17:32 Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы | |
2004 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың он екінші біріншілігінің ақтық жарыстары 12 маусым – 4 шілде аралығында Португалияның Брага, Гимарайнш, Порту, Авейру, Коимбра, Лейрия, Лиссабон, Фару, Лоле қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сон алты құрама команда қатысты. Төрт командадан төрт топ, әр топтан озып шыққан екі команда ширек финалға шығады, одан кейін олимпиялық жүйемен түзілді. Португал алаңдарында өткізілген отыз бір кездесуді 1156743 жанкүйер тамашалады. Жиыны 77 доп қақпа торында тулады. 2004 жылғы Еуропа біріншілігінің сенсациясы көп болды. Грекия құрамасы ойламаған жерден жеңімпаз атанды. Бұған дейін бұл құраманың сапында жаһандық деңгейдегі жұлдызды ойыншылар болған емес және атаулы құрама екі-ақ рет құрлық біріншілігінің ақтық жарыстарына қатысты. Бразилиялық маман Луис Филиппе Сколари жаттықтырған һәм мінсіз ойын көрсеткен Португалия құрамасының ақтық ойынға шығатыны әуелден-ақ болжанса, жұмбаққа толы Грекия құрамасының осынау деңгейге дейін жететініне ешкім сенбеп еді. Неміс маманы Отто Рехагель жаттықтырған гректер сондайма шебер ойын өрнегім көрсетпегенмен, нақты нәтижеге бағытталған, орын-орнымен бағдарламаланған ойын тактикасын тиімді қолданды. Бастапқы бетте мамандар да, жанкүйерлер де бұны таңданыс ретінде қабылдаса, кейіннен оны «сенсация» деп әспеттеді. Күтпеген жайттар топтық кезеңнен-ақ басталды. Азуы алты қарыс Испания құрама командасының ширек финалдық жолды португалдықтар мен гректерге беріп қоятынын кім ойлаған? Өйткені біріншілік басталмас бұрын испандықтарды мамандар фавориттер қатарына жатқызған. Итальяндық команданың топтық кезеңнен аса алмауы неге тұрады! «Скуадра адзурре» ширек финалдық жолды викингтер ұрпақтары – Швеция және Дания құрамаларына беруге мәжбүр болды. Топтан шығып алған шведтер, даттықтарға қарағанда, ақтық ойынға дейін жетуге сондай дәмелі еді. Әсіресе 33 жасар Хенрик Ларссонның дәмесі зор еді. Дегенмен Дик Адвокаат жаттықтырған мықты Голландия құрамасынан айласын асыра алмаған шведтер жарыс жолын тоқтатты. Сәл кейіндеу голландықтарды португалдықтар жеңіп, ақтық ойынға шықты. Өз топтарынан аса қиналмай шыққан француздар мен ағылшындар плей-офф кезеңінде болашақ финалистерден жеңіліп қалды. Германия құрамасы аса тартысты ойында Нидерланды құрамасымен тең ойнады да, келесі ойында Александр Старков жаттықтырған Латвия құрамасының қақпасына бірде-бір гол соға алмай, діңкелері құрыды. Топтық кезеңнің үшінші ойынында Чехия құрама командасынан 1:2 есебімен ұтылып қалған Руди Феллердің шәкірттері жарыс жолынан шығып қалды. Неміс футболшыларынан мұндай масқараны жанкүйерлері еш күтпеп еді. Драмаға толы біріншілік классикалық драматургия қағидаттарына сай түрде мәресіне жетті. Ақтық ойында өзара кездесумен құрлық біріншілігін ашқан құрама командалар кездесті. Керемет ойын өрнегін түзген португалдық ойыншылар Паулета, Роналду, Поштига төрт бірдей грек қорғаушыларына бірден тап болып, шабуылда ештеңе өңдіре алмады ақыры. Ал эллин ұрпақтары тасқынға тосқын болып тұра білді. Өздеріне қажетті голды да соқты. Ақыры жеңіске қол жеткізді. Осылайша алдағы төрт жылға Еуропада ең мықты футбол құрама командасы атағына ие болды. Бір сөзбен айтқанда, шабытты шабуылды бразилдік модельдің орнын құрыштай мықты неміс қорғанысы басты. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |