17:30 Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы | |
1996 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың оныншы біріншілігінің ақтық жарыстары 8-30 маусым аралығында Англияның Бирмингем, Лидс, Ливерпуль, Лондон, Манчестер, Ноттингем, Ньюкасл, Шеффилд қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сон алты құрама команда қатысты. Төрт командадан төрт топ, әр топтан озып шыққан екі команда ширек финалға шығады, одан кейін олимпиялық жүйемен түзілді. Англия алаңдарында өткізілген отыз бір кездесуді 1276171 жанкүйер тамашалады. Жиыны 64 доп қақпа торында тулады. 1996 жылғы Еуропа біріншілігі жаңашылдық жағынан рекордты болды. Біріншіден, ақтық жарыстарға қатысатын құрамалар саны бірден екі есеге ұлғайды. Екіншіден, футболдық Еуропа КСРО және Югославиның ыдырауының айтарлықтай аңғарды: футбол картасында оннан аса жаңа мемлекеттер пайда болды. Ең соңында, Англияда алтын гол (тең ойын жағдайында ойын жеңіс голына дейін ғана созылады) ережесі тұңғыш рет қолданылды. Соңғы жаңашылдық ақтық кездесуде жүзеге асырылды. Неміс ойыншысы Оливер Бирхоффтың Чехия құрамасының қақпасына соққан голы шынымен-ақ алтынға баланып, Германия құрамасына біріншіліктің тәжін әкелді. Жартылай финалға Франция, Чехия, Германия, Англия құрамалары өтті. Бұл төрттіктің ішінде чехтердің болуы бір қарағаннан кездейсоқтық болып көрінуі мүмкін. Ширек финалда олар Португалия құрамасын шашы ұзын ойыншысы Карел Поборскидің соққан жалғыз голы арқасында жеңді. Жалпы алғанда, Бергер, Недвед, Бейбл, Поборски сынды жас жұлдыздары бар Чехия құрамасы Еуро – 1996-ның ең басты ашылуы болды. Жартылай финалда чехтерді француздар күтті. Тартысты болған кездесуде командалар 120 минут ішінде қақпаға доп дарыта алмады. Он бір метрлік айып соққысы сериясында чехтердің жолы болды. Екінші жартылай финалда біріншілік қожайындары Англия құрамасы және Германия құрамасы өзара тартысқа түсті. Ағылшындар есепті бірінші болып ашқанына қарамастан, жеңіске жетелер есепті сақтай алмады. Немістер өз сапындағы ардагер ойыншы Штефан Кунцтің соққан голымен жауап қайтарды. Қосымша уақытта қарсыластар жеңіс голын соға алмады. Тағы да он бір метрлік айып соққысы сериясына жүгінуге тура келді. Ағылшын ойыншысы Гарет Саутгейттің мүлт кеткен соққысы Германия құрамасын ақтық ойынға алып шықты. Сонымен, «Уэмбли» стадионында Германия және Чехия құрамалары ақтық ойында кездесті. Кездесудің 58-минутында итальяндық төреші Пайретто чех Поборски мен неміс Заммердің қимылында ереженің бұзылуын аңғарды да, он бір метрлік айып соққысын белгіледі. Патрик Бергердің соққысынан соң, Чехия есеп ашып, алға шықты. Осыдан соң неміс жаттықтырушысы Фогтс алаңға Бирхоффті шығарды. Алты минут өткеннен кейін ол, Бирхофф, Цигенің айып соққысынан әуелете берген пасын ұтымды пайдаланып, баспен қақпаға гол соғып, есепті теңестірді. Негізгі уақыт осы есеппен аяқталды. Ал қосымша уақыттың бес минутынан соң жанкүйерлер Бирхоффтің орындауындағы уәде етілген «алтын голдың» куәгерлері болды. Осындай жеңіске қол жеткізген Германия осымен үшінші мәрте кәрі құрлықтың жеңімпазы атанды. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |