16:26 Білімдену белестері | |
МАМАНДАРМЕН МОБИЛЬДЕНУ
МАШАҚАТЫ Не керек, бір айдан соң кез келген жалпы орта білім беретін оқу орнында
сыңғырлаған күміс қоңыраудың алғашқы үнімен оқу жылының жаңа маусымы ашылады.
Осынау үрдіс-үдеріс жылдар жылнамасында жаңылған емес. Бойына жаздың үш айын
жиған демалыс кезінде оқушылар қозғалысында дамыл болсашы: қоныс аудара көшіп
кеткені я оқуға түскені болса, оқу іздеп өзге елді мекеннен келгендер де бар.
Сонымен қатар педагогикалық ұжым құрамында да әлдеқандай өзгерістер де орын алады.
Басқасы басқа, ал ауылды елді мекендердегі мектептер үшін қажетті пән
мұғалімдерімен, тәрбиешілермен һәс басқа қажетті мамандармен тез арада
жабдықталу мәселесі кесе көлденең жатып алады. Дегенмен бұл тығырықтан шығатын
жолды қарастыру мектеп әкімшілігінің мойнына артылады. Соңғы кезде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша мамандар
тапшылығы алаңдатуда. Нақтыласақ, математика, физика, химия пәндерін оқытатын
мұғалімдер аса қажет. Оның үстіне жаңа жалпыға міндетті білім стандарты бойынша
математиканы оқытуға апталық сағаттар саны артып отыр. Педагогикалық мамандарды түлетіп отырған жоғары һәм арнаулы орта оқу
орындары қазіргі таңда бір пәннен ғана сабақ жүргізуге құқылы мамандар
шығарады. Ал кезінде кем дегенде екі өзара тақырыптық-әдістемелік жақындығы бар
пәндерді оқытуға рұқсат етілген мамандар дайындаған-ды. Айталық, физика-математика, химия-биология, тарих-география және т.с.с. Қалай болған күнде де кей мұғалімдер дипломдағы пән мамандығына жоғарыда
айтылғандай «туыстығы» бар пән бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтіп,
сертификаттары арқылы апталық жүктемелерін толықтырып алды. Оның үстіне шет-шалғайдағы
ауыл мектептеріне жас мамандар келіп, тұрақтауы некен-саяқ. Сағат саны қажетті
апталық жүктемеге жетпей қалады. Кезінде бұған көз жұма қараған да. Дегенмен
қазір бұндайға заң жүзінде жол жабылды. Өйткені Қазақстан Республикасы Білім
және Ғылым министрлігіне қарасты білім саласын бақылау комитетінің аймақтық
Департаменттері мектепті лицензиялау кезінде пәнді жүргізуді нақты пәндік
дипломы бар маман ғана жүргізуге құқылы екендігін қатаң түрде талап етті. Заман талабына сай өзін-өзі тану пәнін оқыту кең етек жайды. Оның үстіне
аталмыш пән жұмыс оқу жоспарының инвариантты компоненттегі жылжымайтын міндетті
оқытылатын пәндер қатарынан ойып тұрып орын алды. Бірақ та осынау тақырыптық
аясы әмбебап пәнді кез келген пән мұғалімі біліктілік арттыру курстарында алған
сертификаттары арқылы ғана оқытуда. Бір жақсысы, соңғы кезде бұл пәнді ғана
оқытатын мамандарды педагогикалық оқу орындары жатпай-тұрмай дайындауда. Мүмкін
нақты мамандардың заманалық тың легі сонда ортаны толтырар. Дегенмен осы сұрақ
әлі де басы ашылмаған қалпында қалуда. Осы күндері факультативтік курс ретінде міндеттеліп отырған дінтану
негіздері пәнін оқытумен айналысатын мамандар жағы да бұлыңғыр. Кім һәм қай
пәннін маманы бұл курсты оқыту керектігін дәлме-дәл ешкім айта алмас. Көп
жағдайда бұны тарих пәні мамандарына артып қояды. Қайсы жол жөн?! Сонымен қатар мектеп жанындағы шағын орталықтарға, жеке отау тіге ашылып жатқан
бала бақшаларға нақты мамандық дипломы бар тәрбиешілер әлі де тапшы. Сөз жоқ, мектеп басшысы өз қарамағындағы педагогикалық ұжымды қажетті деген
дипломдалған мамандармен жасақтау ісіне әлдеқашан қолға алды. Ат шаптырып аймақ
орталығы Павлодарға да, күншығыс жақтағы Семей шаһарына да мамандарды тарту
жұмысымен барды. Көзбен көріп, тапсырыс та жасады. Ендігі жерде үкілеп кеткен,
үміт артқан жас мамандарды босағадан күту қалып отыр. Тек келетін жас мамандар
ұзағынан тұрақтап қалса екен. Алдағы уақытта бұл мәселе шырмауықтай шырмамаса
екен. Тілеріміз сол, мамандармен мобильдену машақаты артық рет мазаламасын. Бегімхан
КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай
ЖОББМ оқу істері меңгерушісі, Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |