19:38
Имандылық ишараттары

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР

Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Ата-ана перзентіне жақсы тәрбие беруі ләзім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес» (Тирмизи, 33).

Сондықтан, ата-ана, ең әуелі, баланың жүрегіне, санасына Аллаһ тағалаға деген сенімін орнықтыруы қажет. Өйткені, олар Аллаһ тағаланың аманаты. Ең бастысы, олардың жандарын, ішкі дүниелерін пайдалы білімдер мен ақиқат танымдар арқылы тәрбиелеп, оларды мақтаулы мінез-құлықтарға баулып, жаман қылықтардан сақтандыру қажет. Себебі, балаларды көркем әдептерге баулу – оларға бұл дүниеде алтын-күміс, тағы басқа сол сияқты түрлі дүниелік бұйымдарды сыйға тартудан әлдеқайда артық. Яғни, көркем әдептер мен мінез-құлықтар олардың мәртебесін көтеріп, бақытқа кенелтеді. Құран Кәрімде айтылғандай Лұқман пайғамбар (ғ.с.) баласына мынадай өсиет еткен еді: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй, ұлым! Аллаһқа серік қоспа! Күдіксіз серік қосу үлкен зұлымдық, - деді. – Әй, ұлым! Тарының салмағындай болса да, бір жартастың ішінде болса да, көктерде не жерде болса да, Аллаһ оны қиямет күні келтіреді. Расында, Аллаһ өте жұмсақ, толық білуші. Әй, ұлым! Намазады толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып қырындама да, жерде кердеңдеп жүрме. Шынында, Аллаһ бүкіл даңдайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да. Дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 13-19 аяттар).

Сосын баланың жүрегіне иман сенімін орнықтырғаннан кейін оларға намаз үйретіп, әрі намаз оқуларын қадағалау қажет. Себебі, Аллаһ Құранда былай дейді: «Отбасыңа намаз оқуды әмір ет және өзің де оған көңіл бөл» («Таха» сүресі, 132-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Бала жеті жасына келгенде оған намаз үйретіңдер. Он жасына толғанда намаз үйрету үшін керек болса, ұрып қойыңдар», - деген (Тирмизи, Мауақиф 182).

Яғни, баланы жас кезінен бастап жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты үйретіп, әрбір іс-әрекетін осылайша орындауға дағдыландыру керек. Сол үшін ата-ана перзентіне барлық әдептілікті үйретіп, әрі өздері де дұрыс үлгіде болуы тиіс. Өзі намаз оқымай баласына намаз оқы десе, ішімдіктің харам екендігін, оның денсаулыққа зиян екендігін айтып, бірақ, өзі мұны орындамайтын болса, мұндай ата-анадан бала қандай тәрбие алатыны айтпаса да түсінікті болар. Құран кәрімде: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер жуан денелі, қатал. Олар Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды» («Тахрим» сүресі, 6-аят).

Ата-ана баласының алдында әурет жерлерін жауып және жаман сөз сөйлеуден сақ болғаны жөн. Ата-ана балаларының көз алдарында, тіпті, үй ішінде болса да әурет жерлерін жабатын киімдер кигені дұрыс. Сондай-ақ, оларға жастайынан бөлек бөлме әзірлеп, өздерінің жатын бөлмелеріне рұқсатсыз кірмеуді үйретуі қажет. Өйткені, Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер, әлі ер жетпеген балаларың, осы үш мезгілде (қастарыңа) рұқсат сұрап кірсін. Таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан (түнгі) намазынан кейін. Сендер үшін осы үш уақыт ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де, оларға да айып емес. Өйткені, сендер бір-біріңе кіріп, шығуларыңа керексіңдер. Осылайша Аллаһ сендерге аяттарын баян етеді. Аллаһ толық білуші, хикмет иесі» («Нұр» сүресі, 58-аят).

Сонымен қатар, ата-ана бір мәселе жайында әңгімелесетін болса, балаларының көзінше әңгімелеспегені абзал. Әсіресе, бала алдында дөрекі сөйлеуден, біреуді балағаттаудан сақтанғаны жөн. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ата-ана отбасында үлгілі, әдепті болуы тиіс. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 462 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Ancwnoha  
0
https://m-dnc.com/vd/robert-b.-weide-movies

Имя *:
Email *:
Код *: