19:35 Имандылық ишараттары | |
БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті. Бала тәрбиесін о баста, яғни ана құрсағына түспей тұрып тәрбиелеуіміз қажет. Дәлірек айтқанда, ата-ана балаға ниеттенген кезден-ақ «бісмілләмен» бастауы керек. Осыған байланысты, кейбір мұсылман елдерінде бұзық, нашақор, тәрбиесіз туған балалардың дүниеге келуін «бісмілләсіз» болған жағдайдың куәсі деп келтіреді. Яғни, ондай балалардың ата-анасы оларды дүниеге әкелер кезде «бісмілләні» айтатын болса, мұндай жағдайларға тап болмас еді, керісінше, дені-басы сау, ақылды, зерек, жақсы перзент дүниеге келер еді дегенді алға тартады. Сондықтан, Ислам әдебінде әрбір қайырлы іс үшін «бісмілләні» айтуды өте маңызды деп санаған. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бісміллә – әрбір жақсы істердің кілті. Бісмілләсіз іс берекесіз», - деген. Сол үшін, ең алдымен, әдепке көңіл бөлу керек. Әйтпесе, көзі бар ағашты жону қиынға соғады. Нәрестенің құлағына азан айту. Нәресте туылған соң оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту керек. Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте Фатима анамыз Хасанды босанған кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсетінде: «Кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жамандық келмейді», - деген. Басқа бір риуаятта былай делінген: «Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан шақырған». Мұсылман ғұламаларының пайымдауларынша, аталмыш дәстүрдің хикмет-сырларына үңілер болсақ, мынадай мағыналарды байқаймыз. Адам баласының дүниеге келген кездегі ең бірінші еститіні Раббының ұлылығын паш ететін азан даусы, шәһәдәт-куәлік сөзі болуы тиіс екендігін білдіреді. Куәлік сөзінің өлім халінде жатқан адамның құлағына айтылатыны сияқты дүние есігін жаңа ашқан нәрестеген де дініміздің осынау маңызды рәмізін құлағына құюмен бастау. Бір жағынан, азан сөздері нәрестенің құлағына кіріп, жүрегіне жетіп, бойын баурап алса, одан артық қандай бақыт керек! Нәрестеге азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында жатыр. Өйткені әзәзіл нәрестені туылғанша бақылайды. Ал әрбір пенденің жанында болатын қосақ-шайтаны нәресте туылып, оған алғаш келген сәттен-ақ азанның даусын естіп құты қашып, жеңіледі. Осылайша жаңа туылған адам баласын шайтанның өзінің ертпек болған әрекеті түкке аспай, салы суға кетеді. Азан айтудың енді бір сыры – нәрестені Аллаһқа құлшылық етуге, хақ діні – Исламға шақыру болып табылады. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 2 | |
| |