал пенде өзінің пендешілік дәрменсіздігі мен әлжуаздығын қабылдау керек. Мысалы, дінімізде нәресте туылған кезде сүйіншілеп қуандыру, құттықтау айту дәстүрі бар. Оған дәлел – Құран Кәрім аяттарындағы Аллаһ тағала тарапынан жіберілген періштелердің Ибраһим, Зәкәрия сынды пайғамбарларды ізгі ұрпақпен сүйіншілегендігі туралы хабары.

Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келгені туралы қуанышты хабарды оның көкесі Әбу Ләһәбқа күңі Суәйба сүйіншілеп жеткізеді. Осы хабарды жеткізген кезде Әбу Ләһәб Суәйбаны күңдіктен босатып, азат етті. Имам Бұхари риуаят еткен хадисте осы бір жақсы ісі үшін әрбір дүйсенбі күні Әбу Ләһәбтің азабы сәл жеңілдетілетіні айтылған.

Жалпы, қазақ халқында да осындай дәстүрлердің қалыптасуы, яғни хабар жеткізушіге сүйіншілік сый-сияпат беру осы аят-хадистер аясында шариғатпен құпталатындығына дәлел болса керек.

Тахник жасау, яғни баланың таңдайын тәтті нәрсемен сүрту.

Тахник сөзі «құрманы шайнап, сонымен нәрестенің таңдайын сүрту» дегенді білдіреді. Шайналған құрманы саусақтың үстіне қойып, нәрестенің аузына салып, таңдайына жағып, уқалау. Егер құрма табылмаса, басқа да тәтті нәрсені қолдануға болады. Таңдай уқалаудағы мақсат – жаңа туған нәрестенің ауыз бұлшық еттерін нығайтып, емшек емуге дайындау болуы мүмкін. Бұл амалды салихалы тақуа, діндар адамдарға яки болмаса білімді ізгі кісілерге тапсырған дұрыс.

Сахаба Әбу Мұса әл-Ашһари өзінің ұлы туылғанда оны (с.ғ.с.) оның атын Ибраһим деп қойып, бір құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды.

Сондай-ақ, Әнәс ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Талханың ұлы туылғанда бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің аузына салып, таңдайын уқалаған. Содан кейін баланың атын Абдуллаһ деп қойған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 399 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: