17:20
ҰБТ - 2014

«АЛТЫН БЕЛГІМЕН» АПТАЛДЫҚ

Бәрекелді, Айгерім! Оқуға деген үздік талпынысымен он бір жылдық білімнің басты сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде барлық пән бойынша жиналған ұпай саны көрсеткіштері нәтижесінде жоғары бағаға ие болған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің биылғы түлегі Айгерім Тлектесова «Алтын белгіге» және үздік үлгідегі аттестатқа бірдей қол жеткізді! Биылғы жылдың 2 маусымында Павлодар мемлекеттік педагогикалық ғимаратындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде оқу жылының басты сынағын тапсырған лебяжілік түлектер ішінде осынау ауыз толтырып, көңілді марқайтып айтатындай көрсеткіш айқындалды. Он бір жыл бойында кілең бестік бағаға оқыған Айгерім оқу жылы басынан-ақ «Алтын белгіге» үміткерлер қатарында болды. Тыңғылықты дайындықтың, ұдайы ізденістің, діттеген мақсатқұмарлық арқасында осынау аламаннан шығып қалмай, тегеурінді жігер, талмас шабыттың өзгеге үлгі боларлық үлгісін көрсетті. Мектеп ішіндегі үзбей әзірлікпен ғана шектелмеген ол аймақ орталығындағы мықты деген оқытушылардың да алдын көрді. Сондай қиналған сәтте де сыр бермей, дана Абайдың «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей өз қомақты жемісті жеңісін моншақтап та, бұршақтап та жинады. Абырой болғанда, маңдай терін төккен еңбегі арқасында үздік нәтижеге қол жеткізіп, «Алтын белгіні» алқалау деңгейіне көтеріліп отыр. Аудан түлектері қатарында биылғы ҰБТ тапсырған бесқарағайлық түлектердің көрсеткіштері қуантарлық. Бейресмиленген көрсеткіштер бойынша орта есеппен 82,3 ұпай қорын еншілеген Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мектеп бітірушілері аудан бойынша үшінші орында тұр екен. Ал Ардақ Даулетов, Орынгүл Белгібаева, Мадина Аубакирова сынды түлектер тестілеу нәтижесі бойынша 84 пен 97 аралығындағы ұпай жинап, барлық пәннен «үздік-жақсы» бағаларға иелік етті. Сонымен бірге «қанағаттарлықсыз» бағаға ілігіп қалған оқушы жоқ. Жалпы жеті оқушының алтауы (85,7 пайызы) мемлекеттік білім гранты байқауына қатысуға мүмкіндік беретін талапты 50 ұпайлық белесті бағындырды. Жекелей кәсіптік пәндер бойынша ағылшын тілінен 22 ұпай алған Айгерім Тлектесованың, физика пәнінен 22 баллды бағындырған Ардақ Даулетовтің көрсеткіштері көз сүйсіндіреді. Таразыласақ, биылғы ҰБТ көрсеткіштерімен бесқарағайлық түлектердің жоғары я арнаулы орта оқу орындарына грант арқылы тегін оқуға түсуге мүмкіндіктері әлеуетті. Ендігі мақсат – салмақты да дұрыс кәсіптік таңдау жасау. Былтырғы ҰБТ көрсеткіштерімен салыстырғанда биылғы нәтиже әлдеқайда жоғары. Айталық, 69,9 бен 82,3-тің арасында ат шаптырымдай айырмашылық бар ғой әлбетте. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің қазіргі ғимаратының елу екі жылдық тарихында «Алтын белгі» көрсеткіші бұрын-соңды тіркелмеген екен. 2000 жылы мектеп түлегі Аспандияр Әлкеев, ал 2003 жылы үш бірдей мектеп бітіруші Қаламқас Ибрагимова, Айнұр Сламбекова, Бахтияр Түсіпов үздік үлгідегі қызыл түсті аттестаттарға қол жеткізді. Енді міне аға-әпкелерінің асыл жолын өкшелеген Айгерім Тлектесова үздік үлгідегі аттестатпен бірге «Алтын белгіні» омыраулайды. Болашақта халықаралық қатынастар саласының білдей маманы болуға талпынып отырған мақтанышымыз Айгерімге барлық тілектерінің орындалуына жолы ашық болсын демекпіз. Үкілеген үмітіміз ақталды. Он бір жыл бойы бағып-қаққан мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің, ата-әжесінің, әке-анасының, туған-туысқандарының, дос-жарандарының, құрбы-құрдастарының, көшелес-ауылдастарының қуанышында шек жоқ бүгінде. Осынау биік белесті, асқар асуды адал еңдегімен бағындырған Айгерім Бауыржанқызы Тлектесованың жолын кейінгі толқын боп еріп келе жатқан басқа да үміткерлер жалғастырсын. Бәрекелді, Айгерім!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1151 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: