17:31 Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы | |
2000 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың он бірінші біріншілігінің ақтық жарыстары 10 маусым – 2 шілде аралығында Бельгияның Брюгге, Брюссель, Льеж, Шарлеруа қалаларында және Нидерландының Амстердам, Арнем, Роттердам, Эйндховен қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сон алты құрама команда қатысты. Төрт командадан төрт топ, әр топтан озып шыққан екі команда ширек финалға шығады, одан кейін олимпиялық жүйемен түзілді. Бельгия һәм Голландия алаңдарында өткізілген отыз бір кездесуді 1102950 жанкүйер тамашалады. Жиыны 85 доп қақпа торында тулады. Еуро – 2000 соңғы кезде тамашасымен есте қалған біріншіліктің бірі болды. Соғылған голдардың саны еселеп өсті, командалар шабуылды ойын өрнегімен көзге түсті, ойламаған жерде бой көрсеткен қателіктер мен сенсациялар болды. Біріншіліктің ең басты ашылуына Португалия құрамасын жатқызған жөн. Топтық кезеңде олар барлық ойында жеңіске жетті: Англияны 3:2, Румынияны 1:0, Германияны 3:0 есептерімен тізе бүктірді. Ширек финалда Түркияны жеңді. Тек жартылай финалда ғана Франциядан қосымша уақыт аяқталуға 3 минут қалғанда он бір метрлік айып соққысынан гол жіберіп алып, ұтылуға мәжбүр болды. Түркия құрамасының ойыны да күтпеген әсер қалдырды. Өз футбол тарихында түріктер құрлық біріншілігінің ширек финалына дейін жетті. Түрік ойыншысы Хакан Шүкірдің жасындай жарқыраған кезі бұл. Франция – Португалия арасындағы жартылай финалда овертайм аяқталуға үш минут қалғанда Зидан соққан голдың арқасында ақтық кездесуге жолдаманы Франция құрамасы алды. Екінші жартылай финал болмай жатып, мамандар Голландия құрамасын біріншілік жеңімпазы ретінде көріп те қойды. Бірақ Италия құрамасының қақпасына Франк де Бур және Патрик Клюйверт екі бірдей он бір метрлік айып соққысын соға алмауы бар армандының күл-паршасын шығарды. Ақтық ойында кездескен Франция және Италия арасындағы ойында фаворит саналған құрама жеңске жетті. Негізгі уақыттың ең соңында итальян қақпашысы Франческо Тольдо өрескел қателігі ойынды қосымша уақытқа шегеріп тастады. Француздарға жеңісті шабуылшылар Сильвэн Вильтор мен Давид Трезегенің дәл соққылары алып берді. Франция құрама командасы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы тәжін басынан жоғары көтерді. Еуро – 2000-ды қорытындылағанда, біріншіден, оған қатысқан құрамалардың деңгейі тең болды, оған дәлел ойынның соңына дейін не бел, не белбеу кеткенше тартысты талас орын алды, екіншіден, Еуропа біріншілігінде қатысушы командалардың басым бөлігі шабуылда белсенділік һәм әсіре баса-көктеу танытты, қорғанысқа айтарлықтай салмақ түсті. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |